«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Семейдегі алаш арыстары үйі

0 345

ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласындағы Қазақстанның киелі 100 нысанының құрамына кіретін саяси, тарихи оқиғаларға байланысты қасиетті орындардың бірі – Семейдегі Алаш арыстары үйі.

ҰЛЫЛАР МЕКЕН ЕТКЕН ОРЫН

Қазіргі уақытта Семейдегі Бөгенбай батыр көшесі, 132-үйде орналасқан «Алаш арыстары – М.Әуезов» мұражай-үйінің ғимараты ХІХ ғасырдың екінші жартысында қос қабатты ағаштан салынған, астыңғы қабаты қызыл кірпіштен қаланған. Бұл – Мұхтар Әуезов, Жүсіпбек Аймауытов, Міржақып Дулатовтың Семейде қызмет еткен жылдарына ерекше қатысы бар мекенжай.

Кезінде осы үйдің иесі болған Әнияр Молдабаев (1856-1934) Шыңғыс болысынан, Абайдың замандасы, жерлесі, шәкірті. Оның өмір жолы М.Әуезовтің «Абай жолы» романында Данияр Қондыбаев деген атпен берілген. Үйді Әнияр Молдабаев 1898 жылы 19 қаңтарда көпес Москвиннен сатып алу кезінде Абай мен оның балалары қаржылай көмек көрсеткен екен. Хакім Абай Семейге барған сайын осы үйге арнайы ат басын бұрып тұрған деседі. Сонымен қатар, Азаматтық қарсыласу жылдары бұл үйде Әлихан Бөкейхан мен Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов сияқты Алаш көсемдері отбасыларымен тұрған деген де деректер бар. Гүлнәр Міржақыпқызының «Алаштың сөнбес жұлдыздары» атты естелік кітабында: «…Әкем 1921-1922 жылдары Семей губсотында жұмыс істеді де, біз Комиссарская көшесіндегі Әнияр Молдабаевтың екі қабат­ты же­кеменшік үйінде тұр­дық (кейін Абай музейі болды). Үстіңгі қабатында біз – Дулатовтар, бірін­шісінде Әлихан атекемнің (Бөкейханов) үй-іші жайғасқан еді» деп жазғаны – осы ғимарат. Сол сияқты заңғар жазушы Мұхтар Әуезов те жас кезінде біраз уақыт осы үйді мекен еткен көрінеді.

ТАҒЫЛЫМДЫ ТАРИХҚА ТҰНЫП ТҰР

Абай мен М.Әуезовтің өміріне тікелей қатысы бар тарихи орын болғандықтан, Ә.Молдабаевтың үйінде 1944-1967 жылдары Абай мұражайы орналасқан. 1988 жылға дейін қаладағы балалар кітапханасы болған ғимарат 1990 жылы Абай мұражайына қайта беріліпті. 1997 жылы 28 қыркүйекте М.Әуезовтің 100 жылдық мерейтойына орай «Алаш арыстары – М.Әуезов» атты жаңа мұражай экспозициясы болып ашылған.

Мұражай экспозициясы М.Әуезовтің Семейдегі кезеңіне, шығармашылығына, қоғамдық қызметіне және Алаш зиялыларының тәуелсіздік жолындағы қызметіне арналған төрт бөлімнен тұрады. Оның алғашқысы – жас Мұхтардың 1909-1918 жылға дейінгі кезеңіне берілсе, екінші бөлімде Алаш арыстарының белсенді қызметі жөніндегі құжаттар мен фотосуреттер топтастырылған. Ал М.Әуезовтің қоғамдық жұмысы мен шығармашылығы (1918-1925) келесі бөлімдерде қарастырылған.

Өзінің шығармашылық әлемін Семей жерінде бастаған Мұхтар Әуезовтің алғашқы көркем туындылары, сахна өнерінің іргетасын қалаған драмалық шығармалары да осы өңірде дүниеге келген.

Бала Мұхтарды Әуез атасының алдынан хат таныған соң, 9-10 жасында ағасы Қасымбек алып, Семейдегі Камалиддин хазірет медресесінде оқытып, 1909 жылы бес сыныптық орыс училищесіне оқуға орналастырады.

Экспозицияда Мұхтардың орыс училищесінде оқып жүрген кезінде ағасы Қасымбекпен бірге түскен және ұстазы В.И.Поповтың фотосуреттерін, жас Мұхтардың жазу дәптерін, орыс мектебін бітіргендегі аттестатын, оқыған кітаптарын көруге болады. Экспозицияда, сонымен қатар, Алаш қайраткерлерінің фотосуреттері, өмірі мен қызметі туралы деректер, 2010 жылы ҚР Премьер-министрі болып тұрған кезінде Кәрім Мәсімовтің мұражайға келген сапарындағы сыйы – А.Байтұрсыновтың өз қолымен жазған өмірбаяны қойылған.

ЖАҢАРТУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖҮРГІЗІЛДІ

Алаш қозғалысының 100 жылдығы мен Мұхтар Әуезовтің 120 жылдығына орай былтырдан бастап тарихи ғима­ратқа жөндеу жұмыстары жүргізілген. Ғима­раттың 20 жыл бойы бос жатқан бірінші қабатына өткен жылы ағымдағы жөндеу жүргізілсе, биыл қалпына келтіру жұмыстары жүзеге асып, бұл жер ХІХ ғасырға сай безендірілген. Енді сол заман жабдықтары мен үй алдына Жидебайдағы Абай пәуескесінің көшірмесін қою жоспарланып отырған көрінеді. Мұражай мамандарының мәліметінше, жөндеу жұмыстары кезінде ондағы экспозициялар да жаңартылған. Соған орай музей қызметкерлері Алаш зиялыларының өмірі мен қызметіне байланысты ғылыми-зерттеу жұмыстарымен айналысып, жаңа экспозицияның тақырыптық жоспарын дайындаған. Бұл жұмыстарды жүзеге асыру барысында ең алдымен Астанадағы Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті және ондағы «Алаш» мәдениет және рухани даму институтымен өзара әріптестік қарым-қатынастар орнатылған. Соның нәтижесінде белгілі алаштанушы ғалымдар – филология ғылымдарының докторы, ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі, профессор Дихан Қамзабекұлы мен РһD докторы, әлихантанушы Сұлтанхан Аққұлұлы алты кезеңнен тұратын Алаш қозғалысының арнайы тақырыптық жоспарын жасауға көмектесіп, сонымен қатар, көршілес Ресей мемлекетінің Мәскеу, Санкт-Петербург, Омбы, Томск сияқты басқа да қалаларының мұрағаттарынан жинақтаған материалдарымен де бөлісіпті. Сондай-ақ, экспозициялық материалдар құрамы Абай музейінің ғылыми қорындағы Алаш қайраткерлері туралы тарихи құжаттар, фотосуреттер және сол кездегі газет-журналдар беттерінен түсірілген көшірмелермен де толықтырылыпты.

Мұнымен қоса, Алаш арыстары мұражайының төменгі қабатына ХІХ-ХХ ғасырларда пайдаланылған үстел, орындық, кітап және киім шкафтары, сандықтар, асүй жиһаздары қойылған. Ал үстіңгі қабаттағы бөлмелерге арнайы тапсырыс бойынша астаналық сәулетшілер жасаған Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатов, Шәкәрім Құдайбердіұлы, Мұхтар Әуезовтің мүсіндері орналастырылған.

Аталмыш музей ауласына Алтай тауы өлкесінен арнайы әкелінген биіктігі бір метрдей болатын жиырмадан аса шырша, қайың, қарағай көшеттері отырғызылып, түрлі гүл тұқымдары егілген.

Нұрдәулет КӘКІШЕВ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды