Пятница, 22 Сентябрь 2017
-->

СЕРКЕБАЕВ БИІГІ

Елордадағы «Қазақ­стан» орталық концерт залында Астана әкімдігі мен ҚР Мә­дениет және спорт ми­нистрлігі әрі дауылпаз әнші атындағы Мәдениет және өнерді қолдау қорының ұйым­дастыруымен «ЭКСПО-2017» халықаралық ма­мандандырылған көр­месінің аясында «Ермек Серкебаевқа арналады» атты әлемдік опера жұлдыздарының гала-концерті өтті.

Айтулы шараның ашылу салтанатында ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы талантты тұлғаның өмірі мен өнерінен сөз қозғады.
– Осыдан тура елу жыл бұрын, яғни 1967 жылы, әлемдік көрме аясында канадалық Монреальда біздің әйгілі ағамыз Ермек Серкебаев ән шырқап, қазақ өнерін әлемге танытқан еді. Уақыт қалай жүйрік. Міне, сол елу жылдан кейін елімізде өтіп жатқан ЭКСПО халықаралық көрмесі аясында тау тұлғалы азаматты еске алу кешін өткізіп отырмыз. Асыл ағамыздың есімі еш ұмытылмайды, өнер жолы мәңгі жалғаса береді, – деді министр.

Одан кейін тектінің тұяғы, белгілі «A’Studio» тобының музыканты, продюсер Байғали Серкебаев әкесі жайында қысқаша естелік айтып, бүгінгі кешке қатысып отырған өнерпаздардың бәрі әлем сахналарында өнер көрсетіп, жұртшылықты мойындатып жүрген әншілер екендігіне тоқталып, мәдени шараны өткізуге ұйытқы болғандарға алғысын жеткізді.

Концертке ардақты азаматпен өмірде жақын араласқан кино, өнер, опера қайраткерлері қатысты. Кино демекші, біз Серкебаевты тек опера әншісі деп қана емес, атақты режиссер Шәкен Айманов түсірген «Біздің сүйікті дәрігер», «Ән шақырады» және «Тақиялы періште» секілді бірқатар көркем фильмдерде айшықты рөлдерді сомдаған тамаша актер ретінде де жақсы көреміз.

Концерт барысында әлемнің үздік дауыс иесі атанған, Грэмми сыйлығының екі дүркін иегері, Мария театры мен Париж операсының солисі Ильдар Әбдіразақов, Мария театрының солисі Асмик Григорян, үлкен театрдың жетекші солисі, Пласидо Домингоның «Опералия-2016» конкурсының жеңімпазы Богдан Волков, Үлкен театрдың жетекші солисі Игорь Головатенко, Мария театрының солисі Сергей Скороходов, мәскеулік «Новая Опера» театрының солисі Алексей Татаринцев, Үлкен театрдың солисі Агунда Кулаева және «Астана Опера» театрының жетекші солисі Салтанат Ахметова, «Астана Опера» театрының жетекші солисі Сүндет Байғожин, қалалық Мемлекеттік академиялық филармониясының әншісі Азамат Жылтыркөзов секілді есімдері жалпақ елге танылған таланттар өнер көрсетті. Жоғары деңгейде ұйымдастырылған шараға келген көпшілік классикалық музыканың бал шырынын жұтып, естен кетпес әсер алды. Сонымен бірге, телебейне арқылы дарынды тұлғамен көзі тірісінде дос көңілмен сыйласып, шынайы әріптес болған Иосиф Кобзон, Бибігүл Төлегенова, Армен Джигарханян, Тамара Синявская және Лев Лещенко сынды танымал азаматтар Серкебаевтың сирек кездесетін таланты мен азаматтығын еске алып, жиналғандардың жүрегін тебірентті.

Кеш соңында Ермек ағамыз әлемнің талай сахнасында қайталанбас дауысымен жарқырата шырқаған «Севиль шаштаразы» опера­сындағы Каватино Фигароны Сүндет Байғожин, Азамат Жылтыркөзов, Ильдар Әбдіразақов және Игорь Головатенко тамаша орындап, халықтың ыстық ықыласына бөленді.

Азамат ЕСЕНЖОЛ

Print Friendly, PDF & Email
PDF24    Отправить статью как PDF   

Оставить комментарий

Ваш email не будет опубликован.Необходимы поля отмечены *

*