«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Шығыстың Шағиласы

0 89

 Елі үшін ерлігі ерен, еңбегі елеулі, тоқсан жас ғұмырында тағдыр сахнасында талайды көрген шығыстың шұғыласы, қазақтың қайсар қызы ҰОС ардагері, ұлағатты ұстаз Шағила Құсанованы биылғы қаңтарда қалың қазақ қимастықпен ақтық сапарға шығарып салып еді. Ертіс бойы еркелетіп, есіл өмір ерте есейткен, ортасынан осал болмай, Отан үшін отқа түсіп батыр атанған ержүрек қызын елорда жұрты еске алып, Қазақ Ұлттық өнер университеті «Қазақстан тарихы және гуманитарлық пәндер» кафедрасының ұйымдастыруымен Шағила Әкімбайқызының рухына арналған «XXI ғасырдың үлгі болар тұлғасы» атты еске алу кеші өтті. 

Ерлігімен тарихтан орын алып, ал еңбегімен тарих ғылымына орасан үлес қосқан, ұстаздық жолында терең білімі талапты шәкірттеріне таптырмас нәр болған Шағила апамыздың есімі ұлықталған кеш кейіпкердің соғыс жылдарындағы өмірін бейнелейтін композициядан басталды. Аталмыш оқу ор­ны­ның «Драма театр актері» ­ оқитын І-ІІ курс студенттері қатысқан қо­йылымда жас Шағиланың әскер қатарына өтіп, соғысқа аттануы, майдан алаңында құрбысы Зиядан айырылуы, батыр қыздың ер-жігіттермен қатар ерлік көрсетуі, жеңіске жету бәрі де суреттеледі. Шағила Құсанованың рөлінде Асылзат Кулова ойнаса, Зия Досбергенованың рөлін Рабиға Айткенова сомдады.
Еске алу кешінде жинал­ған қауымға Шағила Әкімбай­қызының өмір жолы жайлы мағлұмат беріліп, ұстаз құр­метіне мазмұнды ән, мағыналы сөздер айтылды. Соғыс ардагері, ғалым, ардақты ұстаз, аяулы ана болған осынау ғажап тұлғаның көзін көрген бір топ зиялы қауым өкілдері, оқытушылар мен студенттер қатысқан шарада Қазақ Ұлттық өнер университетінің ректоры, ҚР Халық әртісі Айман Мұсақожаева, филология ғылымдарының докторы Дихан Қамзабекұлы, тарих пәнінің оқытушысы Құралай Бай­мұханова естеліктер айт­ты. Ал шәкірттері атынан ҚР Мемлекеттік жастар сый­лығының иегері, ақын Қал­қаман Сарин ұстаз рухына арнап жыр жолдарын арнады.
Кеш соңында бейбіт өмір­дегі батыр апамыздың ұла­ғатты өмір жолы жайлы театр­ландырылған сахналық композиция ұсынылды. Бұл композицияда жас актерлер Шағила Әкімбайқызына арналған майдангер ақын Әбдікәрім Ахме­тов пен Сақыпжамал Өтеғалиева­ның өлеңдерінен үзінді оқыды.

Гүлмира САРИНА,
ҚР еңбек сіңірген қайраткері

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды