Четверг, 17 Август 2017
-->

САРЫБАЕВТЫҢ САРА ЖОЛЫ

 Қазақ ұлттық өнер университетінде «ЭКСПО-2017» көрмесі шеңберінде өткен «Ұлы Жібек жолы: Шығыс пен Батыс мәдениеттерінің қарым-қатынастары» атты ІІ халықаралық форумның аясында музыкатанушы, өнертану кандидаты Болат Сарыбаевтың туғанына 90 жыл толуына арналған «Қазіргі замандағы музыкатану және этноорганология мәселелері» атты халықаралық конференция ұйымдастырылды

zagruzheno

Форумға Қазақстан, Ресей, Қытай, Оңтүстік Корея, Түркия, Беларусь, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Әзірбайжан, Италия мемлекеттеріндегі музыкалық білім беретін бірқатар жоғары оқу орындарының басшылары мен ұстаздары жиналды. Оның барысында дәстүрлі мәдениетті, ұлттық музыканы сақтау мен дамыту мәселелері талқыланып, музыкалық мұраның бүгінгі күнмен сабақтастағы ортаға салынды.

«Болат Сарыбаевты қазақтың ұлттық аспаптарын жинаушы, ұмыт болған көптеген аспаптарды жаңғыр­тушы ретінде білеміз. Мәселен, үш шекті домбыраны жаңғыртып, зерттеген тұңғыш ғалым Болат Шамғалиұлы еді». Бұл туралы «Халық қазынасы» ғылыми зерттеу институтының ғылыми қызметкері Рүстем Нүркенов сөз сабақтады.

Оның айтуынша, өнертанушының «Қазақтың музыкалық аспаптары» кітабы мен альбомында және орыс тіліндегі «Казахские музыкальные инструменты» еңбегінде үш шекті домбыра жөнінде айтылады. Сонда Болат Сарыбаев мұндай домбыра түрі жайлы алғашқы деректер Батыс Қазақстан аймағында кездесетінін айтып, 1857 жылы Бөкей Ордасында болған этнограф Д.Исаевтың жазбаларына сүйенеді. Сондай-ақ, А.Евреинов, А.Харузин, ­П.­Юдин сынды этнографтардың еңбектерінен әртүрлі мәлімет алады.

kone-dunie

«Алайда Болат Сарыбаев үш ішекті домбыра жайлы келтірген деректердің көбісі қазіргі Шығыс Қазақстан облысына жетелейді. Ол үш ішекті және шанағының ішіне қосымша ішектер салынған көне домбыралар Семей облысының Абай, Шұбартау және Жаңа Семей аудандарында жиі кездескенін, Семей облысында үш ішекті домбыра тартудың тамаша шеберлері көп болғанын келтіреді. Соның ішінде ұлы Абайдың баласы Ақылбай мен немересі Исраил үш ішекті домбыраны шебер тартқанын, Исраилдың домбырасы Семейдегі Абайдың республикалық мемориалдық музейінде сақталғанын, Абай Құнанбаев пен оның досы Н.Долгополов Семей өлкетану музейіне 1885 жылы үш шекті домбыра тапсырғанын айтады. Болат Сарыбаевтан кейін үш шекті домбыраны зерттеуді оның шәкірті Жарқын Шәкәрім қолға алды. Ұстазының тікелей тапсырмасымен бұл аспап түрін шертуді үйреніп, зерттеуді әрі қарай жалғастырды» дейді Рүстем Нүркенов.

«Ұлы Жібек жолы: Шығыс пен Батыс мәдениеттерінің қарым-қатынастары» атты ІІ халықаралық форум аясында өзге де өзекті мәселелер қозғалды. Ал бүгін Қазақ ұлттық өнер университетінде П.Чайковский атындағы Х халықаралық жасөспірімдер байқауы басталып, 10 күнге созылады.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Оставить комментарий

Ваш email не будет опубликован.Необходимы поля отмечены *

*