«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Самұрық бейнесіндегі субұрқақты саябақ

Астана айшықтары

0 51

Уақыт өткен сайын қала көлемі ұлғайып, Астана қарқынды дамып келеді. Әрине, әсем қала алыстан көз тартар сан алуан ғимараттарымен ғана емес, субұрқақтарымен, гүлзарларымен, жайқалған жасыл аллеяларымен, сол сияқты саябақтарымен де сәнді.

Онсыз көрікті қаланың көрнісін елестету қиын. Елордада жасыл желекпен көмкерілген демалыс орындары аз емес. Солардың бірі һәм бірегейі – Президент саябағы. Бұл саябақ Керей мен Жәнібек хандар және Әлихан Бөкейхан көшелерінің қиылысында, Бейбітшілшік және келісім сарайының аумағында орналасқан. Онымен қоса, жыл бойы түрлі мәдени шаралар өтіп тұратын қаладағы ерекше ғимараттардың бірі Назарбаев орталығы да аталмыш саябақтың тура жанынан орын тепкен.

80 гектар жерді алып жатқан саябақта биыл 500-ден аса тал мен 300-ге жуық жаңа орындық пайда болды. Бұдан бөлек негізгі қақпа мен екі субұрқақ аумағы және саябақтың кіреберістері жаңартылды. Бұл – Тұңғыш Президент қорының елорданың 20 жылдық мерейтойына тартуы болды. Енді ондағы сібір шыршасы, таулы қарағай, казак аршасы, дала бадамы қала саябағын одан әрі ажарландыра түспек. Сонымен қатар, саябақ аумағының әр жерінде бір жылдық гүлдер де жайқалып тұр.

Келушілерді әдемілігімен ғана емес, тазалығымен де баурай түсетін саябақтағы орындықтардың жанында жаңа қоқыс жәшіктері де көптеп орнатылған.
Президент саябағында күні кешке дейін серуендеп, көрікті демалыс орнын қызықтайтындардың қатары қалың. Бұл жер ересектермен қатар балаларға да өте жайлы. Мұнда балғындардың асыр салып ойнауы үшін барлық жағдай қарастырылған. Уақытты көңілді өткізіп қана қоймай, спортпен айналысуға да мүмкіндік мол. Балалар және спорт алаңдары да бар.

Ал саябақты үстіңгі жағынан тамашаласаңыз, ерекше пішіндегі субұрқақтан ертегі құсының бейнесіндегі Самұрықты байқауға болады.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды