«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

ШАРШЫ АЛАҢДА ШЫҢДАЛҒАН

0 85

Сондай әулеттің бірі бұрынғы Ақмола, бүгінгі Нұр-Сұлтан қаласында көп­­шілікке өнеге болып жүрген Маржық­паевтар отбасы десем артық айтқаным емес. Бүкіл ғұмырын қала іргесіндегі 40-ыншы стансада өткізген Боромбай аға мен Дәметкен апа теміржол саласында еңбек етті. Елге сыйлы, көпбалалы, берекелі әулеттің бірі болды. Үкіметтің жұмысымен қатар үйдің де шаруасы жетіп асады. Қорада мал-құсы, бау-бақшасы бар дегендей.

Өткен ғасырдың жетпісінші жылдары Қазақстанда бокс жанданып сала берді. Ел-жұрт КСРО мен АҚШ былғары қолғап шеберле­рінің жекпе-жегін жата-­жастана қарайтын. Дәл осы кезеңдерде Маржықпаевтар отбасында боксқа деген «махаббат» оянды десе болады. Алдымен ұлдардың үлкені Берік қолғап киді. Үйдің маңайындағы балалар жиналып алып жұдырықтасып жатады. Қызды-­қыздымен Целиноград қаласындағы Жастар сара­йына барып бокс секциясына жазылады. Бұл кезде Берік 16 жаста еді. Бір қарағанда, бокс үшін кешігіп те қалған сияқты. Алайда шаршы алаң­нан бақытын іздеген жасөспірім алған бетінен қайтпады. Серік Жамалов деген бапкерден бокстың әліппесін үйрене бастады. Бірде әдеттегідей қаладағы барлық жаттықтырушылар шәкірттерінің басын қосатын спарринг өтті. Сонда талай спорт шеберін даярлаған Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушы Қанбек Байғұлов бала Беріктің бойынан бір ұшқынды көріп, оның бапкерімен ақылдасып, өзінің қол астына алады. Содан бастап пединституттың спорт залында өтетін жаттығуларға барып, жарыс­тарға жолы түсті. Алдымен қаланың ішкі біріншілігінде, кейіннен Қазақстан біріншіліктеріне қатыса бастады. Жай қатысып қоймай, дипломдар, сыйлықтар әкелетін болды. Бірде респуб­ликалық турнирден алтын медаль алып келді. Бұл енді ағаларына қарап өздері де боксшы болуға ұмтылып жүрген Ерік пен Ермекке тіптен үлкен әсер берді. Сөйтіп көп кешікпей олар да боксқа арбалып кетті.

«Үйдегі шаруаны кім істейді? Біреуің де жетесің ғой сол боксқа, айтыңдаршы, сол бокстарыңнан не пайда таппақсыңдар? Ерік, сен боксқа кетсең мал­ды кім қарайды?» деп қамқор әке үйдің жұмысына икемді ұлына жай­лап ескертіп те айтқаны бар. Дегенмен Берігі­нің бокстағы жеңіс­теріне кәдімгідей марқа­йып, басқа балаларының да барғанына ішінен қарсы еместігі аңғарылатын.

Жасөспірімдер мен жас­тар арасындағы бірқатар жарыс­тарда топ жарған Берік Мар­жықпаевты бапкерлері мектепті бітірісімен Целиноград мемлекеттік педагогика институтына түсіруді ойластырады. Сөйтіп ол дене шынықтыру және спорт факультетіне оқуға қабылданады. Осы кезде жастар мен студенттер жарыстарына қатысып, дүркін-дүркін чемпион атанды. Бірнеше рет Бүкілодақтық турнирлерде республика құрамасы атынан сынға түсті. 1979 жылы Берік Маржықпаев КСРО спорт шебері атағын алды. Қазақстан халықтары спартакиадасында ақтық жекпе-жекке дейін жеткен еді, өкінішке қарай, жартылай финалдағы алапат айқаста бар күшін сарқа жұмсады, ауыр жарақат алып қалса да жеңісті бермеді.

Осындай жастық шағындағы сәттерді еске түсіріп отырғанда «Сол кездердегі әңгімені айтар болсам ұзаққа кетерміз. Ақмола өңірінде бокстың жілігін шаққан мамандар аз болған жоқ. Асылхан Жұмабаев, Анатолий Тен, Қанбек Байғұлов, Сергей Турчак, Аяш Жұмағұлов және басқа да бапкерлер көптеген мықты боксшыларды дайындады. Боксшылардан өзіммен қатар жүрген ағайынды Мұстафиндер, ағайынды Манашевтар, Роман Каспер, Владимир Гоцоцура, Тагир Айтбагинов, Сергей Касарин, Василий Скуб, кейіннен Абылай Искаков, Рамазан Түлкібаев, Ақылбек Нұрмағанбетов, Камиль Хабибрахманов, Ерлан Оспанов, Болат ­Абдрахманов, Ислам Гойгов және басқа да мықты боксшылар облыстың ғана емес, республикамыз­дың атынан талай халық­аралық жарыстарда жеңіске жетті. Ал қаламыз астана болғалы Қазақ елін бүкіл әлемге танытқан та­лантты жастар өскенін біле­сіздер» деп мақтаныш сезі­мін де марқайып айтты.
Бұл кезде ізінен келе жат­қан інілері де жасөс­пірімдер мен жастар арасындағы жарыстарда көріне бастады. Ерік республикалық жарыс­тарда топ жарып, Бүкіл­одақ­тық чемпионаттарда жасындай жарқырады. КСРО жасөспірімдер құрамасына шақырылды. Ал жеңіл салмақта өнер көрсеткен Ермек болса табандылығымен ерекшеленетін. Мектептегі сабағына ұқыпты, үйдің шаруасына тиянақты. Киіктің асығындай шап-шағын болғанымен, қыстың аязы мен боранына, жаздың аптап ыстығына қарамай қаладағы жаттығуынан бір қалмайтын. Сол жігерінің арқасы ғой, бокста да бірталай биік белесті бағындырды. Жасына қарай қалалық және республикалық жарыстардың жүлделерін түгелдей алды. Бүкілодақтық жарыстың бірінде әуесқой және кәсіпқой бокстан әлем чемпионы атанған атақты Константин Цзюмен қолғап түйістірді. Ерік те, Ермек те КСРО шебері атанды. Осындай ағаларына еліктеп өскен інілері Болат та шаршы алаңның біраз шаңын қағып көрген. Алайда ол да спорт шеберлігіне кандидат болып қалды. Үйдің кенжесі болғасын ба, әкесінен алшақтамай, шаруашылық жағына бейім болды.

Әрине, бұл жеңістердің басы-қасында мінезі қызбалау, қимылы шалт Берік Маржықпаев тұрғаны сөзсіз. «Еуропаға есікті Петр патша ашса, бізге бокстың есігін Берік ағамыз ашқан» деп КСРО спорт шебері Ерік Маржықпаев тегін айтпаса керек деп ойлаймыз. Ал бүгінгі таңда Ақмола облысының әкімі болып отырған Ермек Маржықпаев болса «Ағамыздың жанашырлығы мен талапшылдығы бізді де бокстың биігіне жетеледі. Ал спортта біраз жетістікке жеткеннен кейін бір бокспен бүкіл өмір түгенделмейді, тағы да оқыңдар, жаңа заманның талабына келетін білім алыңдар…» деп ақыл-кеңесін айтудан жалықпайтын. Біз болсақ ағаларының сөзін ақылдың көзі деп ұққан інілері де жерге қаратпаған екен деп ойладық.

Сөзіміздің басында спортшы әулет туралы жай айт­қан жоқпыз. Мәселен, осы бір ғана отбасында бокс дегеніңіз ұрпақтан-ұрпаққа сабақтасып барады. Мәселен, Беріктің үлкен ұлы Руслан – бокстан Қазақстанның төрт дүркін чемпионы, бірнеше халықаралық жарыстарда топ жарды. Қазақстанның және Ресейдің спорт шебері атағын иеленді. Әттең, жарық ғұмыры ерте үзіліп кетті. Диасы біліміне қарай Қазақстан бокс федерациясында қызмет атқарады. Ал Еріктің екі ұлы Рахат пен Аят та бүгінгі таңда еліміздің белгілі боксшылары болып жүр. Рахат Маржықпаев – жастар арасындағы әлем чемпионы, Азия чемпионы атанған халықаралық дәрежедегі спорт шебері. Аят та қазір ұлттық құраманың қатарында, спорт шебері.

Таяуда Берік Боромбайұлына жұмыс бабымен бар­ған едім. Кабинетіне кірдім, амандастық. Телефонына төніп отырған Бекең «…Осы­ны тағы төрт рет қайтала. Соққаныңда сол қолың­ды түсірме… қанша айтамын, тынысыңды кеңірек ал…» деп дауысын қатайта-қатайта сөйлейді. Қарап қоямын. Сөйтсем осы күзде Улан-­Удэ қаласында өтетін әлем чемпионатына дайындалып жатқан шәкірті Римма Волосенкоға бұйырып отыр. Ал керек болса, енді осындай азаматты қалай ғана бокс­тың фанаты демессің?!

Иә, Берік Маржықпаев – бүкіл саналы ғұмырын спорт саласына арнап келе жатқан майталманның өзі. Баяғыда институтты бітіргеннен кейін «Красногвардейский» кеңшарына барып мектепте мұғалім, бокс жаттықтырушысы болып еңбек жолын бастаған ол кейіннен ондаған жыл кеден саласында қызмет атқарды. Мұнда да спорттан қол үзбеді. Ақмолада өтетін жарыстар мен спорт шараларына қолдау білдіріп жүрді. Кеден қыз­метінің подполковнигі шенін алды. 2005-2008 жылдары елорда басшылығының ша­қыруымен қалалық Дене шынықтыру және спорт басқармасына жұмысқа келді. Мекеменің басшысы ретінде бас қаланың өсуіне байланысты бұқаралық спортты жандандыруға күш салды. Елорда спортының аймақтар арасында алдыңғы қатарға көтерілуіне үлес қосты.

Спортты өмірінің өзегіне айналдырған Берік Мар­жықпаев Қазақстан бокс федерациясында да жауапты жұмыстар атқарды. Атап айтқанда, бірнеше жыл мемлекеттік жаттықтырушы, әйелдер боксының және ел ішіндегі спорттық жарыстарды ұйымдастыру және өткізу бойынша үйлестірушісі қыз­метін абыроймен жүргізді. Тағы бір ерекше айтарымыз, қай жұмыста жүрсе де Берік Боромбайұлы жеке бапкерлік жұмысын қалдырмады. Есіл еңбегі ақталмай қалып жатқан жоқ, бірнеше шәкірті Азия, әлем чемпионы атанды. Мәселен, Марина Вольнова Олимпиада ойындарында қола жүлдегер атанса, Ләззат Күнгейбаева – әлем чемпионы.

Бүгінгі таңда Нұр-Сұлтан қаласы Мәдениет және спорт басқармасы басшысының орынбасары болып жүрген Берік Маржықпаевтың қажырлы еңбегі 2017 жылы «Құрмет» орденімен бағаланды. «Менің өмірдегі жетістігім әкем мен анам­ның еңбекке деген тәрбие­сінің жемісі деп ойлаймын. Қарапайым жұмысшы бола жүріп барлық балаларын оқытты, мемлекеттің жұмысына адал болыңдар деп тәрбиеледі, сол үшін алғысым шексіз» деген еңбекқор, спортшы, ақжарқын азаматтың жүрекжарды сөзіне сүйсініп қалдым.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды