«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

«Самұрық» оқырмандарға жол тартты

0 29

Елордада «Самұрық» республикалық әдеби-мәдени көркем журналының алғашқы саны жарық көрді. Құрылтайшысы Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі болып отырған басылымды Жазушылар одағының қалалық филиалы қолға алды. Бұдан былай үш айда бір шығатын журналдың таралымы 1000 дана болмақ.

Басылымның бас редакторы, белгілі ақын, Жазушылар одағының Нұр-Сұлтан қалалық филиалының төрағасы Дәулеткерей Кәпұлының айтуынша, журнал бетінен елорданың әдеби кеңістігіндегі тың жаңалықтарды, соны туындыларды оқуға болады. Басылым ұлттық әдебиеттің классикалық туындылары мен осы заманның үздік шығармаларын, эстетикалық-сыни ойдың озық үлгілерін оқырманмен қауыштыруды көздейді. Алыс-жақын шетелдегі авторлардың, еліміздегі көрнекті қаламгерлер мен жас ақын-жазушылардың мінбері болмақ.
Төралқасына Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Ұлықбек Есдәулет пен Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов кірген басылымның ақылдастар алқасы Әкім Тарази, Әнес Сарай, Сейіт Қасқабасов, Төлен Әбдік бастаған қабырғалы қаламгерлер мен ғалымдардан құралды.
Журналдың тұсаукесер санында академик Сейіт Қасқабасов­тың «Ұлы дала фольклоры» еңбегі, тарихшы ғалым Жамбыл Артықбаевтың «Бозоқтан байтаққа» зерттеуі, жазушы Әлібек Асқаровтың «Тарғыл таулар, бұйрат белдер» шығармасы, ақын Жанат Әскербекқызы аударған әзербайжан ақыны Афаг Шихлының өлеңдері, испан ақыны, аудармашысы Хорхе Хусто Падронның қазақ поэзиясының антологиясы туралы пайымы, биыл сексеннің сеңгіріне шыққан тарихшы, жазушы Қойшығара Салғараұлының «Өткеннен қалған бір белгі» толғанысы, т.б. авторлардың туындылары топтастырылды.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды