«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Шет аймақтарда жаңа мектеп салынады

0 9

Жуырда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елорданың «Лесозавод» ықшамауданында орналасқан №23 мектепке барған кезінде оқу ғимаратының ахуалымен танысып, аталған ауданда жаңа мектеп салу қажеттігін айтқан еді. Президент тапсырмасы бойынша қазіргі таңда қандай жұмыс атқарылып жатқаны жайлы біз тиісті мекеме өкілінен сұрадық.Қалалық ортаны регенерациялау басқармасы Дизайн және жобалар сапасы бөлімінің бас маманы Аягөз Сапақбаеваның мәлімдеуінше, жақында №23 мектепке арналған 600 орындық жаңа ғимараттың құрылысы бой көтереді.
– Онда оқу кабинеттері, спорт залы, асхана, мәжіліс залымен бірге менталдық кемшіліктері бар балаларға арналған инклюзивті сыныптар да болады. Өйткені бұл мектепте ерекше қажеттілікті талап ететін 9 бала білім алуда, – дейді ол.
Бүгінде «Астанатехстройэксперт» ЖШС-мен жобалау жұмыстарына келісімшарт жасалып, эскиздік жобаны дайындау бойынша жұмыс­тар жүргізілуде. Ғимарат құрылысының аяқталу мерзімі 2020 жылғы қыркүйекке тұспа-тұс келеді деп жоспарлануда, яғни шәкірттер келесі оқу жылын жаңа мектепте қарсы алады.
Нұр-Сұлтан қаласының шет аймақтарын дамытудың 2020-2022 жылдарға арналған кешенді жоспары аясында бұдан бөлек үш мектеп құрылысы салу көзделген. Оның біреуі осы аудандағы Тайбурыл көшесі, 23-үй мекенжайында орналасқан №34 мектепке жапсаржай болса, қалған екеуі – жаңа мектептер. Олардың бірі – «Үркер» тұрғын алабында, енді бірі Қарасай батыр мен Бұланты көшелерінің қиылысында бой көтеретін болады.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, шаһардағы 14 мектепте оқушы саны нормадан артық. Оның ішіндегі 8-і, нақтырақ айтсақ, №13, 14, 27, 31, 40, 53, 59, 85 мектептер үш ауысымды режимде оқытуға мәжбүр.
Білім басқармасының Стратегия, талдау және цифр­лық технологиялар бөлімі басшысы Жазира Асанова ұсынған мәліметке сүйенсек, елорданы дамытудың бесжылдық кешенді жоспарында 37 жаңа мектеп пен 10 жанама құрылыс салу қарастырылған. Қазіргі таңда 5 объект салынып, пайдалануға берілді.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды