«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Сенаторлар сайлаушыларымен жүздесті

0 29

Кеше Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттары  Асқар Бейсенбаев пен Еділ Мамытбеков Астанадағы вагон жөндеу  зауытының жұмысшыларымен жүздесті.

Алдымен «Ақмола вагон жөндеу зауыты» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы Зейнолла Шібкенов халық қалаулыларын зауыт жұмысымен таныстырды. Кәсіпорынды аралап шыққан соң Асқар Бейсенбаев пен Еділ Мамытбеков зауыттағы еңбек адамдарымен кездесті. Кездесу барысында депутаттар парламенттік қызмет, кәсіпкерлікке қатысты жаңа заң жобасы мен Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы жайлы сөз қозғады. Сондай-ақ, кездесуде әлеуметтік сала туралы да айтылды. Еңбек адамдарының жұмысына табыс тілеген сенаторлар олардың бірқатар сауалдарына да жауап берді.
Айта кету керек, вагон жөндеу зауыты – Қазақстандағы бірден-бір мамандандырылған кәсіпорын және машина құры­лысы саласындағы аса тұрақты нысан. Тарихына сүйенсек, сонау 1941 жылы Украинадан көшіріліп, шеберхана ретінде жұмыс істеуден бастаған өндіріс орны кейіннен вагон жөндеу зауыты ретінде қалыптасқан. Ресми деректерге сүйенсек, осынау жылдар ішінде мұнда 100 мыңдаған вагон жөнделіпті.
– Қазіргі уақытта зауытта 486 адам жұмыс істейді. Мұндағы орташа жалақы – 110 мың теңге. Бұрын вагондардың барлық түрлеріне, соның ішінде жолау­шы тасымалдайтын вагондарға да жөндеу жүргізілетін еді. Қазір тек түрлі жүк вагондары жөнделеді. Вагондардың біраз бөлшектері де құрастырылады, – дейді Зейнолла Шібкенов тілшілерге берген сұхбатында.

Нұрдәулет КӘКІШЕВ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды