«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

ШЕТКІ АЙМАҚТАРДЫҢ ЖАЙ-КҮЙІ ҚАЛАЙ?

0 11

Жалпы, қала тұрғындарының проблемасы ортақ, әсіресе шаһардың шеткі аймақтарында аулаларды абаттандыру, ойын алаңдарын орнату, көшені жолдарын жөндеу және жарықтандыру, ескі ғимараттарды жаңарту, инженерлік тораптарды жүргізу, т.б жұмыстар қажет. Аталған тұрмыстық жайсыздықтар бұрыннан бар. Оларға тек кейінгі жылдары ғана көңіл аударыла бастады. Расы сол, бар мәселе қаржыға тіреліп тұр. Қазіргі күні шеткі аймақтардың кешенді жобасы жасалып, ол әкімдікке ұсынылған. Бұл жобалар саралану үстінде. Жоспар мақұлданып, жөнделіп-жаңартылатын немесе жаңадан салынатын нысандар тізімі нақтыланса, нақты қаражатпен бекітілсе, оны атқаратын мамандардан да, техникадан да тапшылық жоқ.

Байқоңыр ауданының «Өндіріс», «Кирпичный», «Қазқалашық» тұрғын үй алаптарының тұрғындары кешкі сағат 23.00-ден кейін қаланың орталығынан жетудің қиындығын айтады. Бұл уақытта қоғамдық автобустар жүрмейді, ал такси құны қымбат. Аудан аумағында орналасқан, Ақмола кезінде дүрілдеп тұрған шойын құю зауыты қазір жұмыс істемейді, оның жатақханалары еш қараусыз қалып, әбден тозығы жеткен. Мәселен, «Кирпичный» тұрғын үй алабындағы Ж.Досмұхамедов көшесінің №6 үйдің шатырынан су ағып, жертөлесі суға толған. Біз барғанда арнайы техникамен жертөле суын сорып жатты.

Осы үйде 22 жыл тұрып келе жатқан Панзия Тайғанова:

«2012 жылы бюджеттен үйдің шатырын жөндеуге қаржы бөлініп, бұл жұмыстарды көлденең мердігер атқарған. Бірақ шатырдан су қалай ақты, солай ағып тұр. Жертөлені су жылда толып қалады» деп шағымданды.

Байқоңыр аудан әкімдігінің «Кирпичный», «Қазқалашық» тұрғын үй алаптары бойынша бас инспекторы Сұлтан Жолмұхамбетов ол жылдары елордада ғана емес, бүкіл республика бойынша ТКШ нысандарын жаңғырту бағдарламасы қарқынды жүргізілгенін айтты.

«Бұл жұмыстарды тұрғындар комиссия құрып, қабылдап алуы тиіс-тін. Егер жөндеу сапасыз жасалса, онда тұрғындардың өздері тиісінше бақылау жасамаған болды. Қазір жөндеу жүргізген мердігерді қайдан тапасыз? 7 жыл өтіп кетті» деп ағынан жарылды. Сондай-ақ ол «Тұрғын үй қатынастары туралы» заңда жекеменшік үйлердің күтіміне тұрғындардың өзі жауапты екенін жеткізді.

Байқоңыр ауданы тек былтыр қазан айында ғана құрылғанын естеріңізге сала кетейік. Қазіргі кезде ауданның нақтылы орналас­тыру жоспары әзірленіп жатыр. Ол жасалып, құзырлы органдармен мақұлданғаннан кейін, мектеп, балабақша, т.б әлеуметтік маңыз­дағы нысандарды салу жоспары белгілі болмақ. 2019 жылға ауданды дамытуға 4, 200 миллиард теңге бөлінді. Байқоңыр ауданы әкімінің орынбасары Рамиль Досмағанбетов бұл қаржының барлық әлеуметтік бағдарламаларды жүзеге асыруға жеткіліксіз екенін айтты. Дегенмен Қазқалашықта көше жолдары асфальтталған, бұрын болмаған мектеп, үлкен балабақша, аурухана салынған.Үйлердің бәріне ауызсу тартылған. Бұрын үйлерді су басып қалатын, қазір ол проблема жоқ.

Сарыарқа ауданына сапары­мызды саяжай аумағынан бастадық. Онда 7 мыңнан астам адам тұрады. Олардың 150-нде жергілікті тіркеуі жоқ. Бұл мәселені оңтайлы шешу қарастырылып жатыр. Заңсыз құрылыстар салынған. Ол үйлердің құжаты жоқ, бірақ олар тізімде бар. Соларға әкімдік тарапынан көрсетілетін көмек түрлері қарастырылуда.

Сарыарқа ауданының әкімі Ерғали Егемберді саяжайлық «Жасыл тоғай-1» алабына мектеп салынып жатқанын айтты. Жаңадан төселетін күрежолдың астына кәріз, су, жылу жүйесі тартылуда. Сондай-ақ 12 гектар жерге жеке инвес­тор аурухана салуға мүдделі екен. Әкімдік оған жер телімін босатып беруге дайын. Сонымен қатар «Көктал-1» -де, Көктал-2»-де жаңадан мектептер (тиісінше 500 және 474 орындық), ауқымды гүл бағының құрылыстары жүргізіліп жатыр. Сая­бақ салатын орын бөлінген. «Бұл қаладағы үлкен саябақтардың бірі болмақ» деді аудан әкімі.

Сарыарқа ауданы бойынша 1725 адам атаулы әлеуметтік көмек алады. «Әрине, проблема жоқ емес бар. Кәріз, жаңбыр суына қатысты мәселелер бар. Оның бәрі назарда. Ретіне қарай шешіп жатырмыз. Оған бюджеттен ақша түсуін тосып отырмыз. Бүгінгі күні тұрғын алабының 8 көшеге орташа жөндеу жүргізілуде. Көшелердің жарықтандырылу мәселесі шешілді, 40 аула абаттандырылуда, соның сегізі тұрғындардың бастамасымен» деді агроқалашық бойынша аудан әкімінің бас инспекторы Берік Төребеков.

«Бүгінде қалада ең басты деген үш проблема бар: үлескерлер мәселесі, газдандыру және шеткі аймақ тұрғындарының тұрмыс­тық-жай-күйі. Аталған түйткілдер рет-ретімен шешіліп келеді. Бүгін біз осы жайсыздықтарды өз көзімізбен көріп, көкірегімізге түйдік. Бұл фактілерді әкімдік те жақсы біліп отыр. Алдағы күндері осы келеңсіздіктерді жоюда атқарушы билікпен тізе қосып жұмыс істеуге ниеттіміз» деді Қоғамдық кеңестің хатшысы Мұхтар Еркетаев.

Қоғамдық кеңес алдағы 23 тамыз күні қаладағы тұрғын алаптардың жай-күйі байланысты қорытынды жиын өткізіп, осы сапарда көтерілген проблемалар сонда қаралатын болады.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды