«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Сауал да, өтініш те көп

0 47

Кеше Сарыарқа ауданының әкімі Арман Тұрлыбек Көктал тұрғындарының алдында есеп берді. Жиынға Астана қаласы әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев пен қалалық мәслихат депутаттары, басқарма басшылары қатысты.

Кері байланыс бар

Баршаға белгілі, аудан әкімі Арман Тұрлыбек тұрғындар тікелей өзіне хабарласу үшін ұялы телефон нөмірін халыққа ұсынғаны белгілі. Айтуынша, күніне мессенджер арқылы 20 хабарлама келіп отырады екен. Осындай кері байланыстың арқасында оң нәтижелерге қол жеткізілген. Әлеуметтік жобаларды іске асыру, аулаларды абаттандыру, аудандарды көгалдандыру және жарықтандыру, тұрғын үй-коммуналдық, жол-көлік инфрақұрылымы саласында біраз шаруалар атқарылған.
«Мәселен, 16 футбол және 2 баскетбол, 24 тренажер алаңдарын салдық. Онда 168 тренажер, «Workout» спорт тренажерінің 3 кешені және 155 шағын сәулет нысандары орнатылған. Биыл да бұл жұмыстар жалғасын табады» дейді аудан әкімі.

Жағалау жаңарды

Халықты қуантқан жұмыс­тың бірі – Есіл өзенінің жағалауы жаңарды. Тротуар бөлігі 7 метрге дейін кеңейіп, бір үлгідегі орындықтар, қоқыс жәшіктері қойылып, жарықтандырылды. Яғни тұрғындар үшін нағыз демалыс орнына айналды. Ал тұрғын үй-коммуналдық шаруа­шылығына келсек, автономды қазандықтары бар 11 тұрғын үйді жылумен жабдықтау мәселесі «Астана-­Энергия» АҚ қызмет көрсетуіне беру арқылы шешімін тапқан. Әкім, бұған қоса, көп қабатты тұрғын үйлердің мәселесін, өңірлерді дамыту бағдарламасын, лифт шаруа­шылығы, бейнебақылау камераларын орнату, ашық құдықтар мен қоғамдық көлік тәртібіне қатыс­ты атқарылған жұмыстардың есебін берді.

Жол салу оңай емес

Жиын соңында тұрғындар әкімге толғандырып жүрген сауалдарын тікелей қойып, жауабын тыңдады. «Мұзбел көшесінде тұрамыз. Бізге өткен жылы асфальт салып берді. Бірақ жолдың астына ешқандай кәріз жүйе­лері жүргізілмеді. Тротуар жоқ. Жыл басталғалы ешқандай қар тазаланбады» дейді Берік
Маханов есімді азамат. Тұрғын сауалына Жол-көлік инфра­құрылымын дамыту басқармасының өкілі жауап берді: «Аталмыш жол әлі мемлекеттік сараптамадан өтпеген. Екі жыл күту керек. Алдымен жоба дайындалады, конкурс өткізіледі. Бюджеттен ақша бөлінеді. Содан кейін ғана тиісті жұмыстар жүргізіледі» дейді басқарма өкілі. Ал қар тазалау жұмыстарына қатысты өз жұмыстарына салғырт қараған үшін аудан әкімі тиісті мердігер компания басшысына ескерту жасады.

Көлікке көңіл толмайды

«Жаңа қоныс» тұрғын үй кешені тұрғындары атынан Жанболат Төлегенұлы бірқатар мәсе­­лелерді атап өтті. Оның мәлім­­деуінше, №54 автобустың жол қозғалысы кестесі халықтың көңілінен шықпайды. Яғни кері жол жүру бағдары жоқ. Тілендиев пен Баршын көшелерінде бұзыл­ған бағдаршам әлі күнге дейін істемейді. №120 автобус Таңжарық көшесіне дейін келеді, бірақ ол жерде аялдама орнатылмаған. Ешқандай белгі болмағандықтан қоғамдық автобус та, мектеп автобусы да тоқтамайды. Бастауыш сынып оқушылары аялдама жоқтығынан №8 автобустың соңғы аялдамасына барып күтуге мәжбүр. Темірден болса да аялдама орнатып берсеңіздер дейді ол.
Аудан әкімі Арман Тұрлыбек сауалдарға рет-ретімен жауап беруге тырысты. Автобус қозғалысы мен бағдаршам мәселесіне жауапты тұлғаларға аталмыш мәселелерді тез арада шешуді тапсырды. Жол апатынан кейін істен шыққан бағдаршам сот шешімі шыққанға дейін жөнделмейтінін алға тартқан басқарма маманына балалардың қауіпсіздігі үшін ештеңеге қарамай, тығырықтан шығудың жолын тауып, әлгі бағдаршамды жұмыс істету керектігін ескертті. Авто­бустың бағдары да алдағы уақытта бірлесіп шешуді талап етеді екен. Себебі «Astana LRT» ЖШС жолдың нашарлығынан әзірге бір бағытты ғана іске қосуды жөн деп тауыпты.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды