«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Шыбын-шіркейге шабуыл

0 38

Елордамыз жайында әңгіме қозғалып кетсе, екінің бірі бұл қаланың масасы көп екенін айтпай қоймайды. Шынымен де, бас қаламыздың екі ерекшелігі болса, соның бірі – шыбын-шіркейі, сондай-ақ бораны мен аязы болса керек.

Бұл екеуі қаланың коммуналдық шаруашылықтары үшін ең жауапты жұмыстардың қатарынан саналады. Жылдағы қарбалас жұмыс. Дегенмен жылдан-жылға шыбын-шіркейді азайтуға бағытталған санитарлық шаралар күшейіп келеді. Соның бір айғағы, кешегі мереке күндерінде де қала бойынша масамен күрес жұмыстары тоқ­таусыз жүргізілді.
Арнайы қызметтің мамандары маса-шіркейлерді екі есе қарқынды күшпен улау жұмыстарын жалғастыруда. Бүгінгі таңда 123 маман дезинсекциямен айналысуда. Әсіресе, қала тұрғындары мен қонақтарының ең жиі баратын жерлеріне ерекше назар аударылуда. Негізі, масаларды улау 6 кезеңге бөлінген. Қазір үшінші кезең аяқталып қалды.
Еске сала кетсек, елорда күнінде кешкі серуенге шыққан астаналықтар мен қала қонақтары маса-шіркейдің кесірінен әлекке түскенін әлеуметтік желілер арқылы шағымданып айтқан болатын. Содан бері қаладағы қансорғыш жәндіктерді жою жұмысы тоқтатылған емес. Қанатты қансорғыштардың шектен тыс көбе­йіп кетуіне ауа райы да әсер еткені сөзсіз. Аптап ыстықтан кейінгі жаңбырдан соң шыбын-шіркейдің қарасы да көбейіп шыға келді. Осындай жағдайға байланысты әр аудан бойынша дереу дезинфекциялық іс-шаралар өткізілді.
«Масалардың пайда болуы мен көбею мерзімі жеті күнге созылады, алайда ауа райының қолайсыздығына байланысты олардың жетілу мерзімі екі күнге дейін қысқарады. Сондықтан шыбын-шіркей күрт көбейіп кеткен» дейді қалалық Тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Сәдуақас Байғабылов.Шыбын-шіркейді жою мақсатында Есіл ауданы бойынша «Жетісу» және «Столичный» сая­бақтары, Есіл өзенінің жағалауындағы амфитеатр, Астаналық цирк, «Астана» концерт залы, «Хан Шатыр» СОО аумағы, «Үркер» тұрғын алабының №2 сектор учаскесі, «Үркер» тұрғын алабының №2 учаскесі, «Барыс-Арена» спорт кешені, «Астана Опера», «Астана Балет», ­ЭКСПО кешенінің жазғы сахнасы, «Happylon MEGA Silk Way» және «Happуlon Keruen» орындарында масадан тазарту шаралары жүргізілді. Оған 2 энтомолог, 26 дезинфектор, 3 термогенератор бригадасы, 3 автокөлік, 1 микроавтобус, 1 ДУ-1000 техникасы жұмылдырылды. Алматы ауданы бойынша Оңтүстік-Шығыс шағын ауданының оң және сол жағы тазаланды. Оған 3 бригада, 3 автокөлік, 3 биолог қатысты, олар тиісті жұмысты термогенераторлар, жел генераторы және роторлық бүріккіштер арқылы жүргізетін болады. Сарыарқа ауданы бойынша «Көктал-1» тұрғын алабының аумағы өңделді. Маса-шіркейге қарсы жұмысқа 2 термогенератор бригадасы, 3 автокөлік, 1 энтомолог және 1 ДУ-1000 техникасы жұмылдырылды. Егер маса-шіркей тағы да күрт көбейген жағдай болса, оларға қарсы шабуыл кез келген күні жүргізіле береді.
– Біз қаланың қақ ортасынан өтетін Ақбұлақ арнасына жақын тұрамыз. Күн жылынып кеткелі масаның көбейіп кеткені байқалады. Әсіресе, кешке қарай шыбын-шіркейден мазамыз кетіп жүрді. Дегенмен соңғы күндері ептеп азайғаны аңғарылды. Өйт­кені қолына аппарат ұстаған жұмысшылар күндіз де, түнде де дезинфекция жасап жүр, – дейді Абылай хан даңғылының тұрғыны Темірболат Молдияров.
Иә, шыбын-шіркейге қарсы ша­ралар үдеген сайын олардың қатары да сейіле бастайтыны сөзсіз. Бұл ретте дезинфекция шараларымен қатар, санитарлық тазалық жұмыстары да үздіксіз жүргізілуі керек.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды