«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Шетелге саяхат жасарда көңіл бөлетін түйіндер

0 36

Қазақстан азаматтары шетелге шыққанда немесе шығарда нелерге көңіл бөлгені жөн? Жат ел, жат жерде саяхаттап жүріп, ойламаған тосын жағдайларға жолығып қалудан немесе шекарадан өте алмай, босқа шығындалудан сақтану үшін мына түйіндер қаперде болғаны оң.

Құжаттарды тексеріңіз

Шетелге аттанар алдында, ең алдымен, құжаттарыңыздың дұрыстығын тексеріп алған жөн. Әсіресе, паспорттағы тегіңіздің, атыңыздың, әкеңіздің атының (латын тіліндегі транслитерациясы да), туған күніңіз бен туған жеріңіздің, балаларыңыз туралы мәліметтердің дұрыс жазылғанына көз жеткізіңіз. Пас­портыңыздың аяқталу мерзімін қадағалаңыз. Мерзімі өтіп кеткен немесе өтуге таяп қалған құжатты міндетті түрде ауыстыру қажет. Жаңа паспортты бір ай ішінде ауыстыруға болады. Егер демалысқа жасы 16-дан төмен баламен бірге баратын болсаңыз, оған да паспорт рәсімдеу керек екенін ұмытпаңыз. Көптеген елдерде ата-анасымен бірге жүрген баладан да паспорт талап етеді.

Виза дайын ба?

Баратын еліңіздің Қазақстан азаматтарына бағытталған визалық режимін білген абзал. Егер виза қажет болса, сол елдің дип­ломатиялық өкілдігіне немесе консулдық мекемесіне барып виза алу керек. Кейбір туристік агенттіктер арқылы да жасатуға болады. Визадағы мәліметтердің дұрыстығы мен мерзімін, шетелде жүруге рұқсат етілген күндердің санын да салыстырып қараңыз. Ал еліміз азаматтары үшін визасыз режим болса, ол елде болудың ең ұзақ мерзімі мен тәртібін анықтап алыңыз. Бір мемлекет арқылы екінші елге баруды жоспарласаңыз, онда транзиттік виза туралы да ақпарат сізге қажет.

Айыппұл мен берешектер бар ма?

«Шет елге шығуы шектелген, борышқорлар тізімі және атқару өндірісі бойынша борышқорлар тізімі бойынша шет елге шығуға тыйым салынғандығының бар-жоқтығын тексеру» қызметі арқылы шетелге шығуға қойыл­ған шектеудің бар-жоғын тексеруді ұмытпаңыз. Оны ҚР Әділет министрлігінің ресми сайтындағы мәліметтер базасынан немесе «Атқарушылық іс жүргізу бойынша борышкерлер тізімі» мәліметтер базасынан тексеріп алуға болады. Әкімшілік құқықбұзушылықтар мен төленбеген айыппұлдарды да анықтап алу керек. Төленбей қалған айып­пұлдың шекарадан шығарда үлкен тосқауыл болатынын әрқашан естен шығармау керек.

Медициналық мәселелерге мән беріңіз

Баратын еліңіздің медициналық сақтандыру қызметі жайлы да ұғысқан оң. Өйткені ол медициналық көмек қажет болған жағдайда сізге шығындарыңызды өтеуге мүмкіндік береді. Сапарға шығардан бұрын денсаулығыңыз­ды тексертіп, өзіңізде жұқпалы аурулардың жоқтығы жайлы анықтама алғаныңыз абзал. Өзіңізге қажетті дәрі-дәрмекті (асқазанның, іш аурудың, тұмау­дың дәрілері) ала жүрудің де ауыр­лығы жоқ. Сондай-ақ тропикалық елдерге бару үшін дифтерия, сіріспе, полиомиелит, сары безгек секілді инфекциялық аурулардан екпе алуды ұмытпаңыз.

Кедендік бақылаудан байқау керек

Қазақстаннан үш мың АҚШ долларынан астам шетел валютасын алып бара жатсаңыз, оны жазбаша түрде декларациялау қажет. Егер декларация толтырмай, ақшаны жасырып өтемін деген бақай қулықпен жүріп ұсталсаңыз, қаражатыңызды кеденде тәркілеп алуы немесе ақшаны заңсыз алып өткеніңіз үшін әкімшілік, тіпті қылмыстық жазаға тартылуыңыз мүмкін. Әуе көліктерінде қол жүгінде кесетін, шаншитын заттарды, балалардың ойыншығын және пішіні қаруға ұқсас заттарды алып жүруге болмайды. Кейбір елдерде түрлі сұйықтықтар мен гель алып өтуге де шектеу қойылған.
Ал моральдық тұрғыдан алғанда, барған еліңіздің заң-жарлықтарына құрмет ету жеке басыңыздың мәдени сапасына саяды. Егер шетелде жүргенде құқық қорғау органдары қамауға алса немесе жол-көлік оқиғасы секілді басқа да жағдайларға тап болсаңыз, сол елдегі Қазақстанның консулдық мекемесінің қызметкерімен кездесуді талап ете аласыз. ҚР Консулдық мекемесінің қызметкерінсіз шет тілде толтырылған хаттамалар мен құжаттарға қол қоймаған дұрыс.

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды