«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Шеткі аймақтар шеттемесін

0 46

Астана қаласы мәслихаты мен тұрақты комиссиясы «Нұр Отан» партия­сы депутаттық фракциясының отырысы өтті. Күн тәртібінде 2019-2021 жылдарға арналған қала бюджетінің жобасы қаралды.

Жиында алғашқы болып сөз алған стратегиялық және бюджетті жоспарлау басқармасының басшысы Расул Оразғұлов қала бюджетіндегі 3 жылдық кіріс-шығыс пен қанша қаржының қайда жұмсалатыны туралы баяндады.
– Болжамға сәйкес, 3 жылғы, яғни 2019-2021 жылдардағы кіріс мөлшері 858 миллиард теңгені құрап отыр. Соның ішінде салық түсімі – 841 миллиард, салықтан тыс кіріс – 3,8 миллиард теңге, негізгі капитал сатылымынан
12,2 миллиард теңге болады деп жоспарлануда. 2019 жылғы кіріс мөлшері
272,5 миллиард теңге болса, оның салықтан тыс кірісі – 1,2 миллиард, негізгі капитал сатылымынан 7,1 миллиард теңге болады. Яғни кіріс мөлшерінің 97 пайызы салық түсімінен болады деп күтілуде. Ал 3 жылдың шығын мөлшері – 1 триллион 114 миллиард теңге. Соның ішінде 2019 жылғы шығын мөлшері биылғы бекітілген бюджеттік жоспарға сәйкес, 9 пайыздық өсіммен есептегенде 422 миллиард теңгені құрайды, – дейді басқарма басшысы.
Оның айтуынша, аудан әкімдіктеріне бюджеттен 30 млрд теңгеден аса қаржы бөлінеді. Мысалы, Алматы ауданына
8 млрд 670 млн теңге бөлінсе (4,9 млрд теңгесі тазалыққа, 2,7 млрд теңгесі абаттандыруға), Байқоңыр ауданына 4 млрд 315,6 млн теңге, (2,4 млрд теңге тазалыққа, 1,3 млрд теңге абаттандыруға), Сарыарқа ауданына 6 млрд
613,1 млн теңге (3,8 млрд – тазалыққа, 2,1 млрд теңге – абаттандыру), Есіл ауданына 11 млрд 677,5 млн теңге (6,4 млрд – тазалыққа, абаттандыру – 4,4 млрд теңге) аударылады. Ал 37 млрд 222,2 млн теңге қаланың жылу энергетикалық кешен жүйесін дамыту жұмыстарына бөлінбек.
Өз кезегінде сөз алған депутат Зейнолла Шібкенов басқарма басшысынан Байқоңыр ауданына қаржының неге аз бөлінгенін сұрады.
– Жаңа аудан үшін бұл қаржы тым аз. Өйткені басқаларына қарағанда ең артта қалған аудан осы. Ондағы «Өндіріс», «Кирпичный» сияқты қала сыртындағы тұрғын алаптардың мәселесі шаш етектен. Жарық тартылмаған, жолдары жөнделмеген көшелер көп онда. Керісінше, осы ауданға көбірек қаржы бөлінуі керек еді, – деді ол.
Бұл сұраққа жауап берген басқарма басшысы бюджет қаржысы нормативке сәйкес, аудандардың орналасу тығыздығына қарай қарастырылғанын атап өтті. Ал жарық тарту мәселесі мемлекеттік-жекеменшік әріптестік бағдарламасы бойынша инвесторлар есебінен жүргізілетінін жеткізді. Алайда жауап­қа қанағаттанбаған депутаттар нормативтерді қайта қарастыру керектігін айтты.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды