«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

«Сарыарқа» газ құбыры: қарқын жоғары

0 27

Кеше «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ басқарма төрағасы Ахметжан Есімов пен елорда әкімі Алтай Көлгінов «Сарыарқа» газ құбыры магистралінің желілік бөлігінің ресми аяқталуына арналған рәсімге қатысты. Газ құбырының жалпы ұзындығы 1061,3 шақырымды құрайды, ол 170 елді мекенді қамтиды. Іс-шараға сондай-ақ Энергетика министрлігінің, «Қазақстанның даму банкі» АҚ, «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ және «Еуразия­лық даму банкінің» өкілдері қатысты. Газ құбыры Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы бойынша салынуда.

Елорданы одан әрі дамыту мәселелеріне арналған жиында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қалаға газ тарту процесін бақылауға алуды тапсырғаны мәлім. Рәсім барысында Ахметжан Есімов құрылысқа оң баға беріп, еліміздің солтүстік және орталық өңірлерін табиғи газбен үзіліссіз қамтамасыз етудің, жылу беру нысандарын көмірден газға көшірудің, сондай-ақ газ құбыры өтетін облыстардың экологиясын жақсартудың маңыздылығына тоқталды. «Қазақстанның Тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың «Бес әлеуметтік бастамасы» аясында салынған газ құбыры Орталық Қазақстан мен елордамызды еліміздің бірыңғай газ желісіне жалғады. Бұл – тәуелсіздік жылдарындағы ең ірі инфрақұрылымдық жоба және ол бір жылдан аз ғана уақытта салынып отыр» деді А.Есімов.
Қала басшысы құрылысқа қатысты қыруар жұмыстар атқарылғанын атап айтты. Жергілікті атқару органдардың ендігі міндеті – қаланың ішіне газ тарту. Мәселен, жобаның алғашқы кезегінде көгілдір отынды газ бөлетін желілер арқылы 1-інші, 2-нші, 3-жылу беру орталықтарына, «Көктал-1», «Көктал-2» ықшам аудандарына, Теміржолшылар кентіне, Оңтүстік-Шығыс (оң және сол бөлігі) ықшам ауданына беру жоспарланған. Бірінші кезең аяқталған соң, 13,5 мың үйдің тұрғындары үйлеріне газ тарта алады. Екінші кезекте Мичурин, Интернациональный, Күйгенжар, Тельман, Пригородный, Garden Village, Family Village тұрғын үй алаптарына газ тартылады. Ал үшінші кезекте Ильинка, Шұбар, Өндіріс тұрғын үй массивтері газ құбырына жалғанады.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды