«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Шипасы мол Қатаркөл

0 78

Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев ел дамуының ұзақмерзімді «Қазақстан-2050» стратегиясында халық денсаулығын сақтау мәселесін басты бағдар ретінде қарастырғаны баршаға аян. Яғни, мемлекеттің бірінші кезектегі атқаратын шараларының бірі – халық денсаулығын нығайту. Бұл тұрғыда елорданың қарт тұрғындарының Астана қалалық әкімдігіне және қалалық ардагерлер кеңесіне айтар алғысы шексіз. Бүгінде астаналық зейнет жасындағылармен қоса, ерекше қамқорлықты қажет ететін барлық топтағы мүгедектер үшін дербес емдеу-оңалту кешені бар.

Ол – әйгілі Бурабай курорты жағасында жайғасқан Астана қаласы әкімдігінің «Қарттар мен мүгедектерге және мүгедек балаларға арналған оңалту орталығы». Қысы-жазы түсін өзгертпейтін қылқан жапырақты – шырша, емен, балқарағай және аққайыңның бел ортасынан орын тепкен, ал тарихтан емдік қасиеті жақсы мәлім қос көлі кеуде тұсында толқын ойнатып жатыр. Уақыт өте тартыла-тартыла қалған теңізге теңдес көлдің бірі – осы Қатаркөл. Кезінде осы көлдің жағасында жаумен айқастан жараланып қайтқан сарбаздар емделгені де мәлім.
Бүгінде тікелей Астана қаласының әкім­ді­гіне қарасты бұл мекеннің аталуы – Қатаркөл.
Бурабай көлдеріне Бурабай, Шортанды, Үлкен Шабақты, Кіші Шабақты, Қатаркөл жатады. Бұлар – Сарыарқаның Көкшетау тауларының аралығында орналасқан ұсақ көлдер тобы. Олар суының тазалығымен, тау­ларымен, қарағайлы-қайыңды ормандарымен ерекшеленеді.
Денсаулық ол – тыныққан жүйке тамыр жүйесі. Кезінде елдің егемендікке қол жеткізуіне қарттарымыздың қосқан үлесі қомақты болса, енді елі оларға алаңсыз қарттық жағдайын жасауда. Әсіресе, астаналықтар ерекше қамқорлықта. Қалаішілік жол тегін, мерзімдік баспасөзге де қалауына қарай тегін жазылады, мерекелерде қаланың 80 пайызға дейін мейрамханалары төрін ұсынып, есігін айқара ашады. Мұның бәрі, әрине, қалалық әкімдік пен қалалық ардагерлер кеңесінің қамқорлық аясындағы қарекетінің оң нәтижесі.
«Қатаркөл» емдеу-оңалту орталығы – соның жарқын бір көрінісі. Мұнда ай сайын 300-350-дей барлық топтағы ардагер­лер мен мүгедектер ем қабылдап, бес мез­гіл ас ішіп, заманауи курортология және физиотерапев-тік талапқа сай Ресей, Швейцария, басқа да мем­лекеттерден әке­лінген медициналық жабдықтармен жарақтанған. Гальванованна, гидромассаж, биоктрон, лазерлік-магнитотерапия сияқты техниканың соңғы жетістіктермен емдейді. Уқалап-сылап емдеушілер бірінен бірі өтеді. Негізгі қызметті атқаратын медбикелер мәдениеті мен қамқорлығы ерекше. Санаторийдің бас дәрігері Таңсық Күсемісовтің басшылығымен, физиотерапевт-дәрігер Бақыткүл Смағұлова болсын, медбикелер Балкүміс Төлеубекқызы, Зәуреш Ғаббасовалар сізге жан-тәнімен қызмет етеді. Болашақта бассейнді іске қосу жоспарлануда. Зейнеткерлер бұл жолы намазхана бөлмесін ашуға тағы бір тілек қосып кетті.


«Сапалы су – адам денсаулығының басты кепілі». Емделушілердің бәрі де емдік ванналардан қалған жоқ. Қара балшық пен парафин емі де көңілден шықты. Балшық ресурсы қасындағы Майбалық көлінен әкелінеді.
Табиғаттың бір бөлшегі саналатын ағаштардың адамға өмірлік жағымды энергия сыйлайтыны және адам бойындағы жағымсыз энергияны өзіне сіңіріп алатыны мәлім. Сондықтан да болар, жасына қарамастан шаңғыға тұрып, ал кемі бес-жеті шақырым жаяу жүргендері де аз болмады. 80-90 жастағы қарттарды кездестіріп, ширақ жүрістеріне тәнті болдық. Қылқан ағашты бұл орман ішіндегі таңғы серуен – емнің ең қажеттісі. Түнде жиналып қалатын жапырақтар /хвойный/ майы таңертеңгілікте ауаның төменгі қабатында тұрады дейді. Саф алтындай ақша қармен шағылысқан емдік қасиеті зор таза ауа өкпеге де қажет.
Санаторийде бір сағат та бос уақытың болмайды. 14 күн ішінде Бурабай курорттық аймағына екі рет және де екі рет атпен серуендеуге апарады. Жылқы жарықтықтың емдік қасиеті де зор. Таяққа сүйеніп барғандар балдақтарын тастай сап арнайы мамандардың көмегімен атқа отырып, таза ауада 40 минөттей серуендеп, ерекше күйге бөленді.
Күн-түн демей, қарттар мен мүгедек жандарға сапалы қызмет етіп жатқан Бурабайдың түбіндегі Қатаркөл емдеу-оңалту орталығының барша қызметкерлеріне жаңа жылда да табыс тілейміз. Өткен жылғы желтоқсан айында дем алып қайтқан барша ардагерлердің атынан қоштасар сәтте ұстаз-зейнеткер Раушан Ахметжанқызы ақжарқын тілегін жеткізіп, аса қимастықпен санаторий қызметкерлеріне алғыс айтты.
«Жақсының жақсылығын айт нұры тасысын» дегендей, бұл санаторийге барушылар ықыласы жылдан-жылға артып отыр. Оның тағы бір себебі – зейнеткерлер үшін қаржы жағынан тиімділігі. Жолдаманың бар болғаны 35 пайызын төлейді. Соның дәлеліндей жаңа жылдың алғашқы айы­ның алғашқы жұмыс күнінде-ақ осында келетіндердің легі ат-нөпір болды. Әлі де жалғаса бермек. Ендеше, «Қатаркөл», күт біздерді» демекпіз!

Сәуле Аблаева,
Владимир-Галина Сороковтар,
Майра Шөкен,
зейнеткерлер

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды