«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

«Шабдалының» дәмі қандай?

0 79

«Шабдалы» фильмі түсіріліп жатыр деп естіп жүргенбіз. Атына елең еткеніміздің себебі, дәл осының алдында белгілі жыршы Алмас Алматұлының осы аттас әңгімесін оқыған едік. Оның жүректің нәзік қылын тербеген оқиға желісіндегі адами қасиеттің парқын түсіндірген мағынасына мән бергенбіз. Осылайша алғашқы «Шабдалының» дәмі аузымыздан кетпей жүргенде, осы туындының желісіне құрылған жаңа фильмнің халықаралық ХІV «Еуразия» кинофестивалі аясында арнайы көрсетілімі болады деген жерге ентігіп жеткенбіз.

Шабдалының даңқын естіген жалғыз мен емес екенмін. Шағын кинозал аузы-мұрнынан шығып, көрермендер баспалдақтарға дейін сығылысып отырып көргенде, ауылдың клубындағындай әсер алдық. Сонымен, көркем фильмнің соңғы кадры көз алдымыздан өткен кезде сценарий авторы әрі режиссері Жандос Құсайынға, идея авторы Мұхамеджан Тазабектің оң талабына қуана қол соқтық. Өйткені, фильм өзекті. Оның бір ұшы Астанаға аңсары ауған оңтүстіктегілер мен оңтүстіктен келгендерді жиырыла жақтырмайтын солтүстіктегілерге тиіп жатыр. Мұндағы жұртқа оғаштау көрінетін жайттардың тігісін білдірмей түсіндіріп, әдемі юмормен жұқалап жеткізген. Майда тілді, елпілдеп құрақ ұшып, іші-бауырыңа кіріп тұратын «ёжиктердің» менталитетін көрсете білген әртістерге мың да бір рахмет. «Қыз алып қашудың» жергілікті тәртібі мен оның заңға томпақ емес тұстарын да тұспалдап жеткізуге талпынған. Әрине, айтпағымыз бұл емес. Фильмдегі жас келіндерге етегіне сүріндіретін ұзын көйлек кигізіп, басына төгілдіріп орамал салып қойыпты. Жарасып-ақ тұр. Дегенмен, оңтүстіктің әдемі дәстүрін көрсеткіңіз келген екен, онда жас келіндердің таң атысымен иіліп сәлем салатын салтынан неліктен айналып өткен деген сұрақ туындады. Жас келіннің бір сәні сол емес пе еді?! Сонымен, теріскейдің қызын оңтүстіктің жігіті алып қашады. Алып қашқан аты ғана. Әйтпесе екеуара келісіп, тіл табысқан. Ашуға берілген қыздың анасы ғана. Ақыры шаршап шалдығып, құдағи (Шолпан Елгезекова) қызы түскен құтты ұяға келеді. Осы сәттердің жарасымын жеткізу үшін Алмас ағаның әңгімесін тағы бір қайталап оқығанның зияны жоқ еді. Онда өзі де жетім өскен ананың күйеу баласы басын иіп, «біздің қателігімізді кешіріңіз. Иә десеңіз, анамыздың орнына бізге ана болыңыз!» деп, жанарындағы көлкіген жасты көрсеткенде, көпшіліктің де өксіктен жүрегі аузына тығылар еді.

Алмас ағамыздың «Шабдалысында» «Құдағи, біз он жыл көлемінде салтанатты киім киген жоқпыз. Мына шапандарды Динара Тәшкеннен ала келіп, кигізіп отыр. Ертең тойға кие­сіздер» дегені де өнегелі. Оның астарында жас келіннің адалдығы мен дүниеден өткен өзінің әкесіне сағынышы да бар. Мүмкін, адам психологиясына қатыс­ты нәрселер қағазға сәтті түскенмен, оны таспаға түсіру қиын шығар. Әрі біз айтқандарды қамтығанда, фильм бәлки комедия емес, драмаға айналар еді.
Дейтұрғанмен, басты рөлді сомдаушы (Шолпан Елгезекова) қызын қуып барамын деп өзіне жаңа әлемді ашқандай болады. Етегі ұзын көйлекті ол да киеді. Өкінішке қарай, адамды киімінен емес, иманды сыртқы сипатынан іздеме, жүрегінен таны дегендей нәрселер кадр сыртында қалған сияқты. Ақырында айтпағымыз, құдағи құдасының жәшіктеп жіберген шабдалысын базарда сатып отырады. Сайып келгенде, бұл да лайықты шешім емес сияқты. Оларды саудагер, өзбекшатыс деп айыптап жүріп, өзі де бір-ақ күнде базардан шыққан ба? Санасында аяқ астынан қандай сілкініс орнады? Дәл қазіргідей «южандар» мен «северліктердің» бір-біріне мәдени бейімделуі жүріп жатқанда, «құдағиды» басқаша келбетте сомдау керек пе деген де ой қылаң береді. Сонда «южандардың» солтүстік облыстарға орнығып, жерсініп, бірін-бірі бауырым деп табысатын процесі тез жүретін бе еді? Әлеуметтік тақырыпты көтергеннен кейін осыны да ескерген дұрыс. Өйткені кино ісі маңыз­ды идеология құралы екенін кино түсірушілер жақсы түсінетін болар. Сөз соңында айтпағымыз, шабдалыны ағашынан ертелеу үзгені көрініп тұр. Өйткені дәмі алғашқысындай емес, аздап су татиды.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды