САРЫАРҚАНЫҢ СӘЛЕМІ

Елордада «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрме аясында өтіп жатқан Қарағанды облысының мәдени күндері шеңберінде «Астана» концерт залында «Сарыарқа – ұлы дала өркениетінің алтын бесігі» көрмесі ашылып, «Сәлемі Сарыарқаның ән боп ұшқан» концерті ұйымдас­тырылды.

Көрмеге Қарағанды облыстық тарихи-өлкетану мұражайы мен облыстық бейнелеу өнері музейіндегі жәдігерлер мен картиналар, кітаптар, жалпы алғанда өлке тарихынан сыр шертетін, бүгінгі тынысынан хабар беретін өнімдер қойылды. Олардың арасында Ұлытаудағы Алаша хан, Жошы хан кесенелерінің және Аяққамыр, Бескүмбез мазарларының макеттері, Алтыншоқыдағы Ақсақ Темірдің тас жазуының, Таңбалытас­тағы қазақ рулары таңбаларының, 2010 жылы Қарқаралы ауданындағы «Талды-2» қорымынан археолог Арман Бейсенов тап­қан алтын адамның көшірмелері назарды ерекше аудартады.

«Астанаға үш жүзден астам жәдігер әкелінді. Бұл жәдігерлер ұлы тарихымыз, көшпенділердің тарихы, тарихта өткен тұлғалар өмірінен сыр тартады. Мәселен, Қаздауысты Қазыбек би, Әлихан Бөкейхан, Жақып Ақбаев, Тәттімбет, Мәди Бәпиұлы туралы біраз мәліметтерді жеткіздік. Сондай-ақ, облысымызда жүзеге асып жатқан әлеуметтік жобалардан хабар беретін ақпаратты да қамтыдық» дейді Қарағанды облыстық тарихи-өлкетану мұражайының директоры Ержан Нұрмағамбетов.

Соның ішінде ноқтаға басы сыймай кеткен ақын, халық композиторы Мәди Бәпиұлының насыбай үккіші мен шоқпары біз үшін жаңалық болды. Мұражай директорының айтуынша, Мәди өзінің бұл заттарын атқосшысы Әкбар Смайылұлына беріп кеткен. Әкбар ақсақал тоқсан жастан асып, өмірден өтерінде қызы Зағирашқа бұл жәдігерді ауылына күйеу бала болып келетін Құдайберген Бәкеевке тапсыруды аманаттаған. Қарқаралы ауданының құрметті азаматы Құдайберген Бәкеев бұл жәдігерді облыстық тарихи-өлкетану мұражайына былтыр өз қолымен тапсырды.

Ал бейнелеу өнері музейіне келсек, қылқалам шебері Райымқұл Есіркеев (1921-1980) 1963 жылы кестелеген Доскей ақын мен әнші Қали Байжановтың портреттері, Нұрлан Дәуренбенков салған қазақтың тұңғыш ғарышкері Тоқтар Әубәкіровтің суреті, Қазақстанның халық суретшілері Әубәкір Ысмайылов пен Айша Ғалымбаеваның туындылары, таяуда дүниеден озған Қазақстанның халық суретшісі Сабыр Мәмбеевтің осыдан тура 50 жыл бұрын кестеленген «Қызғылттағы этюд» картинасы жанында біраз аялдадық.

Ал концерт залының сахнасында өнер көрсеткен Тәттімбет атындағы халық аспаптар оркестрі мен Қ. Байжанов атындағы концерттік бірлестік, Құрмаш Ыбышев, Ержан Базарбеков, Қайрат Әбеуов, Сержан Мұсайын, Гүлмира Тапай, Меруеш Башай, т.б. өнерпаздар құлақ құрышын қандырды.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Сонымен қатар

ҚУЫРШАҚТАР ТЕАТРЫНЫҢ ОЛЖАСЫ

Астана қаласының Қуыршақтар театры Малайзияның Борнео аралында өткен «Тропикалық орман-2017» дүниежүзілік қуыршақтар карнавалынан олжалы оралды. …

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған