СЕНБІЛІККЕ САҚАДАЙ САЙ

4 қыркүйек – 4 қазан аралығында Астанада санитарлық тазалау, абаттандыру және көгалдандыру бойынша күзгі экологиялық айлық өтуде. Ал 16 қыркүйек күні «Астана – таза қала» атауымен жалпықалалық сенбілік ұйымдас­тырылады. Оның мән-жайын Астана қаласы Табиғи ресурс­тар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Мұса Танабаевтан білдік.

– Мұса Тұрманұлы, эко­ло­гиялық айлық аясында қандай жұмыстар атқа­рылады?
– Қаланы санитарлық тазалаумен қатар, көшелерді, тротуарларды және ішкі орамдық аумақты жинау, нөсер суы жиналатын және арықтық кәріздер жүйесін тазалау жоспарланып отыр. Ағаш отырғызу да жалғасады. Бұған қоса, саябақтардағы жасыл желекті күтіп ұстау және гүлзарлар мен гүл бақтары алаңдары бойынша маусымдық агротехникалық жұмыстар атқарылады. Қоқыс заңсыз тасталған орындар мен ластанған аумақты жою да жасалады.

– Алда өтетін жалпы­қа­ла­лық сенбіліктің негізгі мақсаты қандай?
– Жалпы, барлық жалпы­қалалық сенбіліктердің не­гізгі мақсаты – қоғамның назарын қала көшелеріндегі тазалық мәселелеріне аудару, экологиялық мәдениетті қалыптастыру. Осы жерде кез келген қала тұрғыны мен ұйым көшелер мен аулалардың абаттандырылу жағдайының жақсаруына, қаланы көр­кейтуге үлесін қоса алатынын айта кетейін.

– Жалпықалалық сен­білікке жалпы қанша адамды, кәсіпорын мен ұйымды, техниканы жұмылдыруды жоспарлап отырсыздар?
– 16 қыркүйек күні өтетін жалпықалалық сенбілікке 90 мыңға жуық адамды, мыңнан аса кәсіпорын мен ұйымды, 49 жоғары және арнаулы орта білім беретін оқу орнын, 184 мектепалды және жалпы білім беру мекемесін, 73 денсаулық сақтау мекемесін, 161 мемлекеттік мекеме, ведомстволар, ұлттық компанияларды жұмылдыру, 560 техниканы тарту жоспарланды. Сенбілікке қатысатындар күрек, тырмау­ыш, қолғап пен қоқысқа арнал­ған қаптар сияқты керек-жарақпен қамтамасыз етіледі. Оған сақадай сай отырмыз.

– Енді жалпықалалық сенбілік шеңберінде ат­қа­рылар жұмыстарға тоқ­талсаңыз.
– Жалпықалалық сенбілік шеңберінде республикалық және қалалық ұйымдар қыз­меткерлерінің қаты­суымен ағаштарды жаппай отырғызу шарасын ұйым­дастыру, бар­лығы 18372 ағаш егу жоспарланды.Бұған қоса, студенттерді, волонтерлерді, әскери бө­лім қызметкерлерін тартып, Есіл, Ақбұлақ, Сары­бұ­лақ өзендерінің арнасын қоқыс пен тұрмыстық қал­дықтардан арылту бо­йынша экологиялық шара ұйымдастырылады.

– Әңгімеңізге рақмет!

Әңгімелескен
Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Сонымен қатар

ҮЙДЕ ИТ ҰСТАСАҢЫЗ…

«Асырауында үй жануарлары бар қала тұрғында­ры ауланы, кіреберісті, баспалдақ алаңын, лифтіні, балалар алаңын, жаяу жүргіншілер …

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған