«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Шығыс балуандарының шеруі

0 70

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жүлдесі үшін өткен «Қазақстан барысы» дәстүрлі сайысының финалында Шығыс Қазақстан облысының қос балуаны белдесті. Өте тартысты жекпе-жекте Айбек Нұғымаров жеңіске жетті.

Eліміздің түкпір-түкпірінен жиналған қалың жанкүйер «Барыс Арена» спорт сарайының мұз айдынына төселген боз кілемге шыққан әр балуанның шашбауын көтеріп, қолпаштаудан тынбады. Балуандардың әрбір шалт қимылына көңіл бөлген шапалақ пен айқайдан құлақ тұнғандай болды. Қызуқанды жанкүйер­дің осындай қылығына қарап «Қазақ барысы» ұлттық брендке айналғаны айқын аңғарылды.
Алдымен турнирдің ережесіне сай 14 облыстан, Алматы, Нұр-Сұлтан және Шымкент қалаларынан іріктелген екі балуаннан, сондай-ақ «Әскер барысының» жеңімпазы қосылған 33 балуан белдесуге кірісті. Олар бір-бірімен күресіп алған соң 16 үздік қалды. Содан кейін бір белдесуден өткенде 8 мықты анықталып, ширек финалға шыққандар белгілі болды.


Сонымен ширек финалда шиыршық атқан төрт мықты жартылай финалға жолдама алды. Атап айтқанда, сыралғы қарсыластар Айбек пен Руслан, ал осы жарыстағы салмағы ең ауыр Ерасыл Қажыбаев (151 келі) пен астаналық Айбат Сейтен бетпе-бет келді. Бірнеше рет бас жүлдеден қол созымда қалған Әбдіразақов бұл жолғы күресін тәп-тәуір бастаған еді. Бір бүк және жартылай жеңіс ұпайымен алға шығып тұрып, ойламаған жерде тәуекел бас тікті. Тіс қаққан Нұғымаров оның бір қателігін әп-сәтте өзіне қарсы қолдана білді. Ал екінші жұпта қанша тырысқанымен Айбат балуан Қажыбаевты еңсере алмады. Сөйтіп, үшінші орын үшін болған жекпе-жекте Руслан Әбдіразақовтың бағы жанса, ал «Қазақстан барысы» атағы үшін айқаста Айбек Нұғымаров шын шебер екенін дәлелдей шықты. Бұл шығысқазақстандық балуанның екінші мәрте «Қазақстан барысы» атағын алған сәті болды.


«Нұр-Отан» партиясы, «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі, Спорттық жекпе-жек және күш қолданылатын спорт түрлері конфедерациясы, Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің қолдауымен, ҚР қазақ күресі федерациясы және «Қазақстан барысы» қазақ күресін дамыту қоры ұйымдастырған биылғы турнирдің жүлде қоры да қомақты болды. Жеңімпаз балуанға 25 миллион теңге және алтын белбеу мен алтыннан құйылған ауыспалы «тайтұяқ» табысталды. Екінші орын иегері Ерасыл Қажыбаевқа 5 миллион 500 мың теңге және күміс белбеу берілді. Бұл – Ерасылдың екінші күміс белбеуі. Үшінші орын алған Руслан Әбдіразақовқа 1 миллион 800 мың теңге мен қола белбеу табысталды. Төртінші орынға астаналық Айбат Сейтен табан тіреді.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлерді Олимпиада чемпио­ны, «Қазақстанның Еңбек ері» Жақсылық Үшкемпіров, Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Бақыт Сұлтанов, Мәдениет және спорт министрі Арыс­танбек Мұхамедиұлы, «ҚР Қазақ күресі федерациясының» президенті, Энергетика министрі Қанат Бозымбаев, «Қазақстан барысы» қазақ күресін дамыту қорының төрағасы Арман Шораев салтанатты жағдайда марапаттады.

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды