«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Шортанбай жырының жаңа қолжазбасы

0 119

Қазақстан Республикасы Ұлттық академиялық кітапханасының кітап музейінде сақталған қолжазба-кітаптардың бірінен Шортанбай өлеңдерінің қолжазбасы табылды. Оның иесі және қолжазбаны кітап музейіне тапсырған – атақты дін ғалымы Сәдуақас Ғылмани.

Дәптердің мұқабасы арасындағы артық параққа мөр басылған. Мөрдің жоғары жағына қызыл сиямен «ШК33121» деген жазу жазылған, мөрдің ішінде «Музей книги Казахстана, поступил от Гилманова С.Г., акт №102, 26.09.1980, цена 25.00, Фонд РК, Инв. 701» деп жазылған.
Мұқабаның ішкі жағында қолмен жазылған «Алма-Ата 23, Шолохову…» деген мекенжай және дәптер шығарылған фабриканың ­«СВЕТОЧ» мекенжайы көрсетіліп, 1930 жыл деп жазылған.
Қолжазба 1а бетінен басталып, 27а бетімен аяқталады. Екі бөлімнен тұрады. Бірінші бөлім 1а бетінен басталып, 18б бетімен аяқталады. Бұл бөлімде «Ғабдул Ғалым» хикаяты орын алған. Басталуы:
Бісміллә деп сөз бастаймын Тәңірім атын,
Серкалы мұны жазған менің атым.
Жамағат, тыңдасаңыз бұ қиссаны,
Мәлика Бақираның қикаятын
Ағалар ұлықсат берсең жазайын қат,
Болады оқығанда көңілің шат.
Ақылбек Сәбелұлы өлең жаздым,
Кейінгі боз балаға бәйіт болып жат.
Мұқамбет Расулоллаһ Құдай досты,
Надандар ойлап тұрсам діннің босы.
Жазайын нұсқа сөзді өлең қылып,
«Қикаят Ғабдул Ғалим» болады осы.
Мен Ақылбек өлең жазам өткенімше,
Астына қара жердің жеткенімше.
Аяқталуы:
Дүние көп жүгірген көш секілді,
Ойлағанда бір көрген түс секілді.
Оянғанда түсімнің біреуі жоқ,
Дүния түсте көрген іс секілді.
Кіріспе өлеңге қарағанда бұл дастанды жазуға бірнеше адам қатысқан, солардың бірі – Серкалы. Бұл кісі дастанды басқа тілден аударып, қара сөзбен жазған болуы мүмкін. Екіншісі – дастанды өлең түрінде жазған Ақылбек Сәбелұлы.
Екінші бөлім қолжазбаның 19а бетінен бас­талып, 27а бетімен аяқталады. Бұл бөлімдегі Шортанбай өлеңдерін екі топқа жинақтап берген бірінші бөлігі «Шортанбай сөздері» деп, екіншісі «Шортанбайдың бала зары» деп аталады. Бірінші топтағы өлеңдерге, «Тар заман», «Заман қайтіп оңалсын», «Мынау заман қай заман?», «Тәңірдің ісі қымбатты», «Жалмауыз болды үлкенің», «Көтерілді керемет», «Ұлың киер дүрия», «Бұрынғының сөзінің», «Малыңды билеп ұлың тұр», «Басқа тисе өлдің деп», «Асылық асқан заманда», «Адам ата өткелі», «Жұрт жиылып бүлінген», «Бұл асылық асқан заманда», «Ауылдың малы бұралқы» деген өлеңдері топтастырылған. Шортанбайдың бала зары атты топтамада «Атамыз Адам пайғамбар», «Алдау жалған дүниенің», «Опасыз жалған», «Онша азды ел неден», «Жалғаншы», «Жалғыздық – кедейлік», «Жас өмір», «Не болар?», «Еділді алды», «Азған заманда», «Шұнақ бидің тұсында», «Жүдеме», «Өзі туралы айтқаны», «Шортанбайдың өлерінде айтқаны» деген өлеңдері орын алған. Бұл еңбек шортанбайтанушылар үшін үлкен олжа болып табылады.

Сайпулла МОЛЛАҚАНАҒАТҰЛЫ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды