«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Шарапаты мол Шерияздан

0 267

Егер бір адамның жақсы­лы­ғын көрсең, уақыт өткен сайын сенің осы кісіге деген құрметің арта түседі. Менің өмір жолымда кездескен осындай жанның бірі Астана қаласының №1 ауруханасының урология бөлімінің меңгерушісі Шерияздан ­Әбдіғалымов.

Енді білікті дәрігермен тағдыр қалай табыстырып, таныс болғанымды баяндайын. Өзім 2000 жылдан бері зейнеткермін. Бірақ, 2010 жылдың бірінші қаңтарына дейін жұмыс істеп, қатардан қалмадым. Осы жылдары «простатит-аденома» деген науқасқа шалдығып, алғашында екі рет Көкшетауда ота жасаттым. Бірақ оның көмегі болмай, сол урология бөлімінің меңгерушісі «біздің шамамыз келмейді, енді тек Алматыға, не Астанаға барып емделіңіз, уақытты өткізбеңіз» деп ашығын айтып, ақылдарын берді. Оған да осы күні ризамын, өйткені жасырып қалмай, шындықты айтты.
Содан Астанаға келіп, бірінші қалалық аурухананың урология бөліміне жатқан күннің ертесіне ота жасалды. Бір айналдырған ауру оңайлықпен кетпейді екен. Бес-алты айдың шамасында тағы да ота жасау­ға тура келді. Осы төртінші ота жаныма қатты батты, тірі қалмаймын-ау деген қорқынышым болды. Бұдан кейін де бесінші, алтыншы рет отаны тағы жасаттым.
Әйтеуір, бірінші Алланың, екінші Шериязданның шы­найы қамқорлығының арқасында аман қалдым. Қазір жақ­сымын, тәуба, шүкіршілік.
Міне, ағайындар, урология бөлімінің меңгерушісі Шерияз­данның кәсіби маман, білікті, тәжірибелі дәрігер-уролог екеніне көзім жетті.
Бабаларымыз түсі игіден түңілме деп айтқандай, Ше­рияз­дан маңдайы жарқыра­ған, жылы жүзді, ақылы мен парасаты бір бойына жинақталған, қашан көрсең де бір қалпынан таймай, кішіпейілділігімен еріксіз баурайды.
Әсіресе, әділ сөзі, адал пікірі, өз кәсібінің шебері ре­тін­де ұжымның қызметтес адамдары өте жоғары құрмет көрсететіндері бірден байқалады. Міне, осындай еңбектің арқасында ұжымның барлық мүшесі бір кісідей бірлік-ынтымақта болып, осы урология бөлімі көптеген науқастардың алғысына ие болып отыр.
Енді осы урология бөлімінің дәрігерлеріне, медбикелеріне, тағы да басқа қызмет жасайтын адамдарға «Астана ақшамы» газеті арқылы өзімнің үлкен ризашылығымды білдіремін. Өйткені олар дер кезінде емдерін жасайды, тез арада керек көмек көрсетеді, тазалық та мінсіз, тамақ та дер кезінде беріледі. Әр уақытта тыныштық, тәртіп қалтқысыз орындалады. Осы орайда күнделікті емдеудің бұлжытпай орындалуын қатал тәртіпте ұстап, денсаулығымның жақсаруына үлкен көмек көрсеткен дәрігерлер Ерлан Білалов, Тимур Салихов, аға медбике Нұржамал Әубакирова, медбике Антонина Сидоренко, Мақпал Құлахметова, Жансая Қалибекова тағы басқа да ақ халатты абзал жандарға алғысым шексіз. Жұмыстарың бірлік-ынтымақта болсын, жаңа табыстарға өрлей беріңіздер демекпін.

Нүрпейіс СӘДУАҚАСҰЛЫ,
зейнеткер

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды