«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Саяжай шаруашылығының жайы қандай?

0 12

Арқаның алты айғы қысы аяқталып, күн жылына бастағанына да айдан аса уақыт болып қалды. Әдетте, бұл шақта астаналықтар қала сыртына шығып, сейіл құрса, енді бірі саяжайларына барып, жеміс-жидегін, көкөнісін отырғызуға кіріседі. Осыдан бірнеше жыл бұрын оларға қалалық әкімдіктің бастауымен арнайы автобустар бөлінетін. Ал қазір саяжайлардың жағдайы қандай?

Саяжайларға арналған орындар бізде жоқ емес. Оларға орын бастапқыда Қоянды, Талапкер секілді бірнеше жерден қарастырылған. Бірақ жұрт ол жақта жыл он екі ай тұрғандықтан, қазір тұрғылықты жерлердің біріне айналып кетті.
«Бұрын елорданың айналасында саяжайлар көп болатын. Қазір көбі тұрғылықты мекенге айналып кетті. Саяжайдың ең
басты пайдасы – халық қыстың қамын жазда жасайтын. Оған көбіне зейнеткерлер баратын. Күн жылынған кезде саяжайларға жүретін арнайы авто­бустар болатын еді. Олар бұрынғы Кеңестер үйі мен Орбита аялдамасында жұртты күтіп тұратын. Бұл автобустар қаланың екі жағындағы саяжайларға күніне екі мәрте қатынайтын еді» деп есіне алды елордалық Күлжан есімді әжей.
Иә… Қазіргі уақытта Сарыарқа ауданында 7 мың тұрғыны бар «Полянка», «Зеленая роща», «Зеленая роща 2», «СМП 209», «КЖБИ 56» атты 5 саяжай бар.
Жақында қала әкімінің орын­­басары Нұрлан Нүркенов «Полянка» бау-бақша қоғамының тұрғындарымен кездесті. Тұрғындар саяжай аумағын дамыту туралы мәселе қозғады. Қалалық әкімдіктің хабарлауынша, саяжай аумағы жеке тұрғын үй құрылысына және тұрақты тұруға арналмаған. Себебі өрт қауіпсіздігінің талаптарына мүлдем сай емес. Бұл аумақтар, негізінен, саяжай маусымында уақытша тұруға ғана арналған.
Жиын барысында қозғалған мәселенің
тағы бірі – «Полянка» тұрғындарының кейбірінде құқық белгілейтін арнайы құжаттары жоқ, өз еркімен меншіктеп алған.
Кездесуде Нұрлан Нүркенов қала әкімі Бақыт Сұлтановтың тапсырмасымен «Полянка» аумағын одан әрі игеру бойынша жол картасы әзірленгенін жеткізді.
– Жол картасы негізінде арнайы жұмыс тобы қызметіне кіріседі. Бейсенбі күні 18:00-де комиссия мүшелері тұрғындармен кездесу өткізеді. Сол жерде әр тұрғынмен ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Жол картасы бойынша аумаққа қатысты егжей-тегжейлі жоспар жасалады. Қала әкімдігі инвесторларды тарту үшін қажет инженерлік инфрақұрылымның құрылысын қамтамасыз етеді. Сол сияқты көп қабатты құрылыс форматында саяжай аумағын одан әрі дамытуға ниет білдіретін инвесторлар іздестіріліп жатыр. Жер заңнамасын сақтамағаны үшін сот шешімі болуына байланысты саяжай аумағын бұзу тиімді инвестор табылғанға дейін шегерілді. Ал шарт бойынша инвесторлар саяжай иелері мен тұрғындарына қаланың өзге тұсынан жер немесе тұрғын үй беруі міндеттеледі. Сондықтан алаңдайтын еш себеп жоқ. Ешкім баспанасыз қалмайды, – деді Нұрлан Нүркенов.
Өз кезегінде «Полянка» тұрғындары жол картасы бойынша құрылған комиссияның мүшелігіне бастамашыл топтың өкілдерін енгізуді сұрады. Әкімдік бұл өтінішті қабыл алды. Олар түсіндіру жұмыстарына күнделікті белсене араласатын болады.
Нұр-Сұлтан әкімінің орынбасарымен өткен кездесуге «Полянка» саяжайының 50 тұрғыны қатысты.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды