«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Сәні кеткен саябақтар

0 31

Елорда әкімі Алтай Көлгінов ­5 шіл­де күні өзінің фейсбуктегі парақ­шасында бас қалада 10 саябақтың қараусыз қалғанын, осыған орай аудан әкімдеріне шұғыл түрде саябақтарды балансқа алып, қалпына келтіру туралы тапсырғанын айтыпты.

Бүгінде Нұр-Сұлтанда жалпы ауданы 400 гектар болатын 15 саябақ, 30 гектар 4 желекжол, 132 гектар 90 гүлбақтары бар көрінеді. Сондай-ақ 92 гектар аумақты Ботаникалық бақ алып жатыр. Былтырғы дерек бойынша аталған жер телімдерінде 369 мың ағаш, 4891 қума метр бұталы шарбақ отырғызылған. Дегенмен саябақтардың кейбіреулерінің әлі күнге дейін меншік иелерінің анықталмауы көптеген келеңсіздіктерге себеп болып отыр.

Мысалы, бас қаладағы саябақтардың ішіндегі ең ірісі – Президенттік саябақ. Ол 2007 жылы астананың он жылдық мерейтойы­на орайластырылып ашылған болатын. Саябақтың аумағы 80 гектарды құрайды, мұнда жасанды бұлақтар, субұрқақтар мен гүлзарлар орналастырылған. Биіктіктен қарағанда саябақтың кіндік тұсында ертегілер әлеміндегі Самұрық құстың кескінін көреміз.
Саябақтың орналасқан жері жақсы болғанмен, (Есілдің жағасы, ойлы-қырлы ландшафт, қарсы бетте Бейбітшілік және келісім сарайы (Пирамида), оны көпшіліктің көзайымына айналған мекен деп айта алмайсыз. Өйткені жасыл алқаптың күйі кеткен, күтімі нашар. Көктем туа демалыс аймағындағы электр желісін біреулер кесіп кетіп, содан бері мұнда жарық жоқ. Түнгі мезгілде саябақтың іші көзге түртсе көргісіз тас қараңғыға жасырынып, ол кезбелер мен маскүнемдер мекеніне айналады. Саябақтың күндізгі кейпі де жетісіп тұрған жоқ. Шөбі шабылмайды, әрдайым қағаз, полиэтилен пакеттер, құтылар, басқа да көр-жер шашылып жатыр. Қоқыс қораптары үнемі толып тұрады, олар сирек ауыстырылып, тазартылады.
– Мен 5 жылдан бері «Ағылшын орамында» тұрамын. Күнде таңертеңгілік осында келіп, 1-2 сағат серуендеуді ұнатамын. Өйткені ауасы таза, жұрт аяғынан тысқары. Ешкім бөгет жасамай, таңғы серуенде өз ойыңа өзің шомып жүрген қандай жақсы! Бірақ, саябақ ішінің ластығы жадыраған көңіліңді құлазытып тастайды. Тағы бір байқағаным: мұнда түрлі жан-жануардың мүсіндері орнатылған, соның ішінде доңыз­дың мүсіні көп. Неліктен? Қазақ доңызды лас хайуанға санаған, одан жиіркенген, саябаққа не себептен доңызды қаптатып қойғаны маған түсініксіз?! Бұл қазақи психологиядан бейхабар біреудің ісі ме деп налисың іштей, – дейді 65 жастағы қала тұрғыны Кәдіржан Оңғарбаев.
Сонымен бірге, қала саябақтарында жалпыға бірдей орнатылған тәртіп те жоқ. Саябаққа кіреберіс қақпаның есігіне иттерді серуендетуге болмайды деп жазып қойған, бірақ оның ішінде ит жетектегендер көп. Рас, олардың кейбіреулері «төртаяқтыларына» тұмылдырық кигізіп, қалақ, сыпырғышын ала жүреді, бірақ көпшілігі бұл ережені ұстанбайды. Иттер саябақтың қалаған жерін арамдап кете береді. Сондай-ақ адамдардың өздері де тамақ ішкен жерлерін «жайратып» кетеді. Оларға «қой дейтін қожа», «әй дейтін әже» жоқ. Қоғамдық тәртіпті күзететін полицияның олармен шаруасы шамалы. Өздері ыстықтан қорғанып, үйшіктерінен шығуға ерінетін сияқты. Жалғыз Президенттік қана емес, Нұр-Сұлтандағы қараусыз қалған басқа да саябақтардың жағдайы осы.
Сондай-ақ саябақтарда жасыл желектерді күтіп-баптау технологиясының дұрыс сақталмауынан туындайтын кемшіліктер де аз емес. Мәселен, былтырдан бастап елордадағы 6 саябақ пен гүлбақтарының жай-күйіне тексеріс жүргізген С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің мамандарының айтуынша, асфальтталған көшелер, декоративті жарықтандыру сияқты қалалық өркениеттің көріністері табиғи жарық-ауа алмасу режимінің бұзылуына кері әсер етіп, жерасты сулары мен топырақтың ластануына әкеліп соқтырады. Соның салдарынан жасыл желек тез тозып, шаң-тозаңды, газдарды, ауыр металдарды нашар ұстайды. Университет мамандарының ландшафты-экологиялық тексеріс жұмыстары үш жылдық мерзімге жоспарланып, «Арай», Б.Момышұлы және Ж.Жабаев атындағы саябақтарды, «Президенттік» (Жәнібек пен Керей көшесі бойындағы), «Шахматшылар», «Ислам мәдени орталығы» гүлбақтарын талдауды қамтыған.
«Жолдың бойына отырғызылған қылқан жапырақты ағаштар көп зардап шегеді. Көше қозғалысы неғұрылым жиі болса, шырша, қарағай соғұрлым тез семеді. Талдарды бірнеше қатар етіп отырғызу тәсілін қолдану – алдымен бұталарды, сосын жапырақты, үшінші қатарға қылқанды ағаштарды отырғызу керек. Қарағай мен шыршалар жапырақты ағаштардың тасасында өскені дұрыс, – дейді университеттің Экология кафедрасының доценті Ақмарал Перзадаева.
Сөз соңы. Бүгінде қала әкімі А.Көлгіновтың тапсырмасы бойынша, қалалық саябақтардың меншіктік тәуелділігі анықталып, оларды аудандық бюджеттің балансына алу мәселесі шешіліп жатыр. Бұл жайт шешілгеннен кейін жоғарыда айтылған кемшіліктер жойылып, саябақтарды дамыту жоспары нақты жүзеге асырылады деген үміттеміз.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды