«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Салафилік-уаһабилік ағым қоғамға аса қауіпті

0 138

Дін – кез келген қоғамның ажырамас бөлігі. Жүрегі бар жұмыр бастының бір Жаратушының барына сенері хақ. Бұл орайда қазақ жұрты ата-бабаларымыз ұстанған Әбу Ханифа мәзһабынан алыстамай, Исламның таза, асыл, ақиқат жолын ұстанады. Десе де, мұсылмандардың тыныштығына және ауызбіршілігіне сызат түсіргісі келетін деструктивті, радикалды мақсаттағы жандардың бары тағы рас. Осы мәселе төңірегінде біз белгілі исламтанушы ғалым Ершат Оңғаровтан алған аз-кем сұқбат алған едік.

– Қазір еліміздегі дін саласында қоғамға залалды, шешімі табылмай келе жатқан қандай проблеманы атар едіңіз?

– Негізінде бұл тақырып төңірегінде сөз қозғағанда Қазақстандағы діни ахуал тұрақты деп айта береміз. Расында, тұрақты. Алайда, соңғы жылдары еліміздің аумағында дәстүрлі емес діни ағымдар мен секталардың көбейіп кеткенін жасыруға болмайды. Олардың басым көпшілігі Ислам атын жамылған және протестанттық прозелитистік ағымдар.

Еліміздің рухани тұтастығын сақтағымыз келсе, осы ағымдардың канондық-доктриналық һәм агитациялық ерекшеліктерін екшеу өте өзекті.

Тарихта дәстүрлі Ислам шеңберінен шығып кетуші ағымдар аз болмаған. Олардың көпшілігі уақыт көшіне ере алмай жойылып кеткенімен, идеологиялық сарқыншақтары осы күнге дейін сақталып қалды. Оның дәлелі – теріс пиғылды ағымдар дәстүрлі Ислам доктринасына, ұлттық ауызбіршілігімізге сұрқиялықпен сына қағып, қоғамда бүлік тудыруда.

    –Мәселен, қандай радикалды ұйымды атар едіңіз?

– Атап айтайық, Қазақстан аумағында сот арқылы тиым салынған 23 лаңкестік және экстремистік ұйымдардың ішіндегі «Такфиризм» тобының «төркіні» – салафилік-уаһабилік ағым қазіргі қоғамға аса қауіпті.

Сарапшылар бұл ағым өкілдерінің бүгінгі күнде үш топқа бөлінгенін айтады: тәкпіршілдік, суруриттік, мадхалидтік. Осы үш топтың саяси көзқарастары әртүрлі болғанымен негізгі діни сенімдерін қалыптастырған көсемдері мен ғалымдары, оқитын кітаптары, ұстанатын ақидалары бір. Олар ақидаларының негізі ретінде Ибн Таймияның концепцияларын қолданады.

Ибн Таймия – 1263 жылы солтүстік Сириядағы Харранда дүниеге келген. Ол – салафизм ағымының негізін қалаушы. Ислам ғұламалыры бірауыздан қабылдаған қағидаларға қарсы келіп, дін негіздеріне жататын «Таухид» ілімін «улухия», «рубубия» және «асма уа ас-сифат» деп үшке бөлуді негіздеп, шектен тыс әрекетке барған. Алайда, бұл негіздерді Ислам ғұламалары бірауыздан теріске шығарғандығы мұқым мұсылман әлеміне мәлім. Бұл жөнінде саудиялық замандасымыз, шейх, доктор Омар Абдулла Камил «Калиматун хадиятун фи баяни хатаи ат-тақсим ас-суласии лит-Таухид» (Таухидтті үшке бөлудің қателігі жөніндегі трактат) атты еңбегінде жан-жақты дәйектеп жазған. Автор таухидтың «Улухия» (тәңірлік), «Рубубия» (жаратушылық) бөліктерінде тартыс жоқ екенін, алайда «Асма уа ас-сыфат» (Алланың есім және сипаттары) бөлігінде салафилер шатасатынын жеткізген.

    – Ибн Таймияның идеологиясы дәстүрлі дініміздің кез келген жамағатының алдынан шығуы мүмкін ғой…

– Әрине. Мысалы, Ибн Таймия Құран Кәрімдегі «Мүтәшабиһ» астарлы аяттар мен астарлы мағынадағы хадистерді тікелей, сөзбе-сөз мағынасында түсінуге үндеген. Мысалы, ол «Түннің үшінші бөлігінде құлшылық еткен пендеге Алланың мейірімі түседі» деген мағынадағы хадисті «Алланың өзі түседі» деп, қате түсіндіреді. Сунниттік (Аһлі ас-сунна уал-жамағат) ақида бойынша Алла тағаланы «түсу», «бір орыннан екінші жерге қозғалу», «ұйықтау», «демалу» сияқты адами, антропологиялық, жаратылысқа тән сипаттармен сипаттауға тыйым салынған. Мұндай сипаттар Алла Тағала хақында кемшілік болып табылады. Бұл негіз Құран Кәрімнің: «Оған ұқсайтын нәрсе мүлде жоқ!» («Шура» сүресінің 11-аяты), «Алланы ештеңе ұқсатпаңдар» («Нахл» сүресінің 74-аяты), «Алла тағаланың еш теңдесі жоқ» («Ықылас» сүресі, 4-аяты) секілді аяттарынан алынған.

Бұл тұрғыда бір тарихи деректі келтіре кетейін. Әйгілі араб саяхатшысы Ибн Баттута (ХІV ғ.) өзінің «Тухфату ан-нузар фи ғараиб ал-амсар уа аджаииб ал-асфар» деген кітабында радикалды ойларымен танымал болған Ахмад ибн Таймияның Дамаск қаласындағы уағызын тыңдағанын, сол жерде орын алған оқиғаға куә болғанын былай жеткізеді: «Ибн Таймия «Алла түннің үшінші бөлігінде бірінші аспанға осылай түседі» деп, мешіт мінберінің баспалдақтарынан төмен түсті. Сол кезде Ибн әз-Заһра атты Мәлики мазхабының фақих ғалымы орнынан тұрып, оның бұл сөзі дұрыс еместігін, исламға қайшы екенін айтты. Мешіт жамағаты наразылық танытты. Соңында, жамағат оны (ибн Таймияны) аяқ киімдерімен ұрып, мешіттен қуып шықты…». Сондай-ақ Ибн Баттута аталмыш кітабында сол замандағы Мысыр патшасы ән-Насыр Жоғарғы Сот шешімімен Ибн Таймияны экстремистік ойлары үшін Каирдегі Цитаделде орналасқан түрмеге қамағанын және оның сол қамауда жатып өлгенін жазған.

– Ислам дінінде экстремизмге жол жоқ. Бүгінде салафизм өкілдерінің ата-бабаларымыз ежелден тұтынған, атадан балаға, ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқан Қазақстан Республикасындағы дәстүрлі жол – Исламның Ханафи мазхабындағы канондық нормаларды жоққа шығарулары, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы бекіткен тәртіпке бағынбай, мешіттерде бүлік тудырулары экстремистік сипатқа саяды. Ал қару көтеріп, қан төгулері – ең ауыр қылмыс, террорлық әрекет. Осы орайда, асыл дініміздің қағидаттарына негізделген дүниелерді әңгімелеп бере аласыз ба? Екеуінің айырмашылығын оқырмандарымыз барынша ұғынғаны жөн.

– Өте дұрыс. Ислам діні – этностар мен халықтар арасында тыныштық пен бірлік һәм ынтымақты қалыптастыруды мақсат етеді. Алланың 99 көркем есімдерінің бірі «Ас-салам» – «тыныштық», «бейбітшілік» дегенді білдіреді. «Ас-салам» мен «Ислам» сөзінің араб тілінде «тыныштық, бейбітшілік» мағынасын білдіретін «силм» түбірсөзінен шығатыны біраз сырды аңғартса керек. Әрбір мұсылман бір-біріне «Ассаламағалейкум!» деп амандық, тыныштық тілеп сәлемдеседі.

Шынайы мұсылман адамның еш уақытта лаңкес, террорист болуы мүмкін емес. Өйткені Қасиетті Құранда «Кімде-кім шаң тозаңындай жақсылық жасаса, соның (сауабын алады), кімде-кім шаң тозаңындай жамандық жасаса, соның жазасын тартады» («Зилзала» сүресі, 7-8 аяттар) деген қағида бар. Егер сен тозаңның салмағындай теріс іс жасасаң, соған жауап бересің дегенді білдіреді. Құранда бір адамды өлтіру бүкіл адамзатты өлтірумен бірдей деген аят та бар. Ибн Аббас деген сахаба қасақана адам өлтіруші мәңгілік тозақта қалады дейді.

    – Әңгімеңізге рақмет!

Айгерім СЕЙТМАТОВА

 

 

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды