-->

ШЫҒАРМАШЫЛЫҚТЫҢ ШЕГІ ЖОҚ

images

«Жастар» сарайында мүмкіндігі шектеулі жандар арасында «Шексіз шығармашылық-2017» атты ІV ашық қалалық фестиваль өтті. Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен төртінші мәрте ұйымдастырылған шараның былтыр ауқымы кеңейді.

Сондықтан шараға биыл астаналықтармен қатар Павлодар, Петропавловск, Семей, Алматы қалаларынан келген 100-ден аса адам қатысты. Олар «Эстрадалық вокал», «Хореография», «Ишара тілінде ән орындау», «Шексіз сұлулық» аталымдарында өнер көрсетті.
«ЭКСПО 2017. Болашақ энер­гиясы» аясында ұйымдас­тырылған фестивальді ашқан ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, «Алтын дән» халық­тық би ансамблінің жетекшісі, қазылар алқасының төрайымы Людмила Гоценко аталмыш байқау мүмкіндігі шектеулі жандардың іштен ты­нып жүруіне жол бермей, белсенді өмірге бейімдейтінін, та­ланттарының жарқырап көрінуі­не мүмкіндік беретінін атап өтті.
Фестивальге жаңадан қо­сыл­­ған «Шексіз сұлулық» аталы­мының қатысушылары алдымен сахнаға шықты. Қыз­дар өздерін таныстырып, би биледі. Ишара тілінде ән орындап, өз­дерінің актерлік дарындарын көрсетті.
«Эстрадалық вокал» аталымында астаналық Азамат Темірбаев «Кездесу мен қош­тасу» әнімен көрер­мендердің ыстық ықыласына бөленді, ал Рүстем Біләлов Салваторе Адоменің күрделі әнінің бірі – «Тombe la neige» шы­ғармасын орындады. «Шек­сіз шығармашылық» байқауына бірнеше рет қа­тысқан қарағандылық Арман Қарынсау да баршаны тағы да тәнті етті. Жалпы, биылғы фестивальге 20 шақты вокалист қатысты. Қазылар алқасы олардың бәрі де жеңіске лайық екенін атап өтті.
«Хореография» мен «Ишара тілінде ән орындау» аталымына қатыс­қан­дардың өнері де жоғары ба­ғаланды. Салтанатты марапаттау рәсімінде өнер көр­сеткендердің бар­лығы да сый­лықсыз қалған жоқ.
Жалпы, төрт жыл ішінде фес­тивальге 150-ге жуық адам қатысты. Географиялық ау­қымы кеңейген шараға жылда жаңа аталымдар қосылуда. Шарт бойынша оған 18 жас­тан асқан мүмкіндігі шектеулі жандар мен өнер топтары қатысып келеді.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Жауап қалдыру

Сіздің email-адресіңіз жарияланбайды.Қажетті өрістер таңбаланған *

*