«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Шын елі сабақтастық пен тұрақтылықты қалайды

0 94

Қытай тағы да әлем назарын өзіне аударды. Жексенбі күні Бейжіңде өтіп жатқан Бүкілқытай халықтары өкілдері жиынының XIII шақырылымы 1-ші сессиясының үшінші пленарлық отырысы конституцияға елеулі түзету енгізді. Осыған сәйкес, Қытай лидері Си Цзиньпин енді шектеусіз мерзімге мемлекет басшысы болып сайлану құқына қол жеткізді.

Оның «жаңа дәуірдегі қытай ерекшелігі бар социализмді дамыту» деген тұжырымдамасы негізгі заңның кіріспесінде Мао Цзедун мен Дэн Сяопиннің идеялары қатарында тұратын болды.
Сессияда үш мыңға жуық депутат конституцияға түзету енгізуді қолдаса, екі адам қарсылық білдірді, тағы үш адам қалыс қалды. Осылайша, бұған дейін мұнан бөлек Қытай Компартиясы орталық комитетінің бас хатшысы және армия қолбасшысы деген екі бірдей жоғары мемлекеттік лауазым тізгінін ұстап келе жатқан ҚХР төрағасы 2023 жылы өзінің билікке келгеніне 10 жыл толатын мерзімде үшінші рет сайлана алатын болды. Сөйтіп, мемлекет басшысының орнына мұрагер іздеу мәселесі бірнеше жылға, белгісіз бір кезеңге кейінге шегерілді.
Бірақ бұл әңгіме кешелі-бүгін, аяқ астынан пайда бола салған жоқ. Ол өткен жылы жаздан бері әр жерде айтылып жүрді де, қазан айында өткен Қытай Компартиясының XIX съезінде өзінің алғашқы негізін қалады. Сол жолы Аспан асты елі тарихтың жаңа беттерін ашып, қазір айтылып жатқан «социализмнің қытай ерекшелігі бар жаңа дәуірі» деген ұғымды бірінші рет қолданысқа шығарды. Бұл дәуірге бұрын-соңды болмаған дәрежеде топтасқандықпен кіру партияның басты ұраны ретінде ұсынылды. Съезд делегаттары осы мақсатта Си мыр­заның есі­мін көзі тірісінде-ақ бұрынғы көсемдер Мао Цзэдун­мен және Дэн Сяопинмен бірге жарғыға енгізді. Осылайша бір адамның төңірегіне топтасу идеясы партия уставы арқылы шегелене түсті.
Ал биылғы 24 ақпанда Коммунистік партия өзінің лидерін шектеусіз мерзімге дейін мемлекет басшысы етіп тағайындай беру жөніндегі ұсынысты алғаш рет жалғанның жарығына алып шықты. Соның нәтижесінде партия мемлекет басшысын шектеусіз мерзімге сайлау жө­нінде конституцияға түзету енгізуді ұсынған еді. Міне, арада жарты ай уақыт өткенде бұл мәселе Бүкілқытай халықтары өкілдері жиынында қаралып, түпкілікті заңдастырып шығарылды.
КХР-дың 64 жастағы төрағасының ойынша, билікті орталыққа шоғырландыру бұдан төрт жыл бұрын қолға алынған мемлекетте, қоғам мен экономикада құрылымдық реформа жүргізуге көп септігін тигізеді. Сессияда қабылданған діңгекті шешімдердің қатарында шенеуніктер мен мемлекеттік компанияларға қадағалап қарап отыруды жүзеге асыратын, биліктің тармақтарына бағынбайтын мемлекеттік бақылау комитетінің құрылуы бар. Оның жұмысына әкімшілік
мекемелер де, жекелеген тұл­ғалар да араласа алмайды. Бү­кілқытай халықтары өкілдері жиынының құқықтық жұмыс­тар жөніндегі тұрақты комис­сия­сының төрағасы Шэнь Чуньяо мырзаның түсіндіруінше, КХР төрағасы мен төраға орынбасарына шектеусіз мерзімге дейін сайлана беруге құқық беретін конституциялық өзгерістер елдегі өзгерістер мен теориялық тапсырмаларды заң жүзінде қорғаудың нақты шарасы болып табылады. Бұл елді өркендетудің жинақталып қалған жаңа тәжірибесін іс жүзіне асыруға мүмкіндік береді, сондай-ақ оның сабақ­тастығы мен тұрақтылығын қамтамасыз етеді.
Қытай сонымен бірге бұдан бұрын белгілеген бағытынан таймайтынын тағы көрсетіп беріп отыр. Мәселен, ол қытай юанін жақын келешекте әлемнің резервті валютасы ету идеясынан бас тартқан жоқ. Қытай Халық банкі басшысы Чжоу Сяочуань мырзаның айтуынша, Аспан асты елінің қаржы нарығы бұдан әрі барынша ашық жағдайда дами беретін болса, бұған қол жеткізу оншалықты қиын болмайды. Ол бұған қажетті негізгі процедуралардың бәрінің жасалып қойылғанын жеткізді. Осылайша юань Халықаралық валюта қорының шеңберіндегі арнайы қарыз берушіліктің SDR кәрзеңкесіне доллар, еуро, йена және фунт стерлинг секілді ұлттық валюталармен бірге еніп қойған.
Қытай сауда саласындағы бұрынғы белсенді әріптестерінен де айырылғысы жоқ. Мысалы, КХР мен АҚШ арасында қазіргі таңда жасырын «сауда соғысы» жүріп жатқанымен, Бейжің бұл тұрғыда Вашингтонға деген көзқарасын күрт өзгерте қоймайды. Қытайдың коммерция министрі Чжун Шаннің мәліметінше, соңғы 40 жылда бұл екі ел арасындағы сауда көлемі 232 есеге өсіп, өзара инвестицияның жалпы сомасы 230 млрд долларға жеткен. Ол алда қандай бір кедергілер болса да, Қытай өз мүддесін қорғай алатынына сенімді. Сол себепті де Қытай мен АҚШ қазіргі жағ­дайдағы екі арада кездесіп қалып жатқан кедергілерді жоюға арналған келісім процесін жалғастырып тұру қажет.
Қазіргі таңда Бейжің әскери салада да алға қойылған бағыттан танбауға бел байлап отыр. Ол мұның алдында ғана, наурыздың бас жағында Бүкілқытай халықтары өкілдері жиы­-
­нының жыл сайынғы сессия­сында бекітілген бюджеттен айқын көрініс тауып тұр. Дә­тіне берік ел осында әскери бюд­жетті 1,11 трлн юань, яғни 175 млрд доллар көлемінде етіп бекітті. Бұл – мұның алдындағы жыл деңгейінен 8,1 пайызға артық. Әлемдегі қақтығыстар және татулық, қаруландыру және қарусыздандыру мәселелерін зерттейтін халықаралық Стокгольм институтының дерегінше, Қытай әрдайым өзінің әскери саладағы бюджетін төмендетіп көрсетеді. Шын мәнінде оның қорғаныстағы шығынының шынайы мөлшері 25-50 пайыздың үстінде болуы ғажап емес. Сол себепті, әскери сарапшылар ҚХР көрсетіп отырған қазіргі шығынның өзі бірқатар қаржыландыру нысандарын қамтымай отыр деп есептейді. Дәлірек айтқанда, стратегиялық күштерге, ғылыми-техникалық қорғаныс құралдарына, шетелдік қаруларды импорттауға, халықтық қарулы полицияға бөлінген қаржы бұл тізімге енбеуі де мүмкін. Сол сияқты провинциялардағы биліктің әскери мұқтаждықтары үшін жұмсалатын шығындары көп жағдайда ресми мәлімдемеге кірмей қалады.
Сонымен, өзінің дамудың жаңа кезеңіне бет бұрғанын айғақтап берген Қытай елі мұнда алға қойылып отырған барша міндет-мақсаттарға қол жеткізуді қамтамасыз ету үшін бір адамның төңірегіне топтаса түсу, оның билігі мерзімін барынша ұлғайту бағытын заң жүзінде біржола бекітіп алды. Бірақ бұған әлем елеңдеп қарағанмен, пәлендей айып тағып, күстаналай алмай отыр.

Серік ПІРНАЗАР

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды