«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Шенеунік ұсталды, бірінші басшы жауап бере ме?

0 60

Қазан айында Ішкі істер министрлігінің екі бірдей шенеунігіне айып тағылды. Көліктегі ІІД бастығының бірінші орынбасары парақорлықпен жүйелі түрде айналысқаны үшін күдікке ілінсе, Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің арнайы есепке алу бөлімшесінің басшысы, әділет подполковнигі қызмет бабын пайдалана отырып алаяқтық жасаған.

Президент жуырда ғана жарияланған Жолдауында қарамағындағы қызметкерлер сыбайлас жемқорлыққа қатысты құқық бұзушылық жасаған жағдайда, бірінші басшылардың жеке тәр­тіптік жа­уапкершілігі күшейтілетінін тапсырды. Бұған дейін Астанада жүзеге асқан «Астана – адалдық алаңы» жобасында да қарамағындағы қызметкерлер сыбайлас жемқорлық бо­йынша ұсталса, бірінші басшылар да жауапқа тартылатыны туралы айтылған болатын. Дегенмен жыл басынан бері қанша шенеу­ніктің ұсталғанын білсек те, олардың тікелей басшыларына қатысты шара қолданылғаны туралы ешқандай ақпарат естімедік.
Сонымен, Ішкі істер министрлігіне қарасты көліктегі ІІД бастығының бірінші орынбасары ұлттық бюро қызметкерлерінің жедел-іздестіру шаралары кезінде қолға түсті. Нақтырақ айтқанда, шенеуніктің «Қазақстан» жылу-энергетикалық кешені» фирмасының аймақтық басшыларына Алматы, Қарағанды, Қостанай және басқа да облыстарда жанармай ұр­­лауда қамқорлық танытқаны анықталған. Оған аталған өңір басшыларынан шілде-қыркүйек айларында қамқорлық танытқаны үшін 2,4 миллион теңге пара алғаны жөнінде айып тағылды. Айта кетейік, бұған дейін 3 қазан күні де осы департаменттің ұйымдасқан қылмыспен күрес басқармасының басшысы пара алды деген күдікпен ұсталған еді.
Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ресми өкілі Жанна Бастарованың айтуынша, ұсталған тағы бір шенеунік Ішкі істер министрлігі Қылмыстық атқару жүйесі комитетінің бөлім басшысы болып қызмет істеген. Әділет подполковнигі қызмет бабын пайдалана отырып, Ақтөбе облысының түзеу мекемесінде отыр­ған сотталушыны Ақмола облысындағы абақтыға ауыстырғаны үшін күдікке ілінген. Осы әрекеті үшін сыйақыға делдал арқылы 2800 АҚШ долларын алып жатқан сәтте өз көлігінде құрықталды.
Сонымен, қарамағындағы қызметкерлер торға түскен бірінші басшыларға тәртіптік жаза беріле ме, күтеміз…

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды