«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Шеруге шыққан жұрт не айтты?

0 53

Өткен жексенбінің айтулы оқиғаларының бірі – елордамыздағы рұқсат етілген шерулер болды. Елорданың екі жерінде өткен шерудің де болмысы екі түрлі болғаны рас. «Жерұйық» саябағындағы шеруді былайғы жұрт «Nur Otan-ның митингісі» деп бағалады. Шынында да ол жерде негізінен, «нұротандық» депутаттар мен ассамблея өкілдері сөйледі.

«Жерұйық» саябағындағы шеру «Біз біргеміз» деген атаумен өтті. Заңды түрде рұқсат етілген басқосу соңғы кездері елімізде болып жатқан оқыс оқиғаларға арналды. Шеруге шыққандар қоғамдағы қалыптасқан жағдайларға қатысты ой-пікірлерін ашық айтты. Негізінен алғанда, елді елеңдетіп отырған әлеуметтік мәселелер басты тақырыпқа айналды.
Жиналған халықпен Парламент депутаттары, Қазақстан халқы ассам­блеясының мүшелері тілдесіп, өзде­рінің ойларымен бөлісті. Депутаттар халықтың талап-тілегіне құлақ түрді. Мінбеден сөз сөйлегендер елдің санасын улайтын әртүрлі жат идеяларға сенбеуге үндеді. Оның орнына мемлекеттің әлеуметтік салада жүргізіп отырған саясатын қолдап, бірлік пен бейбітшілікті ту етіп ұстауға шақырды.
Ал сол күні Шәкәрім-Пушкин көшелерінің қиылысында болған жиында салмақты ой-пікірлер айтылды. Әлеуметті ашындырған жағдайлар батыл сыналды. «Байтақ болашақ» экологиялық альянсының жетекшісі Азаматхан Әміртай сияқты азаматтар ұйымдастырған шеруде ел билікке жанайқайын жеткізді. Шеруге шыққандар ел басшылығына 22 нақты ұсыныс жолдады. Олардың арасында Арыстағы апат, Теңіздегі толқу, көпбалалы аналар мен жетім балаларға тегін үй беру, АЭС салуға жол бермеу, әр адамның үй салуға жер учаскесін тегін алуы, елорданың атауын қайтару, референдум, сайлау және шеру өткізуге туралы заңнаманы өзгерту, бір палаталы Парламент құру, зейнетақы қорындағы қаражаттың ашықтығын қамтамасыз ету сияқты өзекті мәселелер бар.
Шамамен екі сағатқа созылған жиын түскі 13.00-де аяқталды. Бұл бейбіт жиын билік пен бұқараның арасындағы сындарлы сұхбаттың бір үлгісі болғаны анық.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды