«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Саржалдың жастары

0 28

Ұлттық музейде Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасы қоры мен Қазақстандағы Франция елшілігінің бірлесіп ұйымдастыруымен француз фотосуретшісі Эрик Ваззолердің «Саржалдың жарқын жастары» деген көрмесі ашылды.

Көрмеге автордың биылғы ақпан-нау­рыз аралығында Семей сынақ полигонына жақын маңда орналасқан Саржал ауылына барып түсірген 35 фототуындысы қойылған. Мұндағы бас кейіпкерлер – осы ауылда тұратын балалар мен жасөспірімдер. Фотосуретшінің туындылары түкпірде жатқан ауылдың жандануы мен жаңа өмірінен сыр шертеді.
Жиырмасыншы ға­сырдың «аждаһасы» саналған Семей сынақ полигонында қырық жыл бойы 500-ге жуық ядролық сынақ жүргізілді. Бұл жарылыстардың жалпы қуаты Хиросимаға лақтырылған атом бомбасының қуатынан 2500 есе артық. Халқымыз үшін зор қасірет әкелген полигон Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен 1991 жылғы күзде жабылды. Бұл шешім ядросыз әлем үшін күрестің басты символы және ядроға қарсы саясат жүргізетін елдер үшін нағыз үлгі болды.
Эрик Ваззолер өзінің кәсіби жолын 1968 жылы «Libération» журналының редакция­сында және «Vu» жастар агенттігінде бастаған. Бұл Тұңғыш Президент қоры мен француз фотосуретшісі Эрик Ваззолердің бірлесіп ұйымдастырған ал­ғашқы жобасы емес. Ол бұдан бұрын Даун синдромы бар, сол сияқты көру қабілеті төмен балаларды фотоға түсіру бойынша үйрететін шеберлік сыныптарын өткіз­ген болатын.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды