-->

«Сергек» сергектікке үйретіп жатыр ма?

Астана қаласында 15 қыркүйектен бастап «Сергек» бейне-фото тіркеу жүйесі жол ережесін бұзған жүргізушілерді ресми тіркеп, әкімшілік жауапкершілікке тарта бастағаны белгілі. Осыған байланысты жаңа құрылғыларды қала көшелеріне көптеп орнату мақсаты мен оның жұмыс істеу тәсілдеріне деген жұртшылықтың алаңдаушылығы көбейді.


Расында да, көпшілікті қобалжытып отыр­ған заманауи аппараттардың қандай ерекшелігі бар? Жолда жүру тәртібін сақтамай, «мүлт кеткендерге» салынатын әкімшілік айыппұл олардың қалталарына қандай салмақ түсірмек? Оны жеңілдікпен тездетіп төлеу­дің мүмкіндіктері бар ма? Осы және басқа да мәселелер төңірегінде біздің тілшіміз салаға қатысты мамандардың пікірлерін зерттеген еді.

Бастысы –қауіпсіздікті қамтамасыз ету

Әрине, камера қала тұрғындарына таңсық емес. Қазір кез келген аулада, зәулім үйлердің кіреберістері мен әрбір ғимаратта бейнебақылау бар десек, қателеспейміз. Олардың пайдасын да жоққа шығаруға болмайды. Өткен жылы Б.Майлин көшесі бойындағы бір үйдің ауласында тұрған су жаңа автокөліктің жеті түнде терезесін сындырып, ішінде ұмыт қалған сөмкені алып кеткен ұрыны сақшылар камераның көмегімен оп-оңай тауып алды.
2015 жылы қаланың ірі-ірі көшелеріне 35 «Вокорд», 25 «Вокорд-Циклоп», 10 «Вокорд-Траффик» аппараты орнатылды. Әсіресе, «Вокорд-Циклоп» қондырғысы туралы жақсы пікір айтылғанын да ұмыта қойған жоқпыз. Алайда кейін олардың жұмыс істеу мүмкіндіктерін де, одан қалай «сытылып кетудің» жолдарын да астаналықтар «жақсы меңгеріп алды».
Ал «Көркемтелеком» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жасап шығарған «Сергектің» жөні бөлек. Ол жол ережесін бұзсаңыз, «үн-түнсіз» жазып алады да, машинаңыздың нө­мірін, уақытын, өзіңіздің қимыл-қозғалысыңызды автоматты түрде орталыққа береді.
Астана қаласы Инвестиция­лар және даму басқармасының басшысы Әлішер Әбдіқадыровтың айтуынша, бүгінгі таңда қалада үш мыңға тарта осындай камера қойылған. Олар күні-түні жұмыс істейтін көрінеді. Жылдың аяғына дейін тағы да адамдар көп жүретін жерлер мен көше қиылыстарына, қаланың желілік учаскелеріне төрт мың камера мен алты мың «Сергек» бейне-фото аппаратын қою мүмкіндіктері қарас­тырылуда.
Аталған жүйенің негізгі мақсаты – жылдамдықты арттырған, қоғамдық көлік жүретін жолақпен жүрген және тоқтау сызығынан асып кеткен жол ережесін бұзушыларды қалт жібермей тіркеп отыру. Ал одан әрі олармен қалай жұмыс жүрмек?
Әкімдік қызметкерінің түсіндіруінше, камераның «қырағы көзіне» іліккен көлік
жүргізушілеріне бірден әкім­шілік хаттама толтырылмайды екен. Тек өкілетті орган асықпай тексергеннен кейін ғана келіп түскен құжаттар негізінде ұйғарым шығарылады.
Бұл жерде бірнеше мәселе бар. Жасыратыны жоқ, қала көшелерінде кептеліс жиі болып тұрады. Жобаны жасаушылар мұндай жағдайды да ескеретіні сөзсіз.
«Кептеліс бола қалғанда немесе бағдаршам істен шық­қанда, жол қиылысына көлік қозғалысын реттейтін инс­пекторлар келеді. Ал инспектор жоқ көшелерде болған ереже бұзушылықтарды ка­мера тал­дау орталығына жі­берген­нен кейін маман­дар оны бірнеше қайтара сүзгіден өткі­зеді. Егер қоғамдық көлік жо­­ла­ғына түсіп кету немесе тоқтау сызығын басу осы кеп­­­теліс кезінде болса, онда ол ескеріледі, айып­пұл салынбайды. Алайда «Stop» сызығын алды кептеліс еке­нін көре тұра қасақана баса­тындар мен бағ­даршамның қызыл белгісі жан­ғанына қарамастан, жол қиы­лысына шығып кететіндерге бұл ескертудің қатысы жоқ.
Тағы бір ескеретін жай, ереже сақтамағаны үшін салынатын айыппұл көліктің техникалық төлқұжаты бойынша белгіленеді. Егер көлігіңізді сенімхат бойынша басқа бі­реу жүргізіп жүрсе, оның барлық айыппұлдары бірден көлік иесінің мекенжайына келетін болады.
Сондай-ақ, бейнекамераға түскен автомобильдің мемлекеттік нөмірі, түсі немесе маркасы сәйкеспесе, арнаулы карта толтырылып, жол полициясы инспекторы оны ­қа­йы­ра нақты тексеретін болады. Сосын барып ұйғарым шығарылып, ол «Қазпош­та» арқылы көліктің техникалық құжатында көр­­­сетілген ме­кен­жайға жіберіледі.
Жол полиция­сы инспекторының қолы қо­­­­йылған ұйғарым алған көлік иесі айыппұлды екінші деңгейлі банкілер арқылы да, «Қазпошта» бөлімшелеріне барып та, төлем тер­миналдарындағы «Kaspi» немесе «QIWI» әмияндары арқылы төлей алады. Egov.kz, HandyPay, MyPay мобильді қосым­ша­лары арқылы тө­леу әрі тез, әрі же­ңіл» дейді жо­­ба авторлары.
Мұның барлығы еріккеннің ермегі емес. Жол қауіпсіздігін қа­дағалауды күшейту мақсатында туындап отырған іс-шара­лар. Сараптамакөрсетіп отыр­ған­дай, жол-көлік оқи­ғаларының сек­сен пайы­зы жыл­дамдықты шамадан тыс көтергеннен болады екен. Бұған қоса, қала көшелерінде «жол менікі» дегендей көпе-көрнеу жол ере­жесін бұзып, көпшіліктің ашу-ы­засын туғызатын жүргізу­шілер көбейіп кетті.
Осындай келеңсіздікке тосқауыл қою бағытында «Сергек» фото-бейне жүйесі енгізіліп отыр. Ал оның қалай жұмыс істейтінін уақыт көрсетеді.

Жылдамдықты арттырғанға кешірім жоқ

Бір айда елордада болған жүз жиырмаға тарта жол-көлік оқиғасының тең жартысы­нан астамы жылдамдықты шамадан тыс арттырғаннан болған. Ә.Молдағұлова көшесі мен Жеңіс даңғылының қиылысында соғылған екі машинадан төрт адам зардап шекті. Себеп – сағатына жүз шақырым жылдамдықпен құйғыту. Мұндай мысалдарды көптеп келтіре беруге болады. Осындай оқиғалардың алдын алу үшін Әсет Ахметов бастаған ұжым тоғыз миллиард теңгенің жобасын жасап, әкімдікке ұсынды. Әкімдіктің де өз талабы болды. «Біз сіздерге аппараттың орнатылатын жерлері мен мәліметтер базасын жабдықтауға көмектесеміз. Ал сендер инвестор тауып, жобаны жүзеге асыруды қолға аласыңдар. Сынақ мерзімі – алты жыл төрт ай. Осы уақыт аралығында аппараттар істен шығып немесе белгіленген талаптарға сай келмесе, келісімшарт күшін жояды» деген мәміле жасалды.
Сөйтіп, жыл басынан бері «Сергекке» тәжірибе жүргізіле бастады. Ка­мера қала тіршілігіне қа­­тыс­ты ақпараттарды түгел жазып отырады. Әсі­ресе, ертеңгілік кепте­ліс кезінде қалада қанша
көлік бар екенін осы бейне-бақылау арқылы нақ­тылауға қол жетті. Со­ның нәтижесінде елордада өткен сегіз айда 174 қыл­мыстың беті ашылып, 33 мың адам ереже бұзғаны үшін әкім­шілік жауапкершілікке тартылды. Қылмыс деңгейі 32 па­йызға аза­йып, жол-көлік оқиғасы 20 пайыз­ға кеміген.
«Жақында өзім тұра­тын мекен­жайға жол полициясы­нан хабарлама келді. Тәуелсіз­дік көшесі бойын­­дағы «Сергек» бейне-бақылау камерасына ілігіп қалыппын. Кінәм – қауіпсіздік белдігін тақпай, ұялы телефонмен сөйлесіп келе жатқаным екен. Машинамның нөмірі мен түсіне дейін тайға таңба басқандай анық көрініп тұр» дейді қала сыртындағы арнаулы халыққа қызмет көрсету орталығындағы айыппұл төлеуші жүргізушілердің бірі. Мұнда айыппұл төлеуге келіп жүргендердің көбі жылдамдықты арттырғандар болып шықты.
– Дұрыс, олай болатын себебі – қатты жүріп, «Сергекке» жазылып қалған мәліметтерді жол полициясы инспек­торлары тергеп, тексеріп жатпайды. Олар автоматты түрде айыппұл төлеуге кетеді.

«Сергек» фото-бейне аппараты іске қосылған он күннің ішінде қала көшелерінде жол қозғалысы ережесін бұзу 2,3 пайызға азайса, керісінше, жолдан өту тәртібін сақтамаған отыз алты жаяу жүргіншіге 11345 теңгеден айыппұл салынды

Сондықтан жылдамдықты арттырғандарға кешірім болмайтынын жүргізушілер түсіну керек, – дейді жол полициясы инспекторы Ермек Сүндетов.
Қаладағы сары түсті немесе сұр түсті тіркеу камераларына қарағанда «Сергектің «қамту аумағы үлкен. Екі кө­шедегі бағдаршамның аралығында орнатылған аппарат сол жолдың бойын түгел қамтиды екен.

Камера көбейді, полиция жұмысы жеңілдеді ме?

Бұған дейін елордада алты мыңға тарта жылдамдық өлшеуіш құралы болса, енді төрт жүз көше қиылысы мен жол қапталдарында төрт мыңға тарта өзіміздің отандық өніміміз «Сергек» фото-бейне аппараты орнатылды. Олардың санын жыл аяғына дейін 13000-ға жеткізу көзделуде.
Осыдан кейін жол полиция­сы қызметкерлерінің жұмысы жеңілдейді ме? Жаңа қондыр­ғы оларға қандай мүмкіндіктер туғызып отыр? Біз осы сауалдарды Астана қаласы Ішкі істер департаменті әкімшілік басқармасының бөлім бас­тығы Тимур Қазыбаевқа қойдық.
– Баршаға белгілі, еліміздің бас қаласында көлік саны жылдан-жылға өсіп келеді. Оның үстіне, сырттан келетін транзит автомашиналар бар. Осының барлығы жол қозғалысына едәуір қиындықтар келтіруде. Міне, осы жайсыз­дықтарды азайту, ең бастысы, қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында басшылық көшелердегі көлік қозғалысын бақылауды күшейтіп келеді. Жылдан-жылға заманауи қондырғыларды жетілдіре түсудеміз. Биыл жыл басынан бері осы «Сергек» фото-бейне жылдамдық өлшеу аппараттары орнатыла бастады. Нәтиже бар. Мәселен, аталған қондырғы іске қосылғалы жүргізушілердің жолда жүру тәртібі түзеле бастады. Жылдамдықты арттыру, белгіленген тоқтау сызығын басып өту, бағдаршамға бағынбау сияқты ереже бұзушылықтар кейінгі үш айда 6-7 пайызға дейін төмендеді.
Ал енді «Жол полициясының жұмысы жеңілдеді ме?» деген сауалға келер болсақ, бұл жерде «таяқтың екі ұшы бар». Жаңа қондырғылар көпшілікке психологиялық ахуал туғызып, күні-түні бақылап тұруға жақсы. Бұл жағынан алғанда, жол полициясының жұмысы жеңілдеді деп айтуға болады.
Дегенмен қай уақытта да адам факторы бірінші орынға шығатыны сөзсіз. Сол қадағалау аппараттарынан процессингілік орталыққа келіп түскен мәліметтерді талдап, зерт­теу – жол полициясы қыз­­меткерлерінің мойнында. Бұл жердегі мәселе адамдарды жазалау емес. Тәртіп бұ­зушылықтың алдын алу. Осы тұрғыдан барлық материалдар елеп, екшеліп, тек жол ережесін өрескел бұзғандарға немесе бір қателікті бірнеше рет қайталағандарға ғана ұйғарым шығарылып, айыппұл төлеуге жіберіледі.
Осының барлығы – ауқымды да ауыр жұмыс. Ал оны қалалық жол полициясы қызметкерлері күн сайын өз дәрежесінде атқарып келеді, – деді ол.
«Жол мұраты – жету». Олай болса, межелі жеріңізге уақытында, аман-есен жету үшін жол ережесін қатаң сақтап, жолда абай болыңыздар де­гіміз келеді.

Таңатар ТӨЛЕУҒАЛИЕВ

Жауап қалдыру

Сіздің email-адресіңіз жарияланбайды.Қажетті өрістер таңбаланған *

*