«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Шәкірттер судың сапасын зерттеді

0 34

№59 мектеп-лицейдің 4-сынып оқушылары Алуа Ысқақ пен Зарина Ілияс елордадағы ауыз судың сапасын зерттеп, осы тақырыпта ғылыми жоба жазды.Бастауыш сынып мұғалімі Айсұлу ­Қыртанованың жетекшілік етуімен жазылған жоба барысында оқушылар судың қасие­тімен танысып, Нұр-Сұлтан қаласындағы су тазалау жолдарын зерттеп, ондағы туындайтын мәселелерді анықтады.
Олардың айтуынша, Нұр-Сұлтан қаласында суды тазартуда үш әдіс қолданылады. Оның біріншісі – механикалық әдіс. Осы әдіс арқылы судағы құмнан тұнатын және қалқып шығатын заттар техникалық құрылғылармен жойылады.
– Қаламызда бұл процесс ұсақ тү­йірлі сүзгіштер арқылы іске асырылады. Екіншісі – химиялық әдіс. Бұл әдіс барысында суды тазалау үшін әртүрлі химиялық заттар қолданылады. Бірақ соңғы кезде ғалымдар хлордың адам ағзасына тигізетін кері әсерін дәлелдеп, тазалаудың бұл әдісіне шектеу қойып жатыр. Дегенмен химиялық әдіспен ластанған сулардағы ерімейтін зиянды заттарды 95 пайызға дейін азайтуға болады. Сондықтан Нұр-Сұлтан қаласында бұл әдіс қолданысқа ие. Бірақ хлорлы тазалаудан кейін су арнайы тазартқыш сатылардан өтеді. Ал суды тазалаудың биологиялық әдісі арқылы микроскопия­лық өсімдіктер мен жануарлар өсіріп, арнайы құтыда үстінен су толтырады. Төменгі жағынан қатты ауа ағынымен үрлейді. Бұл әдіс органикалық зиянды заттарды ыдыратып тастайды, – дейді Алуа мен Зарина.
Болашақ ғалымдар үй жағдайында суды тазалау жолдарын да қарастырыпты.
– «Астана су арнасы» мекемесі сіздердің пәтерлеріңізге дайын тазартылған ауыз суын жібереді. Ол су пәтерге жеткенше бірнеше сатыдан тұратын тазалаудан өтіп, тексеріледі. Судың сапасын сараптаған ҚР Санитарлық қызметі мен Мемлекеттік стандарты елорданың суы қауіпсіз деген шешім шығарған. Сондықтан оны алаңдамай ішуге болады. Краннан суды ағызғанда оның біршама хлор иісі бар. Яғни бұл – бактериологиялық лас­танудан тазаланған, стандарттарға сай су деген сөз. Хлордың азғантай қоспасы денсаулыққа зиян келтірмейді. Егер хлордың иісі бар суды ішкіңіз келмесе, оны ашық ыдысқа құйып, тұндырыңыз, иіс буға айналады, ал қайнаған кезде мүлдем жоқ болады, – деп жазған Алуа мен Зарина өздерінің зерттеулерінде.
Олардың сөзінше, астанада қолданылатын судың мөлшері норма бойынша әр тұрғынға тәулігіне 332 литр суық және ыстық судан келеді. Мысалы, 5 минут бойы душ қабылдаған кезде 100 литр су жұмсалады екен. Су ашық кү­йінде қалдырылса, сағатына 1000 литр су ағады деседі. Сондықтан болашақ ғалымдар суды ұқыпты пайдалануға кеңес береді.

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды