«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Шындықтың шырақшысы өтті өмірден…

0 44

Нұрсұлтан Назарбаев Шерхан Мұртазаның қайтыс болуына байланысты туған-туыстары мен жақындарына көңіл айту жеделхатын жолдады.

Мемлекет басшысы Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Шерхан Мұртазаның қайтыс болғаны туралы хабарды зор күйзеліспен қабылдады.
«Шерхан Мұртаза бүкіл ғұмырын төл әдебиетіміз бен мәдениетіміздің дамуына арнаған біртуар азамат, қазақтың мұңын мұңдап, жоғын жоқтаған нар тұлғалы қаламгер, қарымды қоғам қайраткері болды. Ұлт руханиятында өзіндік қолтаңбасы бар заңғар жазушы соңына мол мұра, өрісті өнеге қалдырды.
Шерхан Мұртаза қазақ журналистерінің бірнеше буынын тәрбиелеген ұлттық баспасөздің биік бәйтерегі еді. Қашанда әділдік пен ақиқаттың алдаспаны болғаны үшін қара сөздің зергері, шындықтың шырақшысы атанған Шерхан Мұртазаны халқы «Шерағаң» деп қадір тұтты. Сонау Теміртаудағы еңбек жолымның тікелей куәсі болған ол тәуелсіз мемлекеттің іргесін қалаған жылдарда да жанымда жүріп, елді ілгерілету ісіне зор үлес қосты.
Шерхан Мұртазаның қазақ руханиятындағы орны мен жарқын бейнесі ешқашан ұмытылмайды деп сенемін» делінген жеделхатта.

Иә, кеше ғана сырғып өткен 28 қыркүйекте 86 жасқа толған көрнекті қоғам қайраткері, Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, қай қыры болса да ауыз толтырып айтуға тұратын ұлттың айтулы тұлғалардың бірегейі – Шерхан Мұртаза дүниеден озды.

АҚИҚАТТЫҢ АЛДАСПАНЫ ЕДІ

Қазақ журналистикасында «Шерхан Мұртаза» деген есім аса құрметпен айтылады. Өйткені бұл кісі осы салаға қанжардай тіліп түсер шындық пен өзгеше өрнек әкелді. Кешегі кеңестік дәуірдің қырағы көздері төбесінен төніп отырған тұста да Шерхан ағамыз басқарған республикалық газет-журналдар ұлттың сөзін сөйледі. Тәуелсіздік алған тұста еліміздің бас газетіне ақберен азаматтың басшылыққа келуі әрі-сәрі күй кешіп отырған халықтың көңілін басып, елдік мәселелерге үндеп, ұлт рухын асқақтатты. Сол жылдары басшылыққа барған ұлттық бояуы аз «Қазақстан» телерадиокомпаниясын уақыт ырғасына ілескен жаңа сапаға көтерді. Жалпы, Шерхан аға басқарған ұжымның айы оңынан туып, шаруасы ұршықтай айналып жүре береді.
Бірегей тұлға саналы ғұмырында қаламгерлік пен қайраткерлікті қатар ұстады. Суреткердің қарымды қаламынан әлдеқашан қазақ әдебиетінің асыл қазынасына қосылған ойы құнарлы, сөзі шұрайлы еңбектер туды. Біраз жылдар Парламент Мәжілісінің депутаты болып биік мінбеден ұлттық тұтастық, тіл, дін, діл жайында шамырқанып сөйлегенде түкпірдегі ауылда жатқан ағайынның айызы қанып, риза болатын. Шерхан ағамыз еліміздің бас ордасын Алатаудың іргесіндегі әсем қаладан Арқа төсіне көшіру идеясын қолдап, өзі алдымен Астанаға ат басын тіреді. 2002 жылы оған «Астана қаласының құрметі азаматы» атағы берілді.
Міне, туған халқы үшін өлшеусіз еңбек етіп, ұлттың абыройы мен ұятына айналған ардақты азамат ержүрек бабалары көш тартқан жаққа бет бұрды. Бақұл болыңыз, Шераға!

«Астана ақшамы»
редакциясының ұжымы

ТАБИҒАТЫНАН ҮЛКЕН ТҰЛҒА

Халқымыздың асыл перзенті Шерхан Мұртаза дүниеден озып, еліміз қайғыдан қара жамылды. Бұл кісі аз ғұмыр кешті деп айта алмаймын. Жақсы өмір сүрді. Қазақтың қисайып тұрған тағыдырын түзеуге жан аямай жұмыс істеді. Тәуелсіздіктің қалыптасуына көп еңбек сіңірді.
Жалпы, Шерхан – табиғатынан үлкен тұлға. Қай кезде қиналған, тығырыққа тірелген кезде халқының жоғын жоқтады. Жазушылығы да бір төбе. Көрнекті қоғам қайраткері Тұрар Рысқұловтың көрген қиындығы мен басынан кешкен оқиғаларын көркем сөзбен зерделеген сүйекті еңбек жазды. Кезінде Тұрар туралы жазғандар қатты жазаланды. Соны білген мен, Шерханға солардың таяғы тие ме екен деп ойлап жүрдім. Ал бұл кісі ешкімнен тайсалмай, айтулы тұлғаны тірілтті. Содан кейін қаламгердің қайсар қаламынан аяулы анасы жайында «Ай мен Айша» аталған роман туды. Менің білуімше, әлемде ана туралы жазған кітап көп. Солардың ішінде үш жазушының туындысын бөлек көремін. Біріншісі – Максим Горький, екіншісі – Шыңғыс Айтматов, үшіншісі – Шерхан Мұртаза. Бұл суреткерлер жер жүзіндегі барлық ананың жиынтық бейнесін шынайы сомдады.
Біраз жылдар республикалық басылымдарға жетекшілік етіп, оған маңдайының жұлдызы жанған жастарды жинады. Егемендіктің елең-алаңында «Егемен Қазақстан» газетіне бас редактор болып, үлкен, күрделі әлеуметтік мәселелерді күн құрғатпай көтерді.
Біз екеуміз былайғы тіршілікте жиі кездесіп, өмір, тарих, өткен замандар туралы ой тарқатып жүрдік. Бір кездескенде бір мәселеге жаны күйіп, ренжіп тұрды. Сонда мен оған: – Оған неге ренжисіз, өмір солай. Бұл өмір арнасынан қашан толып ағып еді, бір кем дүние емес пе?! – дегенімде, маған ойланып қарап қалды. Кейін осы философиялық ұғымды шығарма арқауына айналдырды.
Жасынан жетім өсіп, аз қиыншылық көрген жоқ. О дүниеде көретін жақсылығы көп болсын!

Өмірбек БАЙГЕЛДІ,
мемлекет және қоғам қайраткері

ТАҚЫРЫПТЫ ТАЛАПШЫЛДЫҚПЕН ТАҢДАТАТЫН

…1990 жылғы тамыз айының соңғы күндерінің бірі еді. «Егеменді Қазақстан» (сол кездегі атауы) газетінің бас редакторы Шерхан Мұртазаның кабинетінде отырмын. Екінші қайтара ашылған Торғай облысы бойынша газеттің меншікті тілшісі қызметіне тағайындаған бұйрығына Шерағаң менің көзімше қол қойып, қолымды қысып:
– Ал, Қайсар мырза, іске сәт! Еліңе сәлем айт, – деді де, жүзіме тіктеліп одырая қарап сәл үнсіз қалды да, сөзін әрі жалғады:
– Барғасын нендей тақырыптан бастайсың?
– Егін орағы жүріп жатыр ғой… Содан бастасам…
– Жоқ! Егін орылар! Рухани олқылықтың орны толмаса нағыз ақсайтын жеріміз – сол! Сіз Торғай облысы жабылғанда Жезқазғанға амалсыз көшкен театрды қайтып оралту туралы мәселе қозғаңыз! Жарай ма?! – деді түнеріңкіреп.
Мақұлдап басымды изедім: «Жарайды! Шераға!»
…Содан кейін де Шерағаң тапсырған қаншама тың тақырыптарды зерттеп жазу мүмкіндігіне ие болдым десеңізші. М.Дулатовтың жат елдегі мүрдесін 57 жылдан соң туған жеріне табыстаған ерен оқиға тәмамдалысымен Арқалықтағы маған әдейі қоңырау шалып, жүрекжарды алғысын білдіріп еді-ау!
…Өтті өмірден Шерағам! Көңіл күпті, қайғырып, елеңдей берем… Бұған дейін жазу үстеліне отырғанымда «Шерағам қандай тақырып ұсынар еді?» деген дүдәмал сұрақ қалам ұшында тепкіленетін… Тыныш жатпас Шерағам жұмақта да… Өйткені нағыз аңыз бас жорналшы біздерге тек жақсы жазудың өсиетін тастап кетіп еді ғой! Шерағаның тақырыптары түгесілмейді. Себебі олар – әр жорналшының жүрегіне ауадай қажет тағылым, таңдау! Қош, бас ұстаз!

Қайсар ӘЛІМ,
Қазақстанның еңбек
сіңірген қайраткері

ШЕРАҒАҢНЫҢ  ШЕКПЕНІ

Шерағаң – қазақ журналистикасының бір дәуірінің қабырғасын қалап, шатырын жапқан, қайраткерлігімен ұлтты сүюдің үлгісін көрсеткен тұлға. Ең бастысы, Шерағаң адам тәрбиеледі, маман тәрбиеледі. Әр өлкеден, әр аймақтан қаламының желі бар, айтар ойы бар жастарды жинады жанына, шығарды олардың бәрін. Қазір де Шерағаң шәкірттері жетекші басылымдарды басқарып отыр.
Әдетте, алдыңғы қатарда келе жатқан адам ешкімнің аяғын шалмайды. Шерағаң да ешкімнің аяғын шалған жоқ. Өйткені одан ешкім озған емес. Шерағаң төрт тұяғы тыпыршып, шабыс тілеп тұратын тұлпарларды жалынан сипап, бәйгеге қосты.
Кезінде Шераға «Қазақ әдебиеті» газетіне бас редактор болып келді. Сонда ақберен азаматтың арғымақты өзі мініп қана қоймай, артынан шәкірттерін мінгестіріп, өзімен бірге ертіп жүретін ұстаздық қасиеті ешкімде жоқ екеніне көзіміз жетті. Шерағаңның шекпенінен шықтымыз деп жүргендердің бәрі де осы сөзді айтары хақ. Бейнелеп айтқанда, Шерағаң – қазақ журналистикасының үлкен мектебі ғана емес, ордалы ой айтатын оқу орнына айналатындай еңбек қалдырған алып тұлға.

Көпен ӘМІРБЕК,
Қазақстанның еңбек
сіңірген қайраткері

АРЫСТАН

…Бөріден –
Бөрілінің байрағынан,
Ата жау сескенетін айбарынан!
Жасынның оты лаулап тұрушы еді, –
Шағылған Күнге Алтын айдарынан…

Қош, Қараорманымның Арыстаны!
(Алаштың қай жауымен алыспады?).
Келмеске о да кетіп, енді бізге
Заманы Арыстанның алыстады…

Қоян да, түлкі де енді би болады.
Біздің ми сол не айтса иланады.
…Арыстан гүрілдейді түсімізде,
Ол – бізді ит пен құсқа қимағаны.

Көз жасы омырауда тарамдалған, –
Әкең де қалған өстіп, анаң қалған;
Алаштың арыстары кеткен кезде,
Осындай алма-ғайып заман болған.

Заманы Арыстардың алыстады,
Жағымыз, қол да тұр ма қарысқалы?
Қараорман қалды бізде күңіреніп,
Қайтейін, жоқ қой, бірақ Арыстаны?!.

Серік АҚСҰҢҚАРҰЛЫ,
ақын

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды