«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Шенеуніктің «тәбеті» қандай?

1 80

Өткен аптада 50 миллион теңге қазынаның қаражатына үй сатып алған павлодарлық шенеуніктердің былығы бұқараның жағасын ұстатты. Ішегіңізді тартпай көріңіз, ауданы 230 шаршы метр үйді 50 млн теңгеге алғанымен қоймай, жалпы құны 226 млн (!) теңгеге ерекше жайлы 5 пәтерді рәсімдеген.


Батыс Қазақстан облысының Ақсай қаласында аудан әкімінің «сарайын» жөндеу жұмыстарына бюджеттен 24 млн теңге бөлініпті. Қазынаның қаржысына «қырғидай» тиген ашқарақ шенеуніктердің шуы жуырда Парламентте сөз болды. «Ақжолдық» депутаттар мемлекет есебінен пәтер сатып алған, артық­шылықтарды асыра пайдаланған шенеуніктерді жазалауды ұсынды.
Мәжіліс депутаты Меруерт Қазбекова мемлекеттік қызметшілерді баспанамен қамтамасыз етудің қатаң критерийлері болуы қажеттігін, бұл мәселе бағалық параметрлермен реттелуі тиістігін мәлімдеді. «Әкімдерді айтпағанда, жергілікті жердегі колледж және облыстық филармония директорына дейінгі кішкентай бастықтар құны қымбат көліктер сатып алуда. Биыл қызмет бабын асыра пайдаланып, мемлекеттің ақшасына қымбат үйлер сатып алып жатқан әкімдердің былығы бірінен кейін бірі әшкереленуде. Өткен аптада Павлодарда құны 50 млн теңгелік пәтер сатып алған шенеуніктердің әрекеті жұртты дүрліктірді. Мұндай жағдайлар көбейіп келеді» деді депутат Үкімет басшысының атына жолдаған сауалында.
Ол біздің шенеуніктер мен әкімдердің бюджеттің ақшасын желге шашудан жарысып жатқанын мысалға келтірді. Қыркүйек айында Атырау қаласының әкімдігі 5 бөлмелі үйді жиһазымен қоса 58 млн теңгеге сатып алыпты. Өскемендегі 2 элиталық тұрғын үй нысанына 82 млн теңге жұмсалған. Көкшетау әкімдігі ауданы 145 шаршы метрлік 4 бөлмелі баспананы 40 млн-ға алыпты. Шымкенттің тұрғын үй басқармасы 5 өте жайлы қызметтік пәтерлерді сатып алу үшін әрқайсына 43 млн теңге бөлген. Ал Алматы облысы Жамбыл ауданының әкімі 180 шаршы метрлік, атшаптырым паркингі, жеке бу бөлмесі бар үйді 35 млн теңгеге алуды жоспарлаған. Көп жағдайда шікірейген шенеуніктердің мұндай үйлерді жеңілдікпен жекешелендіріп алатыны рас. Содан шығар, депутаттар бюджеттің ақшасына «тәбеті» жоғары шенеуніктердің ашқарақтығын шектеуді талап етті.
Мемлекет басшысы бюджеттің ақшасын үнемдеу жөнінде үнемі айтып жүр. Бірақ «…қолда барда, қонышынан басып», «Мерседес», «Тойотаның» ең қымбатын «ерттеп» мініп, хан сарайындай үйлер­де тұратын ұлықтар мен шенеуніктердің Елбасының сөзіне құлақ аспағаны ма? «Нұр Отан» партиясы осындай ысырапшыл әкімдердің рейтингін жасап, неге жұрттың алдында әшкерелемейді деген ойға қаласың… Ал әзірше біздің шенеуніктердің «тәбеті» ерекше болып тұр.

 

  1. Айгульқ :

    Балық басынан шіриді

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды