«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Шараның ізбасарлары марапатталды

0 24

Елордада Қазақ ұлттық хореография академиясының ұйытқы болуымен өткен Шара Жиенқұлова атындағы V рес­публикалық қазақ биі байқауының жеңімпаздары белгілі болды. Биылғы бесінші мерейтойлық байқауға өңірлерден 150-ден астам қатысушылар келіп, олар үш күн бойы ұлттық би өнерінің мерейін асырды.

Бұл шараның мақсаты кәсі­би ұжымдар, жоғары оқу орын­да­рының хореография факуль­теттері мен кафедра­ларының ансамбльдері арасында қазақ эстрадалық және халықтық би саласындағы талантты бишілерді, балетмейстерлер мен педагогтарды анықтауға көзделген.
Жүлдегерлер қазылар алқасы­ның шешімімен үш санат бо­йынша сараланды. Сонымен «Хореографиялық ансамбльдер мен ұжымдары» аталымында Алматыдан келген Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы хореография факультетінің «ASD» би театры топ жарды. «Жеке орындаушылар» аталымында да бірінші орынды Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының бишісі Анна Цой иеленді. «Ба­летмейстерлік шеберлік» аталымында бас қаладағы Қазақ ұлттық хореография академия­сы ұжымының жетекшісі Анвара Садықованың бағы жанды. Ал V республикалық ұлттық би байқауының гран-при жүлдесін елордадағы Қазақ ұлттық хореография академиясы жеңіп алды. Жеңімпаздардың бәрі бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Сондай-ақ байқау аясында қазақ биінің жетекші педагогтарының шеберлік сыныптары, «Қазақ биі» деректі фильмі, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, профессор Тойған Ізімнің жеке коллекция­сынан сахналық костюмдер көрмесі мен Қазақ ұлттық хореография академиясының «Қазақ биі» зертханасының таныстырылымы өтті. Байқау соңы гала-концертке ұласты.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды