Четверг, 21 Сентябрь 2017
-->

СӘУЛЕЛІ ЖҰЛДЫЗ

Астананың бүгінгі кескін-келбеті қызықтырып, таң-тамаша бейнесіне сүйсінген сайын осының бәрі айналасы жиырма жылдың ішінде ғана атқарылған ғажайып құбылыс екені көңілді мақтанышқа бөлемей қоймайды. Оның Целиноград аталудағы сұрықсыз да, суықтау да кезіндегісінен білетін бізге, әсіресе, әрдайым адам танығысыз құлпырып, жаңарып, жасарып жатуы тым ыстық.

Бұл қаланы алғаш көруіміз де есте. Өткен дәуірдің 60-шы жылдары басында Есілмен қапталдас Нұраның бойынан үлкендерге ілесіп, келіп-кетіп жүретін ауыл баласына сонда назарға түсетіні тек Тың игерушілер сарайы мен облыстық партия комитетінің ғимараты еді. Мир көшесі ғана болмаса, жан-жағы жапырайған көзге үйреншікті үйлер қалалық кейіпті елестете қоймайтын. Бертінде «Коммунизм нұры» газетіндегі үлкен ортаға қосылып, басқа қалалармен салыстыра, теңестіре қалуда да оншалықты алдыңғы қатарлы еместігі мойындалатын. Кім біледі, егер ел шаңырағы Арқа төсіне ауыспағанда, сол қалпынан ұзай қоймас па еді деген ой келеді бүгінде. Еліміздің тұтастығы мен беріктігі үшін жасалған көрегендік батыл қадамның арқасында әлемді таңғалдырушы көз тоймайтын шаһар пайда болуы адамзат жаңа тарихындағы ғажап оқиға саналса, халқымыз қолы алтын екеніне жарқын айғақ осы емес пе?!

Уақыт жылдамдығын байқатпайды. Қарап отырсақ, жаңа Қазақстанымыздың жаңа бас қаласы уық тіккеніне 20 жыл тақап қалыпты. Енді бір жылдан соң сол жайнаған жасқа толғалы отырған шағына сәйкес тынысы кім-кімді де тартпай әкетпейтін тәрізді. Арман қуып, үлкен үміт жетегімен қыз-қыз қайнаған ортаға қызығып, келіп жатқан жастар меселі қайтпаса, алдымен білікті мамандар, іскер толқынға толықса дейсің.

Адамға өмірдегі армандаған мақсаты ешқашан жеңіл жолмен келмейді. Мәселен, бір баспананың өзі қаншама күш-қайратпен тұрғызылады. Мұны мыңдаған тұрғын үй, жүздеген сәулетті сарай, зәулім ғимарат салу қандай қиындығын бажайлату үшін мысалға келтіріп отырмыз. Осыншама күрделі істі үйлестіріп, ебін тауып, ортақ күреске құлшындырып, ұмтылысқа жұмылдыру – мемлекеттік тұрғыдағы табандылықтың жемісі мен жеңісі екеніне, соның бастамашысы да, қолдаушысы да Елбасына ел ризалығын білеміз.

Бүгінде Астана – өзімен санаттас елордалар көбінен асып түспесе, кем түспейтін қала. Өсіп-өркендеуге өрісі кеңдігін ойлағанда талайын басып озары даусыз. Жақында көркін келістірген, ажарын арайландырған жаңа «Нұрлы жол» теміржол вокзалы мен әуежай, «ЭКСПО-2017» ғимараттары келешегіне кемелдігіне күмән туғызбайды. Президент Н.Ә.­Назарбаев «Астана келбеті – ұлт келбеті. Біздің Астанамыз қай жағынан қарағанда кісі қызығарлықтай, Шығыстың да, Батыстың да айшықтарын қатар қабыстырған қалаға айналып келеді» деп атап көрсетуі оның көшелерін аралап, тамашалаған сайын ойға оралады. Мысалы, бұдан бірер жыл бұрын Вашингтонда болған бізге Есілдің сол жақ жағалауы бойындағы орталық осынау шаһарды елестетерліктей көрінеді. Кең де тап-таза көшелер, қызметтік, мекендік әсем үйлер, жасыл желекке малынған саябақтар, у-шудан тыныштау орамдар, бос кісі аяғы сирек, мәдениет­тілік мәнері ескен орта баурайды. Қоғамдық көліктердегі тәртіптілік пен әдептілік көңіл өсіреді. Әсіресе, жастар жағының үлкендерге ұшып тұрып орын ұсынуы жарасады. Сұрастыра қалсаң, қазақша жауап қатып, тіпті ұялы телефондарын ашып, жөн сілтеп, айтып, түсіндіруі жағымды-ақ. Түр келбеттері де көркем, киім киістері де келісті, ой-санасы өсіңкі, қазақи тәрбие­лі буын жетіліп келе жатуына қуанасың. Соларға қарап, ел ертеңін танығандай боласың. Олар жүзінен есер өзгеге ұқсамайтын ішкі әдемі әлем, жоғары мәдениеттілік елорданың өзіндік болмысы қалыптасуын байқатады. Осындай астаналық тәлім барлық жерге үлгі, үрдіс болса, нұр үстіне нұр. Ал үлгі тұту жоқ емес. Айталық, Қарағандымыз да сондайлық өнегемен өзгеріп жатыр. Астана еліміз қалалары бәрін алға тартып бара жатқан, шапағатын шашқан шұғыла сияқты әсер қалдырады.

Қарағанды демекші, құдайы көрші ретінде көмек-қолдауы әрқашан ашық. Жерлестеріміз қолтаңбасы қалған құрылыс­тар қаншама. Басқаларын атамағанда-ақ, «Отан қорғаушылар» ескерткіші орны бір бөлек. Тәуелсіздіктің 10 жылдығына арналған бұл тарту Астана символы бірі тұрғысында алысқа танымал.

Сырт көз байқампаз емес пе? Араға көп уақыт салмай келіп-қайтуларда күннен-күнге құлпыруды аңдамай қалмайсың. Келбеттену кезегі енді оң жақ жағалауға жалғасуы білінеді. Хазірет сұлтан мешіті айналасы қандай әп-әдемі десеңізші?! Бұл маңайдағы «Ертегі қалашық» десе делінгендей, аумақ күндіз көзді бір сүріндірсе, кешкісін сан бояумен жарқырауы екі сүріндіреді. Қос жағалауға ұштасқан Рақымжан Қошқарбаев атындағы жаңа даңғылдың батыр даңқына сайма-сайлығы сүйіндіреді. Дәйім, осылайша өсу биігінен түспесін тек. Еркін дала төрінде жарқыраған жұлдызға сол жарасты.

Айқын НЕСІПБАЙ

Print Friendly, PDF & Email
PDF24    Отправить статью как PDF   

Оставить комментарий

Ваш email не будет опубликован.Необходимы поля отмечены *

*