«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Шілде. Қайда шомыламыз?

0 137

Шілденің шіліңгір ыстығы мен тамыздың тамылжыған күндерінде тұрғындар өзен мен көлдерді жағалайтыны белгілі. Шомылу маусымында елордалықтар мен қала қонақтары қай жерлерге суға түсіп, демалады? Астана маңындағы қай өзен-көлдер қауіпсіз? Қандай жағажайлар жайлы? ­Осы сұрақтарға жауап іздеп көрелік.

Рұқсат етілген үш жағажай бар

Елордада суға түсуге рұқсат етілген үш жағажай ғана бар. Үшеуі де ақылы. Оның біріншісі – Астана саябағындағы жағажай. Ол Есіл ауданы, Тұран көшесінде орналасқан. Бұл қалалық жағажай сағат 10.00-20.30 аралығында қызмет көрсетеді. 16 жасқа толмаған жеткіншектерге ересектермен ғана кіруге рұқсат. Қайыққа мінген 5 құтқарушы жағажайдағы қауіпсіздікке жауапты. Кіру құны ересектер үшін – 500 теңге, 16 жасқа дейінгі балаларға – 200 теңге. Зейнеткерлерге, мектеп жасына дейінгі бүлдіршіндерге, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға кіру тегін. Суға түсіп шыққаннан кейін демалушылар алты кабиналы себезгі (душ) тұрған жерге барып, шайына алады. Ер адамдар мен әйелдерге бөлек. Ашық аспан астында аяқ-қол жууға арналған орын да бар. Көлеңке болсын деп жағада 40-қа жуық күншатыр қойылыпты. Киім ауыстыратын бөлме де қарастырылыпты. Футбол, волейбол ойнайтын спорттық алаң да демалушылар құзырында.
Екінші рұқсат етілген жағажай Есіл өзені бойындағы «Три Пескаря» қонақ үй кешенінің аумағынан орын тепкен. Мекенжайы: Сарыарқа ауданындағы Көктал тұрғын алабы, Еңлік-Кебек көшесі, 11. Ал үшіншісі – Есіл өзені бо­йындағы «Столичный двор» демалыс орны аумағындағы жағажай. Мекенжайы: Алматы ауданы, Күйгенжар тұрғын алабы, Атақоныс көшесі, 20Б.
Астана қаласының ТЖД ликвидация бөлімінің басшысы Елдор Райымбековтің айтуынша, жақында қала аумағынан төртінші жағажай ашылмақ. Бірақ бұл жағажайлар миллион тұрғыны бар мегаполис үшін тым жеткіліксіз. Сондықтан жағдайы барлар шетелге барып демалуға әуес.

Жекеменшік бассейндер жетіп артылады

Сонымен қатар қала ішінде Lily спа-орталығы, Sky Beach Club, Rixos Wellness & Spa және «Оазис» жағажай клубы сияқты жекеменшік иеліктегі демалыс орындары, бассейн, жағажайлар жетіп артылады. Мысалы, орталық саябақтағы «Оазис» жағажай клубы – ашық аспан астында, таза ауада шомылуға арналған Астанадағы бірден-бір бассейн. Орналасқан жері тиімді болғандықтан, мұнда келушілер қатары қалың. Аталмыш кешенде үш бассейн қарастырылыпты. Оның біріншісі кішкентай бүлдіршіндерге арналған, тереңдігі – 20 см. Ал үлкен балаларға арналған екінші бассейннің тереңдігі 1,5 метр болса, ересектерге арналған бассейн тереңдігі – 2,5 метр. Бір уақытта бұл жерге 200 адамға дейін сыяды екен. Сейсенбі-жексенбі күндері сағат 12:00-20:00 аралығында, ал дүйсенбі күні сағат 10:00-нан 20:00-ге дейін қызмет көрсетіледі. Кіру билетінің құны ересектер үшін 5000-7000 тг болса, 3-тен 12 жасқа дейінгі балаларға – 3000-4000 теңге. Ал 3 жасқа дейінгі бүлдіршіндерге кіру тегін. Келушілерге шезлонгтар, матрастар, сүлгілер және үрлемелі дөңгелектер тегін ұсынылады (Мекенжайы: «Астана» саябағы, Тұран даңғылы, 8/1а). Ал Сығанақ көшесі, 27 мекенжайында орналасқан Lily спа-орталығының есігі келушілер үшін аптаның жеті күнінде де сағат 07:00-ден 23:00-ге дейін ашық. Мұнда 2 балалар бассейні қарастырылған. Кіру билетінің құны ересектер үшін 4000-6000 теңге, ал балаларға 2000-3000 теңге (4-тен 13 жасқа дейін, 3 жасқа дейінгі балаларға кіру тегін) тұрады. Халат, сүлгілер жиынтығы сияқты шомылуға арналған заттар және шезлонг тегін беріледі. Дүйсенбі-жексенбі күндері сағат 10:00- 21:00 аралығында жұмыс істейтін Тұран даңғылы, 37 мекенжайындағы Sky Beach Club-қа кіру бағасы ересектерге 10-12 мың теңге болса, балаларға – 6 мың теңге. Ал 5 жасқа дейінгі балаларға кіру тегін. Аталмыш ойын-сауық кешені келушілерді, әсіресе, Мальдив аралдарының экзотикалық жылы құмымен қызықтырады деседі. Мұнда клубтық карталар жүйесі де жұмыс істейді. (3 айға – 120000 теңге; 6 айға – 180000 теңге; 1 жылға – 300000 теңге). Сол жағалаудағы Д.Қонаев көшесі, 7 мекенжайынан орын тепкен Rixos Wellness & Spa келушілерді аптаның барлық күндері таңғы 07:00 мен түнгі 23:00-дейін қабылдайды. Кіру бағасы ересектерге – 15000, балаларға – 7000 теңге. 4 жасқа дейінгі балаларға кіру тегін.
Сонымен қатар, қала іргесіндегі «Чистые пруды», «Алтын қыр­ғауыл» («Золотой фазан»), «Бейбарыс», «Балқарағай» сияқты және басқа да шипажайларға, демалыс орындарына баратындар қатары аз емес. Әлбетте, бұл орындардың барлығында да жанға жайлы жағдай жасалған. Бірақ оның бәрі ақылы болғандықтан, оны біреудің қалтасы көтерер, ал айлығы шайлығына жетпей жүрген ортанқол азаматтардың шамасы келе бермейді. Сондықтан олар шомылуға арналған тегін жерлерді қарастырады.

Қала іргесіндегі өзен-көлдер

Астананың айналасында Сарыоба, Сілеті, Тұз, Мықтыкөл сияқты өзен-көлдер бар. Бірақ олардың атын естігенмен, жолын білмейтіндер көп. Әрі кейбірінің жолы ойдым-ойдым.
Мысалы, Сарыоба көлі үлкен және кіші болып екіге бөлінеді екен. Демалушылардың басым бөлігі үлкеніне қарай ағылатын көрінеді. Ал Үлкен Сарыоба көліне Қарағанды тас жолы арқылы баруға болады. Қашықтығы – 85 шақырым. «Үлкен Сарыоба көлінің жағалауында қамыс өспейді. Айналасы құм. Ортасына қарай көл тереңдей береді. Суға түсушілер соны ескерулері керек. Үнемі аңызақ жел есіп тұратындықтан, жиналмалы шатырларды, үйшіктерді алып барған дұрыс. Сондай-ақ, өзіңізбен бірге масаға қарсы жақпа майды алуды ұмытып кетпеңіз» дейді демалушылар.
Ал Ақмола облысы, Шортанды ауданындағы Бектау ауылдық округінде орналасқан Мықтыкөл ауылы 2006 жылға дейін «Барышевка» деп аталыпты. Астана – Көкшетау тас жолы арқылы 90 шақырымнан аса жолды артқа тастасаңыз, діттеген жеріңізге жетесіз. Жолдың сапасы жақсы болғандықтан, бір сағатта жетуге болатынын айтады демалушылар. Аптап ыстықта да мұп-мұздай болып тұратын Мықтыкөлдің ұзындығы – 1,5 км, ені – 500 м, көлемі – 2,04 млн м3, орташа тереңдігі – 12 м.
Сілеті – Сарыарқаның Ертіс алабындағы өзен. Ал бұл өзенге Астанадан Ерейментау жолы арқылы баруға болады. Сол сияқты Астанадан 40-45 шақырым ғана қашықтықта орналасқан Сарыкөл ауылындағы Тұз көлінің емдік қасиеті бар көрінеді. Бірақ бұл көлдің суының құрамын мамандар әлі анықтамапты.
Туризм индустриясы комитетінің мәліметіне сүйенсек, Астана іргесіндегі ауылдардағы туризмді дамыту мақсатында біраз жобаның жоспары жасалған екен. Мысалы, Талапкер, Қоянды, Новоишимовка, Шалқар, Қосшы, Софиевка және Қоянды ауылдық округтерінде демалыс орындары, жағажайлар салынбақ. Соның ішінде алдағы жылдары салынатын Кеңбидайық су қоймасы тағы бар. Естеріңізге салсақ, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев өткен жылы 28 маусымда Ауылшаруашылығы министрлігі Су ресурстар комитетінің төрағасы Ислам Әбішевті қабылдағанда оған Астана маңындағы су қоймалары мен көлдердің туристік әлеуетін арттыру туралы тапсырма берген. «Кеңбидайық су қоймасы қалаға жақын орналасқан. Бұл жер елорда тұрғындары демалатын орындардың біріне айналуға тиіс. Онда жағажай жасап, демалыс орындарын салу керек» деген болатын Мемлекет басшысы. Бұл тұрғыда Ауылшаруашылығы министрлігі баспасөз қызметі мамандарының мәліметінше, республикалық бюджеттен аталмыш су қоймасының техникалық-экономикалық негіздемелерін әзірлеуге 40 млн теңге бөлініпті. Мемлекеттік сатып алу конкурсы рәсімдерінің қорытындысы бойынша жеңімпаз атанған «Юпитер» ЖШС бұл жұмысты жыл соңына дейін аяқтауды жоспарлап отыр екен. Ал келер жылы Кеңбидайық су қоймасын салуға арналған жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленбек. Қазіргі кезде 7 мың гектарды құрайтын алаңда Шалқар көлтабан суару жүйесі орналасқан. Ол осы уақытқа дейін Ақмола облысы Целиноград ауданының 4 елді мекені тұрғындарының жеке меншік малдарына азық дайындайтын шабындық ретінде пайдаланылып келіпті. Ал жоспар бойынша 2020-2021 жылдары мұнда құрылыс жұмыстары толықтай аяқталып, бұл жер заманауи демалыс орнына айналмақ.

«Шомылуға болмайды!» деген белгіні сындырмаңыз!

Бірақ қала іргесіндегі өзен-көлдерге де бүкіл қала жұртшылығының аяғы жете бермейді. Сондықтан олар рұқсат етілмеген су арналарына шомылуға мәжбүр. Соның салдарынан суға кетіп, өлім құшып жатқандар да жоқ емес. Мысалы, шомылу маусымы басталғалы бері Астана бойынша 15 адам суға ағып кетіп, жан тапсырған. Оның 9-ы Пригородный тұрғын алабының тұрғындары болса, 7-еуі – кәмелет жасына толмаған балалар. Осыған орай Астана қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің мамандары «Нұра-Есіл» су арнасына рейд жасап, тұрғындарға түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Мамандардың айтуынша, ТЖД қызметкерлері осы аумақта тұратын мектеп оқушылары мен ата-аналарына түсіндіру жұмыс­тарын жүргізгенімен, балалар рұқсат етілмеген жерлерде суға түсуін жалғастыруда. Мұндағы балалар өлімінің 70 пайызы ата-аналардың салғырттығы салдарынан болып отырғанын айтады олар. «Шомылуға болмайды» деген жазуы бар арнайы тақтайшаларды тұрғындар үнемі сындырып, суға батырып жіберетін көрінеді. Бүлінген белгілерді қалпына келтіріп отыратын құтқарушылар тыйым салынған жерлерде адамдардың шомылмауын қайықпен жүріп те қадағалайды екен. Сол сияқты сырттан бақылайтын еріктілер де тартылыпты. Дегенмен сонда да кісі өлімі толастар емес. Бұл тұрғыда құтқарушылар тұрғындарға ережені қатаң сақтауға шақырып, әр үйге парақшалар таратып, түсіндірме жұмыстарын жүргізуде. Бұдан былай шомылуға рұқсат етілмеген жабайы жағажайларды қатаң бақылауға алған құтқарушылар мен тәртіп сақшылары заң бұзушыларды қолға түсірсе, 2-4 АЕК мөлшерінде айыппұл салынатынын айтады. Алайда тұрғындардың да бұған өз уәждері бар.
– Мұндағы саяжайларда балалардың ойнауына еш жағдай қарастырылмаған. Балалар ауласы жоқ. Олардың ата-аналары жұмыста болғанда, өздері күні бойы не істерлерін білмей, көше кезіп жүреді. Содан ке­йін ыстықта амалсыздан суға шомылуға барады. Балық аулайды. Өйткені олардың басқа айналысатын істері жоқ, – дейді Пригородный тұрғын алабының тұрғыны Бақытгүл Нысанбаева.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды