«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Шипажайда тегін емделуге жолдама кімдерге беріледі?

0 37

Мүгедектерді және мүгедек балаларды шипажайлық-курорттық емдеумен қамтамасыз ету туралы ереже мен Нұр-Сұлтан қаласының әлеуметтік көмекке мұқтаж азаматтары туралы ережеге сәйкес, мына санаттарға жататын кісілер шипажайда тегін емделуге жолдама ала алады:
• Мүгедектер;
• Мүгедек балалар;
• Жасына байланысты зейнеткерлікке шыққан азаматтар (25-35 пайыз жеңілдікпен);
• Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектері және оларға теңестірілгендер.

Жолдама алу үшін не істеу керек?

Емделуге жолдама алу үшін тіркелу электронды форматта жүзеге асады. Ол үшін:
• Жоғарыдағы санатқа жататын азаматтар Халыққа қызмет көрсету орталығына барып, өзінің Электронды цифрлық қолтаңбасын алуы тиіс (егер жоқ болса);
• Бұдан соң ғаламторда sankur.astana.kz мекенжайына өтіп, Электронды цифрлық қолтаңбаның көмегімен сайтқа тіркелу қажет;
• Тіркелгеннен кейін ашылған терезеде азаматтың қандай санатқа жататынын, емделуге барғысы келетін айын, үй мекенжайын, байланыс нөмірін көрсету керек;
• Осы процестерді дұрыс орындаған соң жүйе сізді автоматты түрде кезекке тұрғызады.

Тіркелу уақыты қандай?

Sankur.astana.kz сайтына тіркелу жыл бойы жүзеге асады. Алайда орындар саны шектеулі екенін естен шығармаған жөн. Сондықтан неғұрлым ертерек өтініш берген азаматтардың тегін жолдама алу ықтималдығы да соғұрлым көбірек. Әр жылдың басынан бастап тізім жаңарып отырады.

Кезек нөмірін қалай білуге болады?

Жоғарыда көрсетілген sankur.astana.kz сайтында азаматтар тек тіркеліп қана қоймай, өзінің нешінші кезекте тұрғаны жайлы ақпаратты да тексере алады. Ол үшін сайттың сол жақ бағанындағы «Кезекті қарау» батырмасын басу қажет. Онда өтініш берген азаматтардың аты-жөні, өтініш берген мерзімі, санаты және емделу уақыты шығады.

Орындар саны неге байланысты?

Сайттың «Орындар саны» бөлімінде әр санатқа жататын азаматтардан түскен өтініштер әр айға бөлініп орналастырылған. Онда сол айға түскен өтініштер мен қолжетімді орындар саны көрсетіледі.

Жолдама қандай шипажайға және қанша күнге беріледі?

ҚР «Мемлекеттік сатып алу» туралы заңына сәйкес, жыл сайын Нұр-Сұлтан қаласы Жұмыспен қамту және халықты әлеуметтік қорғау басқармасы белгілі бір емдеу-сауықтыру орнымен келісімшарт жасайды. Биылғы жолдама иелері Бурабайдағы Қатаркөл сауықтыру орталығына аттанады. Емделу мерзімі – 14 күн.

Шипажайда қандай емдеу-сауықтыру шаралары жүргізіледі?

Қатаркөл сауықтыру орталығында физио­терапиялық қызмет көрсетулердің бірнеше түрі, диеталық терапия, климаттық терапия, фитотерапия, оксиген терапиясы, сондай-ақ батпақпен, электр тогымен, лазермен, инемен емдеу жүргізіледі.
Тақырыпқа қатысты басқа да ақпарат алу үшін Достық көшесі, 13-үй мекенжайында орналасқан Халықты жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасына хабарласу керек. Байланыс нөмірлері: 55-69-63, 55-68-47.

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды