«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Шетел атауларынан ат үркеді

0 52

Әңгімені оқиғадан өрбіткім келіп тұр… Таяуда елден туысқан көкем келді. Бұл кісінің бас қалаға араға 5-6 жыл салып келіп тұрған беті. Жасы үлкейіп қалса да ауылдағы мал-жанға қорған болып отырғаннан кейін шаруадан қолы босай бермейді. Әйтеуір осы жолы бойын жазуға ретін тауыпты.

Содан алыстан ат арытып келген көкемді кешкілік көлігіммен қаланы көрсетуге алып шықтым. Әуелі елорданың символы – «Бәйтерекке» бас сұғып, кейінгі жылдары биік үйлерімен құлпыра түскен сол жағалаудың көшелерін біраз араладық. Одан кейін оң жағалауды қалдырмай, бір шолып өттік. Сөйткенше «таба нандай» қызарып күн де батып, түнгі шаһар түрлі түсті шамдарымен жарқырай түсті. Әсіресе, түнде елордадағы мейрамханалар мен дәмханалар, қонақүйлер және тағы басқа орындардағы шетелше жазылған жазулары мен жарнамалар көзді арбап, сені алыстан шақырып тұрады. Бұл көрініс қонағыма онша ұнай қоймады. «Осыларды ана тілімізде ұғынықты етіп жазып қойса біреу бірдеңе дей ме екен?» деп көкем күрсініп алды. Бұл жағдай көбіміздің шымбайымызға батып жүрген дүние еді. Көкем де соны тап басып айта салды.
Бүгінде тіл туралы тақырып әбден ақжемі шыққан, жауыр атқа айналды. Сонда да қазақ журналистері оны айтудан, жазудан шаршаған емес. Өйткені азаттық алғанымызға отыз жылға тақап қалса да, ана тіліміз толық өз тұғырына қонған жоқ. Оның дәлелі көп. Соның бірі – өзге тілде жазылған атаулар. Қазір бас шаһардағы шетелдік атаулардан ат үркиді. Нанбасаңыз, бір уақ ұзын көшемен жүріп отырсаңыз, жолдың екі қапталындағы шетелше атаулардан көзіңіз сүрінеді. Бұрын олар орыс тілінде басымырақ болса, енді ағылшынша жазылған. Осы тақырыпты індете зерттеп жүрген белгілі ғалым Бекжан Әбдуәли ағамыз елордада ресми тіркелген серіктестіктердің атауын алып қарағанда, оның 80 пайызға жуығы орыс немесе шетел тілінде жазылғандығын анықтаған.
– Бұған қарап мемлекеттік тілдің мүддесі тұрғысынан жаңа бір проблемалар туындап жатқан сияқты. Мысалы, бұрын ұғымымызға жат «ASTANA GUARD», «AVI Engineering», «Weather Technologies», «Absolute stroi company», т.б. секілді атаулардың басымдығына қарағанда қоғамның тілдік санасындағы өзгерістерді байқауға болады. Тіпті қоғамдық түсінік өзгермеді деген күннің өзінде де батысқа еліктіріп тұратын қызылды-жасылды атаулардың жарнамасы өз ықпалын тигізбей қоймайтын секілді. «Рухани жаңғыру» идеясын жүзеге асырып жатырмыз. Алайда мемлекеттік идея мен қала ішіндегі жағдайлар бір-бірімен сәйкес келмейтінін күнде көзіміз көріп отыр. Неге? Өйткені нарыққа бейімделу барысы бізді қалайда «мал табуға» итермелеп отыр. Ал әр кәсіпкердің алдына қойған мақсаты осы болғандықтан, ол қалайда қоғамдық санадағы түсінікке, яғни жарнамаға ден қоймай тұра алмайды. Одан басқаша нәрсені талап ету қиын, – деді ғалым.
Жалпы, қазір қалада көпшілік жиі бас сұғатын орындарға шетелдік атаулар беру сәнге айналып барады. Бұрын шаһардағы тәп-тәуір ұлттық ұғыммен аталған кейбір мейрамханалар мен қонақүйлердің атаулары да ағылшынша өзгерді. Сонда бұл уақыт талабы ма, әлде кәсіпті жүргізудің оңтайлы құралы ма? Әлде осы үшін ұлттық мүддені ысырып қоямыз ба? Мәселен, әнеу бір жылы Мәскеуге барғанымда жұртшылық жиі баратын орындардың атаулары орысша жазылғандығын көргенім бар. Біз секілді оларда соншалықты өзгеге еліктеу жоқ.
Филология ғылымдарының докторы Бекжан Әбдуәлидің пікірінше, кейде бір атаулардың құрылымынан мидай араласып кеткен тілді көресіз. Мысалы, оны «ALEM IMPORT», «ARNUR Food Service», «ARUTRADE-ASTANA», «Альсалам Трэвел», «Win Level Capital», «Баракат плюс», «ALEM GROUP ASTANA», «KZ PARTNER 2017» секілді атаулардан байқайсыз. Бұл үдеріс атау жасаудың жаңаша бір үлгілерінің қалыптасып келе жатқанын көрсетеді. Оның айтуынша, жарнамалық атауларды күнде көріп өскен жастардың санасындағы ұлттық құндылықтардың орны қандай болатынын шамалау қиын екен. «Латын әліпбиіне көшкеннен кейін ағылшын атаулар мен қазақша атаулардың ара-жігін ашып тану – ол да үлкен проблемалардың бірі» дейді ғалым. Осыдан-ақ бұл тарапта біраз түйіні шешілмеген мәселелер қордаланып қалған. Сондықтан қалалық Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасына хабарласып, олардың да пікірін білген едік.
– Қолданыстағы заңнамаға сәйкес уәкілетті орган тек мемлекеттік нысандар, елді мекендер, көше атауларына ғана келісім береді. Ал кез келген жекеменшік мекеме, қоғамдық ұйым әділет органында тіркелер кезде атты өзі таңдайды. Ал атауды тіркеуге ұсынған кезде бұл мәселе қарастырылмаған. Ал атауың ұнамсыз екен, неге шетелше деген уәж ресми тіркеуден бас тартуға негіз бола алмайды. Біз бұл жөнінде заңға өзгеріс енгізу үшін Тіл саясаты комитетіне, прокуратураға xат жаздық. Мұндай атаулардың бақылауда болуына біз де мүдделіміз. Нысандарға атау беруді реттестіру үшін Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ономастика мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу қажет. Алайда қаланың нысандарына атау беру барысында төмендегі мәселелер ескерілуі керек: қазіргі қазақ әдеби тілінің сөз жасамы, айтылым және стилистикалық нормаларының ескерілуі, ұлттық эстетикалық талғамға сай болуы, семантикалық жағымды мазмұнға ие болуы, айтуға жеңіл, мейлінше ықшам әрі есте сақталуы жеңіл болуы тиіс, – дейді аталған басқарманың ономастикалық жұмыс және мемлекеттік рәміздер бөлімінің бас маманы Айгүл Иманғали.
Қорыта келгенде түйгеніміз, бұл шетелдік атауларды реттеу үшін заңға өзгеріс енгізу қажет екен. Ендеше бұл мәселеге халық қалаулылары да бейжай қарамайды деп ойлаймыз.

***
Танымал ақын Есенғали Раушанов бір өлеңінде:
– Жеке бақыт болған емес,
Жеке мұң,
Бірдей сүйіп мына туған мекенін.
Өзбек біткен сезінеді күн сайын
Бұл Тәшкеннің өзінікі екенін, – деп жазыпты.
Ал біз осындай сезімді қашан бастан кешеміз?!

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды