«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Сәлкеннің аудармасы

0 107

ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында сирек кітаптар мен қолжазбалар көп-ақ.

1928-1941 жылдары қазақ жазу үлгісі латын графикасында болғаны белгілі. Сол уақытта қазақ ғылымы мен әдебиеті шарықтап, даму үрдісі үдей түскен. Көптеген ауыз әдебиеті үлгілері жиналып, кітап болып оқырманға жол тартқан.
Бұл қатарда шетел әдебиеті де аз емес. Әсіресе, Еуропадан келген балалар әдебиеті қазақ тіліне аударылып отырды. Атап айтсақ, Марк Твеннің «Том Сойердің басынан кешкен оқиғалары», Виктор Гюгоның «Гаврошы», Рудольф Эрих Распенің «Мюнхаузеннің басынан кешкен қалдері», т.б.
Қазақ тіліне аударылған Р.Рас­пенің «Мюнхаузеннің басынан кешкен қалдері» кітабы 1935 жылы Алматы қаласындағы Қазақстан көркем әдебиет баспасынан шықты. Орыс тіліне Корней Чуковский аударған кітапты қазақша сөйлеткен – Сәлкен Балаубаев, суретшісі – Густав Дорэ.
Бірақ кітапта Сәлкен деген ақпарат қана беріліп, тегі Балау­баев екендігі көрсетілмеген. Мұның себебі аудармашы «халық жауы» деген атқа ие болып, еңбектері жо­йылып, басы айдауда болған. Қазіргі таңда аталған аударма еңбектің өзі ұрпаққа жеткен үлкен мұраның бірі болып отыр.
Сәлкен Балаубаев – Қазақстан ғалымдары арасындағы әйгілі тұлғаның бірі. Ол ұлттық педагогика мен психологияны да­мы­туға үлкен үлес қосты, латын әліпбиіне негізделген қазақ грамматикасының дамуына қа­тысты. Қазақ психология ғы­лымының қалыптасуында өзін­дік орны бар көрнекті психолог­тарымыздың бірі. Өз заманында психология және педагогика бойынша қазақ тілінде оқулықтар жазған. Сондай-ақ аудармамен айналысып, поэзия ауылына да арагідік соғып тұрған. Кезінде Орта Азия мемлекеттік университетін бітірген.
Сәлкен Балаубаевтың тағдыры өте қайғылы. 1937 жылдың қараша айында ғылыми-педагогикалық білім беру қызметі күтпеген жерден үзіліп, 20 жылға қамауға алынады. «Халық жауы» атанып, «Алаш» партиясының мүшелерімен байланысы бар деп айыпталып, қуғын-сүргінге ұшырады. Қорымызда аудармашының осы бір аударма кітабы ғана қалған. Қазақ сөз қолданысында біздің тілімізге еніп кеткен «оқиғалары» деген сөздің орнына «қалдері» деген сөзді қолданған. Бұл сөз бүгінгі таңда архаизмдер қатарына енген сөздер секілді қабылданады.

Мөлдір БАЙМАХАНБЕТОВА,
ҚР Ұлттық академиялық кітапханасы
«Кітап» мұражайының меңгерушісі

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды