«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

ШЕТ АЙМАҚТАРДЫ ҚАЛАЙ ДАМЫТАМЫЗ?

0 16

Өткен аптада елорданың Қоғамдық кеңесінде «Нұр-Сұлтан қаласы тұрғын алаптарының жағдайы мен даму болашағы» атты қоғамдық тыңдау ұйымдастырылды. Онда қалалық мәслихат депутаты Мирас Шекенов баяндама жасап, осы мәселеге көзқарасын білдірді. Депутаттың сондағы айтқан негізгі ойлары төмендегідей болды.

– Ел астанасы тұрғындарының 25 пайызы шет аймақтарда әлеуметтік нысандардан тапшылық көріп, жол мен инженерлік инфрақұрылым мәселелеріне алаңдап тұрып жатыр. Тұрғын алаптар халқын жарық, су, жылу, нөсер сулары мен кәріз жүйелері проблемалары мазалайды.

Қаланың қарқынды дамуына қарамастан кенттер халқы елсіз аралда қалғандай күй кешуде. «Железнодорожный», «Промышленный», «Өндіріс», «Кирпичный», «Мичурино», «Интернациональный», «Көктал», «Пригородный», «Ильинка», тағы осы сияқты кенттердің даму деңгейі қаланың өркендеуіне сай келмей тұр. Бұл бюджет қаржысын бөлгенде тепе-теңдекті сақтамауынан болып отыр. Оның үстіне қала ішкі миграция үшін тартымды болып, елорда тұрғындары жыл сайын көбейіп жатыр. Шеткі аймақтарды дамыту саясаты да өз нәтижесін әлі бермей келеді.

2010 жылы депутаттар бұл мәселені көтергеннен кейін жергілікті атқарушы орган «2020 жылға дейінгі перспективасымен Астана қаласының шет аймақтарын ортамерзімді кезеңде дамыту тұжырымдамасын» әзірледі. Алға қойылған міндеттерді шешу үшін инженерлік желілерді, көлік жолдарын жобалау, салу, қайта құру, жөндеу жоспарланып, көлік қозғалысы мен жаяу жүргіншілер қауіпсіздігін қамтамасыз ету, шеткі аймақтарды абаттандырып, көгалдандыру жұмыстары межеленді.

Жалпы алғанда, 20 тұрғын алап қамтылып, 232 шақырым жол, 900 шақырым инженерлік желілер салынып, шет аймақтар абаттандырылуы тиіс еді. Өкінішке қарай, қазіргі уақытта аталмыш тұжырымдама жартылай ғана орындалды. Даму жағынан шет аймақтар қаланың орталығынан айтарлықтай артта қалды.

Бұдан кейін қаланы дамытудың 2050 жылға дейінгі стратегиясы қабылданды. Бұл құжатқа сәйкес Нұр-Сұлтан шаһарын жаһандық қалаға айналдыру көзделіп отыр. Стратегия қаланы ғана емес, Қазақстан Республикасын әлемнің негізгі экономикалық орталықтарымен нәтижелі түрде байланыстыру керек. Тиісті межеге жетудің индикаторы ретінде Нұр-Сұлтан қаласының жаһандық қалалардың әлемдік жүйесіндегі орны саналады. Бұл Globalization and World Cities Index әдістемесі бойынша өлшенеді. Басқаша айтқанда, Нұр-Сұлтан «альфа минус» тобына кіріп, өзінің аймақтық бәсекелестерін басып озуы керек.

Айқын мақсаттарға жету үшін Нұр-Сұлтан қаласын трансформациялау бойынша үш негізгі стратегиялық міндетті шешу қажет. Соның біріншісі және ең бастысы, барлық тұрғындарға жайлы қаланы жасау. Содан кейін барып Нұр-Сұлтан тұрақты даму жолына түскен, халықаралық интеграцияланған шаһарға айналуы тиіс. Ол үшін қаланы орталық және шет аймақтарға бөлмей, бюджет қаржысын тепе-тең бөлу керек.

Аудандарға қаржы бөлгенде, назарды салынған жолдардың шақырымдарына, абаттандырудың көлеміне ғана емес, тұрғындардың әлеуметтік-психологиялық жағдайына аудару қажет. Билік пен бизнеске бұл пайдалы болады. Себебі дамыған жергілікті қоғаммен қалай болғанда да жұмыс істеген жеңіл.

Шет аймақтардағы абаттандыру мен тіршілікті қамтамасыз ету мәселелерімен қатар әлеуметтік, қоғамдық-іскерлік инфрақұрылымға көңіл бөлген абзал. Кейбір аймақтарды олар мүлде жоқ. Ал мұндай инфрақұрылым қала экономикасы дамуының негізін құрайды.

Шет аймақтарды дамытуға барлығымыз жұмыла кірісіп, инвестиция құйылу керек. Оларды дамытудың жаңа кешенді бағдарламасы қабылданып, қажетті көлемде қаржы бөлінуі тиіс. Сосын бұл бағдарламаның орындалуы мен қаржының бөлінуіне билік және қоғам тарапынан қатаң бақылау қойған қажет.

Әрине, алдымызға қойған мақсаттарға жету үшін екі-үш жыл емес, ондаған жыл кетуі мүмкін. Бірақ ең бастысы бұл үшін жүйелі жұмыс істелуі керек.

P.S. Дмитрий Никулин атты фейсбук қолданушысы Мирас Шекеновке «Өндіріс» тұрғын алабына апаратын жол бойында Пенопласт зауыты жақтан көпір салу мәселесін мәслихатта көтеруді сұрады. Өзінің өтінішін ол теміржолға жетіп қалғанда кептелісте екі сағатқа дейін тұратынымен түсіндірді. Оған жауап берген депутат көпір салынып, Ш.Бейсекова мен Құс жолы көшелерін қосатынын, тиісті жоба әзірленіп жатқанын, қазіргі кезде жер учаскелерін алып қою мәселесі қаралып отырғанын жеткізді.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды