-->

СӘН САЛТАНАТЫ

ЭКСПО көрмесінің аясында қала әкімдігі де түрлі қызықты шаралар ұйымдастырып келеді. Солардың бірі қазақстандық дизайнерлердің қатысуымен өтетін «Expo Fashion Fest» сән фестивалі болмақ.

Сән салтанаты бүгін «Бәйтерек» монументінің алдындағы алаңда сағат 12.00-21.00 аралығында өтеді. Отызға жуық отандық дизайнер өз туындыларын көпшілік назарына ұсынатын болады. Ал келушілер алаңда орнатылған көрме залында киім-кешекті киіп көріп, ұнағанын сатып алу мүмкіндігіне ие болады.

Түскі сағат төрт-бестің кезінде белгілі имиджмейкер Жанна Ахметова стиль бойынша тегін шеберлік сыныбын өткізеді. Ал бет әрлеу­шілер мінсіз макияж жасау құпияларымен бөліседі. Визаж сабағына сағат 17.00-18.30 аралығында қатысуға болады.

Фестивальдің шарықтау шегі танымал дизайнерлердің ашық аспан астында өтетін сәнді киімдер көрсетілімі болмақ. «Expo Fashion Fest» шарасында SAMIDEL, DeGuise, AYANA style, Avventurista, Ainel және Zhamili Kapanova ұлттық брендтері соңғы киім үлгілерін паш етеді. Көрсетілім кешкі сағат жетіден басталып, екі сағатқа дейін жалғасады.

Фестивальді тамашалау­ға жиналған қауым сәнді киім көрсетілімінен басқа еліміздің эстрада әртістері мен би ұжымдарының қатысуымен өтетін ойын-сауық бағдарламасын тамашалайды. Сондай-ақ, олар сәнгерлер ұйымдастырған сыйлықтар мен жүлделер ұтысына қатысады.

Гүлдана ТАЛҒАТҚЫЗЫ

Жауап қалдыру

Сіздің email-адресіңіз жарияланбайды.Қажетті өрістер таңбаланған *

*