«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Шеткі аймақтар қалай дамиды?

0 37

Жақында Нұр-Сұлтан қаласы мәслихатының депутаттары қаладағы бірқатар тұрғын алапты аралап шықты. Шеткі аймақтардың жағдайы мәслихаттың тұрақты комиссияларының қоғамдық тыңдауларында жан-жақты талқыланды.

Шаһардың шеткі аймақтарын дамыту тұжырымдамасы 2008 жылы қабылданды. Бұл құжатта барлығы 20 тұрғын алап қамтылды. Отырыста осыны баяндаған Көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасының басшысы Асхат Қарағойшин өткен уақыт аралығында атқарылған жұмыс көлемінен хабар берді.
– Қазірге дейін тұрғын алаптарда 232 шақырым жол және 900 шақырым инженерлік желілер салынды. Ал 2011 жылдан бастап қазіргі күнге дейін 20 тұрғын алабында 115 шақырым жол салынып, 350 шақырым инженерлік желілер жүргізілді. «Күйгенжар», «Қазақауыл», «Пригородный», «Қараөткел», «Заречный», «Промышленный» тұрғын алаптарындағы жұмыстар толығымен аяқталды. 2019 жылы шеткі аймақтар инфрақұрылымына 5,4 миллиард теңге бөлінді, – деген басқарма басшысы жолдарды салу, жылы аялдамалар мен бағдаршамдарды орнату, басқа да биыл атқарылатын маңызды жұмыстар жайлы баяндады.
Бір айта кетерлігі, тиісті жұ­мыс­тар 2020 жылға дейін кезең-кезеңімен жүзеге асыры­лып жатыр. Атап айтқанда, «Ком­сомольский» тұрғын алабында төртінші кезең жұмыстары жоспарланды. Интернациональныйда 26 көшенің құрылысы қарастырылып отыр. Соның ішінде жөнделетін жолдардың жалпы ұзындығы 14, 7 шақырымды, инженерлік желілер 58 шақырымды құрап, 8 шақырым су құбыры салынбақ.
Отын-энергетикалық кешені және коммуналдық шаруа­шы­лық басқармасының басшысы Ербол Төлеуов биыл «Шеткі аймақтарды дамыту» бағдарламасына 2,3 млрд теңге бөлінгенін мәлімдеді. Алайда бұл қаржы аталмыш басқармаға әлі түспеген. Басқарма басшысының айтуынша, бөлінген қаражат мамыр айында түсуі керек.
– Бөлінген қаржыға сәйкес атқарылатын жұмыстардың жос­пары мен олардың орындалу кес­тесі бекітілді. «Ильинка» тұрғын алабында жалпы ұзындығы 12 шақырымды құрайтын 32 көшеде тиісті жұмыстар жүргізіледі. 4,2 шақырым кәріз жүйелері, 23 шақырымды құрайтын тротуар салынады, – деді Е.Төлеуов.
«Көктал» тұрғын алабындағы Баршын көшесінде су, кәріз, электрэнергиясы желілері тартылатынын айтқан ол 3,5 мың адам аталған инфрақұрылыммен қамтамасыз етілетінін жеткізді. Н.Тілендиев даңғылы бойындағы «Ақ тілек», «Көктал-2», «Ұлытау», «Жеті жол» тұрғын үй кешендері де «Шеткі аймақтарды дамыту» бағдарламасының игілігін көреді.
Басқарма басшыларының баяндамаларын тыңдағаннан кейін қалалық мәслихат депутаты Зейнолла Шібкенов «Өндіріс» тұрғын алабындағы жағдайға назар аударды.
«Жаңа жол көшесі қашан салынады? Өндіріс пен Кирпич­ный мәселелерін ылғи көтеремін. Алайда бұл тұрғын алап­­тарда жоспарланған жұмыстардың 10 пайызы ғана орын­далды. 83 көшеден Қошке Кемеңгерұлы мен Өндіріс көше­лері ғана салынды. Оның өзі Өндіріс көшесі жартылай ғана жасалды. Нөсер сулары жүйесі салынбағандықтан, бұл көшелердегі жолдардан 1,5-2 жылдың ішінде түк қалмай ма деп қорқам. Жаңа жол, Өндіріс, және Үшқоңыр көшелерінің жолдарын бүгін кеңейтпесек, көлік кептелісінен құтылмаймыз. Инфрақұрылымға барлық қаржы басқармалар арқылы емес, аудан әкімдігіне бөліну керек. Жағдай орнынан қозғалмаса, осы мәселені көтеруге мәжбүр боламын. Сонда жауапкершілікке жететін бо­лармыз» деді З. Шібкенов.
Қалалық мәслихат депутаты Мирас Шекенов «Үркер» және «Шығыс Ильинка» тұрғын алаптарының мәселелерін көтерді. «Е16 көшесі бойын абаттандыру жұмыстарын биыл толығымен аяқтау керек. Ш.Айтматов көшесі арқылы өтіп, №78, №71 мектептерге тіке апаратын жолды да салып бітіру қажет. Қалалық мәслихатта Шығыс Ильинка мәселелері бойынша жеке жұмыс тобы құрылды. Бізге бұл тұрғын алап бойынша нақты, анық жоспар құру керек» деді депутат.
Күйгенжарда көшелерді жарықтандыру үшін 120 бағана орнатылды. Содан бері 8 жыл өтсе де, олар РЭК желілеріне қосылмаған. Алматы ауданы әкімдігі аталған мекемеге тиісті келісімге әлі келмеген. Осыны айтқан мәслихат депутаты Еркеғали Есенжолов бұл тұрғын алапта жолдар салынғанымен, нөсер сулары желісі мен тротуарлар салынбағанын жеткізді.
– «Мичурино» тұрғын алабында да тротуарлар, жолдар құрылысы бойынша тиісті жұмыстар бітпеген. Онда да нөсер сулары кәрізі жоқ. Күйгенжарда халық ауызсудан да тарығып отыр, – деді ол.
Оның айтуынша, Промышленныйда жолдардың 60 пайызы ғана салынған. Бұл жұмыс 8 жылға созылып кетті. Сондай-ақ ол электрэнергиясы тарифтері мәселесін көтерді. «Шеткі аймақтар дейміз. Олар да қала ғой. Бірақ Мичуринода тариф неге 19 теңге, ал қалада 15,9 теңге? Мұны реттеуге болады ғой» деді Е.Есенжолов.
Отырыста депутаттар шеткі аймақтардағы өзге де мәселелерге көңіл бөлу керектігін баса айтты. Басқарма басшылары оларға жауап берді.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды