«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Шерулерде 4 мыңға жуық адам ұсталған

0 11

Елордада және Алматыда 9-13 маусым күндері өткен заңсыз шерулерде 4 мыңға жуық адам ұсталған. Олардың 3 мыңы түнгі сағат 03-ке дейін жедел босатылған. Үкімет үйінің дәлізінде тілшілер қауымының сұрақтарына жауап берген Ішкі істер министрі Ержан Тұрғымбаев осындай деректерді жария етті.

«Төрт мыңға жуық адам ұсталды, соның ішінде 3 мыңы ұсталған күні түнгі сағат 03-ке дейін босатылды. 677 адам сот арқылы әкімшілік жауапкершілікке тартылды, 305 адамға әкімшілік айыппұл салынды» деді министр. Ол сондай-ақ 9-10 маусым күндері қамауға алынған тілшілерге қатысты да оқиғаны түсіндіріп берді. Расында да, аталған күндері журналистер ұсталған. Себебі полиция қызметкерлері тілшілердің үстінде арнайы киімі, мойнына таққан бейджигі болмағандықтан, жұрттан айыра алмаған.
Ержан Тұрғымбаев рұқсат етілмеген шерулерге шыққан азаматтардың шерулер мен демонстрациялар туралы заңды бұзғанын айтты. Өйткені осы заңда шеруге шығу үшін, азаматтар 10 күн бұрын жергілікті атқарушы органға өтініш беріп, рұқсат алғаннан кейін ғана іс-қимылға көше алады. «Шеруге шыққан азаматтар саябақтардағы, гүл бақтарындағы тыныштықты бұзып, мәдени іс-шараларды өткізуге кедергі келтірді. Мысалы, Нұр-Сұлтан қаласындағы Республика даңғылында төрт сағат бойы жол қозғалысы шектелді. Мұндай жағдай басқа азаматтардың наразылығын туғызды. Сол себептен, құқық қорғау органдарының қызметкерлері аталған жанжалдарды жоюға, қоғамдағы тәртіпті бақылау­ға жұмылдырылды. Әуелі полиция құрылымдары, одан соң Ұлттық Ұланның сарбаздары осы іске тартылды» деді Ішкі істер министрі.
Біздің полицейлер Алматыдағы шерулерді суретке және бейнетаспаға түсіріп жүрген Agence France Press тілшісі Кристофер Риколтонды полицейлер қамауға алған. Өйткені оның үстінде журналист екенін айғақтайтын жилеті мен «тілші» деген жазуы болмаған. Бұл оқиғаның анық-қанығын Ішкі істер министрінің орынбасары Марат Қожаев түсіндіріп берді. «Шетелдік тілшіні адамдардың арасынан кім таниды? Оны жұртпен бірге ұстадық. Бірақ тілші екендігін білген соң, бірден босаттық. Ал оның фотоаппараты, өзге де жабдықтары бүлінген болса, біз бәрін тексереміз. Кінәлілер жазаға тартылады» деді ол Орталық сайлау комиссиясындағы брифингте.
Демек, тілшілер үстіне «БАҚ» деген жазуы бар киім кисе, мойнында қай БАҚ-тың өкілі екені жазылған бейджигі болса, полицейлердің ұстауға құқы жоқ. Айтпақшы, Алматыда және Нұр-Сұлтанда болған заңсыз шерулерде 4 тілші ұсталған. Олардың барлығы да босатылды.
Ержан Тұрғымбаев көшедегі бейберекетсіздікті жою үшін шақырылған полицейлерге халыққа қарсы қандай да бір құрал қолданбауға бұйрық берілгенін жеткізді. «Егер де кейбір адамдар дене жарақатын алған болса, заңсыз ұсталған болса, олар бас Прокуратураға шағымдана алады. Құзырлы мекеме құқықтық баға береді» деді. Айтпақшы, 9,10, 11 маусым күндері өткен шерулерде 300-ден аса полиция қызметкерлері жарақат алған. Соның ішінде, алтауы әлі ауруханада жатыр.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды