«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Шәкірттерінің алдына Шерағаңды неге шығармасқа?

0 89

Астана қаласының Мәдениет және спорт басқармасы биылғы «Шабыт» шығармашыл жастардың ХХІ фестивалі бағдарламасына алты жылдық үзілістен соң қосылып жатқан «Журналистика» аталымында Шерхан Мұртаза атындағы атаулы сыйлық тапсырылатыны туралы жаңалықты таратты.

Бұл өте құптарлық шешім болды. Шерхан Мұртаза қа­зақтың белді-белді басы­лым­дарының басшысы және телерадиокомпания төрағасы ретінде де, қалам қарымы жағынан да ұлттық журналис­тика өрісінің кеңеюіне өлшеу­сіз үлес қосты. Аз сөзге көп мағына сыйдыра біліп, тіліп түсер тіркестері халық жадына жазылып, осы күндері қанатты сөзге айналды.
Кейіннен көрнекті қаламгерлер ретінде танылған талай шәкірт тәрбиелеп, «Шерханның шекпені» ұғымы пайда болғанынан да ел хабардар. Белгілі бір байқаудың ішінде оның атындағы сыйлық таға­йындалғаны, тіпті аздық етеді деп айтар едік. Журналистер арасында Шерхан Мұртаза атындағы республикалық байқау ұйымдастырылып, тұрақты түрде өтіп тұрса, бір ғанибет болар еді деп ойлаймыз.
Былтыр көзі тірісінде 85 жылдық мерейтойына орай Тараз қаласында «Заманның заңғар тұлғасы» атты респуб­ликалық мүшәйра өтті. Осы ойымыз сол уақытта келген. Шындығына келгенде прозалық байқау болмаса, поэзиялық жарыстың Шерағаңа қандай қатысы бар деп ойланғанымыз да рас. Бізде Оралхан Бөкей атындағы көркемсөз оқу шеберлерінің республикалық, Ақселеу Сейдімбек атындағы жас ақындар, жазушылар, көсемсөз шеберлерінің Қарағанды облыстық байқаулары бар. Ал осы екеуі де Шерхан Мұртазаның шәкірттері екені анық. Шәкірттерінің алдына Шерағаңды неге шығармасқа? Шындықтың шырақшысы бола білген Шерхан Мұртаза атында журналистер арасында байқау ұйымдастырылып отырса, қазақ журналистикасының да сапасы көтерілер еді бәлкім. Журналис­тер арасында жыл са­йын өтіп тұратын байқау Шерағаң атын ту етіп өтіп тұрса қандай ғанибет?!
Ойды ой түртеді. Қазір бізге проза мен әдеби сынға, сатираға да «қан жүгіртетін» байқаулар керек. Мәселен, Сағат Әшімбаев атындағы сыншылар байқауы. Бұл да осы салалардың алға басуына септігін тигізетіні белгілі. Шерхан, Сағат сынды қазақ көркем сөзіне зор үлес қосқан қаламгерлердің үлгісі, «болмасаң да, ұқсап бақ» деген ұстаным айтар, жазар сөзімізді түзетер еді.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды