«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

САТТАР ҚАРЫНДАСЫНЫҢ СЫРЫ

0 110

саттар

Фарида Қожымова апайды көптен білетінмін. Бірақ осы бір аяулы жан Саттар Ерубаевтың немере қарындасы екендігінен хабарсыз едім. Бірде орталық газеттердің бірінен Саттар Ерубаевтың 100 жылдығына арналған мақаладан осы кісінің аты-жөнін көрдім. Содан кейін Факеңе Саттар туралы айтуға қолқа салдым.

Ол бір кітапты алып, маған ұсынды. Қарағандылық қаламгер Төлеубай Ермекбаевтың «Тұлпар-тағдыр» атты кітабы екен. Қолыма тиген кітаптың мазмұнынан қазақтың ардагерлері Бейімбет Майлин, Асқар Тоқпанов, Жайық Бектұров, Саттар Ерубаев, т.б. туралы мақалалардың барын көріп, бір қуансам, жалындап өткен жазушымен тетелес өскен Фарида апайды көргеніме екінші қуандым. Факеңнің өзі айтуы бойынша жас аралықтары 8-9 жас. Ағасы туралы көп мәліметтер білетіндігі байқалады. Саттар бала кезінен кітапқа қатты құмартыпты. Қолына түскен газеттерді  жинап алып, әжесіне қолдан кітап жасатқызатын болыпты. Оған бала Саттар есі қалмай қуанады екен. Кітапшаларын дорбаға салып, тіпті, ұйықтағанда жастығының астына басып жататын болған.

Түркістандағы Саттардың  әкесі Асқардың салғызған үйінде кейін Атай деген ақсақал тұрыпты. Көкірегі ояу қария мұнда Саттар тұрғанын біліп, соның жанынан өзіне үй салып алып, о дүниелік боларының алдында балаларына «Мына Саттардың үйінің бір кірпішін де құлатпай күтіп ұстаңдар, ол халқына Саттардай талантты ұлды берген Асқар ақсақалдан қалған бір белгі ғой» деп өсиет қалдырыпты. Бұл әңгімені Фарида апай айтқанына он жылдан асты. Бүгін сол үй қандай жағдайда екен? Сол үйде мұражай ашса, қандай керемет болар еді.

Алғыр Саттар ауыл молдасының солқылдаған көк шыбығына көне алмай, бастауыш мектепке кетіп, одан кейін жетіжылдық орыс мектебін бітіріп шығады. 1930 жылы Саттардың белсенді комсомол мүшесі зейінді жас екені ескеріліп, Қазақстан Оқу комиссариатының арнайы жол­да­масымен Ленинград уни­вер­ситетіне оқуға түседі. Осы бе­делді оқу ордасын 20 жасқа қараған шағында қызыл дипломмен бітіріп шығады. Өрімдей жас кезінде Ресейдің үлкен уни­­верситетінің аспирантура­сына түседі. Аспирантурада бір жыл оқығаннан кейін Оқу комиссариатының шақыруымен, оның үстіне денсаулығы сыр бере бастаған соң Алматыға оралады. Мұнда жастар газетінде істеп жү­ріп өзінің қарымды  журналист екенін танытады.  Онымен қоса жоғары оқу орындарында дәріс береді. Сол кезде Қазақстан жазушылар одағының бірінші съезін дайындап өткізуге белсене қатысады. Жазушылар одағының мүшелігіне қабылданады. Осы қысқа ғұмырында көптеген новеллалар, очерктер, өлеңдер, фельетондар жазып үлгереді. Оның атақты шығармасы – «Менің құрдастарым»жастардың сүйіп оқитын романына айналды. Сондай-ақ, В.Маяковский, К.Чуковский, И. Эренбург, жапон жазушысы Ф. Сейкици, т.б. шығармаларды қазақшаға аударды. 1966 жылы С.Ерубаев Ленин комсомолының, ал 1968 жылы Н.Островский атындағы сыйлықтардың иегері болды.

Ол  кісінің аз уақытта халқы үшін атқарған істері ұшан-теңіз. Оны бір мақаланың көлемінде айтып шығу мүмкін емес. Саттар ағамыз «Менің құрдастарым» романының «Мәңгілік өмір туралы жыр» атты увертюрасында былай деген екен:

Менің қаным миллионның

тамырында ағады,

Бір жүрегім миллионның 

жүрегі боп соғады

Ендеше мен мәңгі жасап,

өшпеймін де өлмеймін

Еш уақытта жоғалмаймын,

тозбаймын да сөнбеймін!  

Осы шумақтарының өзі ол кісінің кім екендігін көрсетіп тұр. Оның өнегелі өмірін, шығармаларын  насихаттау жастарды патриоттық рухта тәрбиелеуге игі әсерін тигізері сөзсіз.

Еркін Дәуешұлы,

 ардагер- ұстаз

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды