«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Ширек финалға шыдамдылар ғана шықты

Мундиаль - 2018

0 56

Шілденің 2-сі күнгі кештен 4-іне қараған түнге дейінгі аралықта әлем чемпионатында 1/8 финалдың қалған 4 ойыны ойналып, ширек финалға шыққан құрамалар толық анықталып бітті. Бұл плей-офф ойындары да осындай текетірес айқасқа нағыз төзімділердің ғана шыға алатынын көрсетті.

Осы кездесулерде 10 гол соғылды, 1 ойыншы алаңнан қуылып, 18 футболшыға ескерту берілді. Сол сияқты 1 пенальти белгіленіп, ол голға айналдырылды. Матчтардың 3-і негізгі уақытта аяқталса, біреуінің соңы пенальтилер сериясына алып барды.
Бұл квартеттің ойындарында тек сенсация ғана орын алған жоқ. Оларда көпшілік ұтады деп үміт артқан командалар сол деңгейден табыла білді. Бірақ барлық ұшырасуларда да кескілескен айқастар жүріп жатты. Солардың ақырында қарсыласына қарағанда да, табандырақ көрінген ұжым жеңіске жетті. Біз мұны Мексикадан аса қатты басым болмаса да, оны соққылар дәлдігімен алып кеткен Бразилияның ойынынан да, Швейцариямен 90 минут бойы толассыз тайталасқан Швецияның үрдісінен де, Жапониядан 0:2 болып ұтылып тұрып, ең соңғы сәтте таразы басын өзіне қарай бұрып жіберген Бельгияның тәжірибесінен де, ақыр соңында Колумбияны бірінші таймда түтіп жейтіндей көрініп, ойынның аяғына қарай тізгінін беріп қойған, сөйтіп, экстра-таймда өз-өзіне келе алмай, оны пенальтилер сериясының көмегімен ұтып шыққан Англияның әуселесінен де көрдік.
Осымен 1/8 финалдық ойындар да өзінің мәресіне жетті. Ол алдағы ширек финалда Уругвай – Франция, Бразилия – Бельгия, Ресей – Хорватия, Швеция – Англия құрамаларының кездесетіндерін анықтап берді. Бұлардың біріншісі – 6 шілде, екінші және үшіншісі – 7 шілде, ал соңғысы 8 шілде күндері ойналады.
Енді болған ойындарға қатысты қысқаша шолу жасап өтейік.

Бразилия – Мексика 2:0. Кең тұрғыдан алып қарағанда, бұл матчта аса бір қатты тартыс бола қойған жоқ. Мексикалықтар ойынның басында тайталастан қайт­пайтындай болып көрінгенімен, тайм ортасы ауа сол қарқындарынан айырылып қалды. Шамасы, тез гол соғып алуға құрылған жоспарлары жүзеге аспағасын беттері қайтып қалған сияқты. Алайда бұдан кейін ойын тізгінін қолға алған бразилиялықтар оны соңына дейін уысынан шығара қоймады.
Бірінші таймда голкипер Гильермо Очао мексикалықтарды бірнеше голдан сақтап қалды. Бірақ екінші таймның басында «пентакампеондар» шабуылына ол да төтеп бере алмады. Голды Неймар салды. Ол бұрыштама берілгеннен кейін айып алаңында допты өкшесімен Виллианға жөнелтті. Ол қақпа алаңына жақын келіп, арғы бағанға қарай бағыттады. Оны Очао ұстай алмады. Оған арғы жағында тұрған Карлос Сельседо мен Габи Жезус та жетпеді. Есесіне, содан кейінгі ашық жерге келіп қалған Неймар допты бос қақпаға атып жіберді.
Матчтың соңына қарай салынған екінші допқа да Неймардың қатысы болды. Ол қақпаның алыс бағанына қарай доп ұшырды. Оны қағып алмақшы болған Очао тек саусағының ұшын ғана тигізе алды. Сол-ақ екен, одан арыда тұрған Роберто Фирмино екі метр жерден допты қақпаға қарай бағыттай салды.
Бразилия – Мексика 2:0
Голдар: Неймар (51), Роберто Фирмино (88)

Бельгия – Жапония 3:2. Есепті кезеңдегі ең тартысты, сонымен бірге ақыры қалай бітері белгісіз кездесу осы болды. Бірақ матчтағы бес голдың бәрі екінші таймда соғылды. Осы ретте кездесуді тайм бойынша екіге бөліп қарастыруға болады. Оның бірінші бөлігінде бельгиялықтар оншалықты толық ашыла қоймады. Осыдан-ақ олардың бір бармақтары бүгулі екенін байқадық.
Жапондар болса, қарсыластарының осы сирек шабуылдарынан жанталаса қорғана жүріп, қарсы шабуылға шығуды ұмыт қалдырған жоқ. Күншығыс елі футболшыларының бұл жорықтары кейде еуропалықтарды тығырыққа тіреп тұрды.
Ал үзілістен кейін екі жақ та ашық кетті. Бұл ойындағы қауыр­ттықты арттырып, оны қызықты ете түсті. Өздерінің күші басым екендеріне сенімді бельгиялықтар осы тұста мәселені оңай шешіп тас­тауға тырысты. Бірақ азиялықтар тарапынан кездескен тегеурінді қарсылық олардың бұл ойларын жүзеге асыртпады. Мұның орнына жапондардың жылдам ұйымдас­тыратын қарсы шабуылдары қауіпті бола берді. Бұлар тез арада голға да айналып үлгерді. Сөйтіп, бар-жоғы 4 минуттың ішінде олар есепті 2:0-ге жеткізді.
Бәлки, басқа команда болса, осыдан кейін бірден басылып қалар ма еді, бірақ бельгиялықтар осыдан кейін қайта өршелене түскендей әсер қалдырды. Сондықтан олардың жаппай шабуылдарының өткірлігі сәт сайын байқалып тұрды. Әйткенмен, Ромелу Лукаку бастаған жігіттердің есе қайыруы ұзап кетті. Ақырында өз қақпасына бірінші голдың түсуіне кінәлі саналған Ян Вертонген бір шабуыл кезінде «парашют» әдісімен доп жөнелтіп, оны жапондар торына топ етіп түсірді. Бұдан кейін Маруан Феллайнидің есепті теңестіруіне көп уақыт кеткен жоқ.
Бельгиялықтар осы қуатты қарқынды ойынның соңына дейін тоқтатқан жоқ. Бұл екі арада жапондар да қарап қалмады. Алайда, соңғы голды жеңіске көбірек еңбек сіңірген бельгиялықтар түсірді.
Бельгия – Жапония 3:2
Голдар: Ян Вертонген (69), Маруан Феллайни (74), Насер Шадли (90+4) – Гэнки Харагути (48), Такаси Инуи (52)

Швеция – Швейцария 1:0. Бұл кездесу де тартыссыз болған жоқ. Бірақ ойынның сапасы жағынан орташа деп бағалауға болады. Мұнда да соңғы сәтке дейін кімнің жеңіске жететіні белгісіз болып тұрды. Дегенмен, бұл жолы да кім ұтысқа көбірек лайықты болса, сол келесі кезеңге өту мүмкіндігіне қол жеткізді.
Швеция – Швейцария 1:0
Гол: Эмиль Форсберг (66)

Колумбия – Англия 1:1. Бұған дейін ағылшындар әлем чемпионатында үш рет ойыннан кейінгі пенальтиге түскен екен. Бірақ үшеуінде де жолы болмапты. Бұл жолы оларды сәттілік күтіп тұрды. Ал ойын жайына келсек, оның бірінші кезеңінде Англия құрамасы айтарлықтай басым болды. Олар қарсыластар алаңындағы қарбалас кезінде тәртіп бұзылғандықтан, пенальти арқылы алға шықты. Оны Гарри Кейн түсіріп, голдар санын 6-ға жеткізді. Бірақ екінші таймда колумбиялықтар ерік алып кетті. Соның нәтижесінде олар есепті теңестіріп, жеңіп те кете жаздады.
Колумбия – Англия 1:1 (овер-тайм 0:0, пенальти 4:3)
Голдар: Ерри Мина (90+3) – Гарри Кейн (57, пенальти)

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды