«ШАЛҚЫМАНЫҢ» ШАТТЫҒЫ

«Астана» концерт залында Астана қаласының мем­лекеттік академиялық филармониясының «Шалқыма» халық би ансамблінің 10 жыл­дығына арналған мерекелік концерт өтті. Екі сағатқа созылған кеште қазақтың және орыс, башқұрт, кәріс, қытай, тәжік, якут, парсы, қырғыз, татар, украин, өзбек, армян, ұйғыр, мари, қалмақ, беларус халық әндері мен саздарына, Ықылас Дүкенұлы, Төлеген Момбеков, Тоқтағұл Сатылғанов, Нұрғиса Тілендиев сынды тарихта өткен күйші-композиторлардың, Тұрдықылыш Ізтаев, Айтқали Жайымов, Ержан Тоқсабанов сияқты қазіргі композиторлардың туындыларына қойылған билер көрерменге ұсынылды.

Бұл хореографиялық қойы­лымдар бүгін ғана пайда болған жоқ. Оларды кезінде ҚР халық әртістері Шара Жиенқұлова, Зауырбек Райбаев, ҚазССР халық әртісі Дәурен Абиров, ҚР еңбек сіңірген өнер қайраткерлері Мінтай Тілеубаев, Ольга Всеволодская-Галушкевич, Елдос Усин, бүгінгі балетмейстерлер ҚР еңбек сіңірген әртісі Тойған Ізім, Айгүл Күлбекова, Айгүл Тәти, Гүлбану Мырзабекова, Лаура Мұқаева, Нұрлан Жұмалиев қойған болатын. Бұл билерді «Шалқыма» ансамблінің көр­кемдік жетекшісі, ҚР Мәде­ниет қайраткері Абдрасул Есекеев сахнаға лайықтап, өз жанынан да бірнеше биді қосты.

Көрермендер биді тамашалап қана қоймай, Қазақстанның халық әртісі Роза Рымбаева, Мәдениет саласының үздігі, Жас­тар одағы сыйлығының лауреаты Нұрғали Тұрлыбеков, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Айгүл Қосанова, «Дарын» Мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Нұрбол Балапанов және республикалық және халықаралық байқаулардың лауреаты Күнсұлу Тұрлыбекова салған әндерге құлақ құрышын қандырды.

«Ансамбльдің 10 жылды­ғында көрерменге шығар­машылық есеп береміз деп шештік. Осы жылдары бірнеше мәрте халықаралық фестивальдер мен байқаулардың лауреаты атандық. Бұл әрине, кәсібилік, мақсаткерлік және өз ісімізге деген сүйіспеншіліктің нәтижесі. Концерт осы күздің ұмытылмас кештердің бірі болып, ансамбльдің дарынды әртістері, эстрада жұлдыздары, ұлттық музыканың орындаушылары бір сахнада бас қосып, көрермендерге керемет әсер сыйлады деп ойлаймын» дейді Абдрасул Есекеев.

Сонымен қатар

ҚУЫРШАҚТАР ТЕАТРЫНЫҢ ОЛЖАСЫ

Астана қаласының Қуыршақтар театры Малайзияның Борнео аралында өткен «Тропикалық орман-2017» дүниежүзілік қуыршақтар карнавалынан олжалы оралды. …

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған