«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Сауал – сізден, жауап бізден

Заңгер кеңесі

0 13

Оқырмандар сауалдарына «Elorda Aqparat» ЖШС заңгері Әсет Қайырхан жауап береді.

– Қызым 2012 жылы ипотекаға пәтер алды. Оның алғашқы жарнасын мен берген едім, ол үшін қолхат жазды және үш адам куәгерлік етті. Қолхатта қарызға алынған қаражаттың қайтарылу мерзімі көрсетілмеген. Қазір қызым ажырасты. Сұрағым келгені – қызым мен оның бұрынғы күйеуі мүлікті бөліске салған кезде мен өз ақшамды қайтарып ала аламын ба? Әлде оның мерзімі ескіріп кетті ме?

Е.Таңсықбаев, Нұр-Сұлтан қаласы

– «ҚР Неке және отбасы туралы» кодексінің 38-бабына сәйкес, «ерлі-зайыптылардың ортақ мүлкін бөлу кезіндегі ерлі-зайыптылардың жалпы қарыздары олардың арасында берілген үлестерге сәйкес бөлінеді». Сондықтан сіздің қарыз ақшаңыз ортақ мүлікті бөлу кезінде ерлі-зайыптылардың арасында оларға берілген үлестерге сәйкес бөлінеді. ҚР Азаматтық кодексінің 277-бабы 2-бөліміне сәйкес, егер міндеттемелерде оны орындау мерзімі көрсетілмеген болса және осы кезеңді анықтауға мүмкіндік беретін жағдайлар болмаса, ол міндеттеме туындағаннан кейін белгілі бір мерзім ішінде орындалуы керек. Сіздің жағдайда есептеу мерзімі сіздің азаматтық құқықтарыңыздың бұзыл­ғандығы туралы білетін кезден басталады. Борышкер кредитор оны орындау туралы талапты ұсынған күннен бастап жеті күн ішінде орындауға міндетті.

– Менің құрбымның жасы 82-де, 52 жылдан бері достық байланыстамыз. Оның жиенінен басқа ешкімі жоқ. Құрбым өз туыстарымен тіл табыса алмай, өсиетті менің қызымның атына жазды. Бірақ нотариус өсиетті толтыру барысында терапевт пен психиатрдан анықтама сұраған жоқ, бар болғаны «көзбен тексерілді» деп жазды. Енді құрбымның туыстары өсиет дұрыс жасалмаған деп бізді бопсалап, қоқан-лоққы көрсетіп отыр. Олардың сөзінің жаны бар ма?

Әлима Омарова, зейнеткер, қала тұрғыны

– Өсиет дегеніміз – азамат қайтыс болған жағдайда оның мүлкін иеліктен шығару туралы еркі. Өсиет – бұл бір жақты мәміле. Оны орындау үшін тек бір адамның – өсиет қалдырушының қалауы жеткілікті. Азамат ешкімге түсіндірместен өзінің барлық мүлкін немесе оның бір бөлігін бір немесе бірнеше азаматқа, кез келген ұйымға немесе мемлекетке мұра ете алады, сондай-ақ мұрагерін мұрадан айыра алады. Өсиет қалдырушы оны құрастыру кезінде толық құқықтық қабілетке ие адам болады. Азаматтық кодекс өсиетті кез келген уақытта жоюға немесе өзгертуге болатындығын қарастырады. Заңда қарт адам өсиет жазғанда нотариус одан денсаулық жағдайы туралы анықтаманы талап етуі керек деп қарастырылмаған. Бірақ кейбір нота­риус­тар сақтық ретінде, өсиет қалдырушы 70 жасқа толған болса, одан денсаулығы туралы анықтама сұрайды.

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды