«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Сайлауға қатысты түсіндіру шаралары басталды

0 77

Кеше Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігінде ел Президентін кезектен тыс сайлауын ұйымдастыру және елорданың сайлау учаскелерінде азаматтарды тіркеу мәселелері бойынша арнайы жиын өтті.

Бас қаламызда арнайы іріктеліп алынған 800 ерікті және полиция қызметкерлері сайлау­ға қатысты түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Олар 15-29 сәуір аралығында әкімдіктің мөрі басылған арнайы бейджиктер арқылы сағат 18:00-ден 23:00-ге дейін, ал демалыс күндері сағат 11:00-ден 18:00-ге дейін Полиция департаментінің қызметкерлерімен бірге үй аралайтын болады. Тәртіп сақшысымен бірге түсіндіру жұмыстарын өткізу түрлі алаяқтықтың алдын алуға септігін тигізбек.
– Елордада 304 сайлау учаскесі бар. Біздің есебіміз бойынша Нұр-Сұлтанда 600 мыңға жуық дауыс беруші бар. Алайда бұл нақты сан емес екенін айтуға тиіспіз. Сайлау күні қарсаңында нақты қанша елордалықтың дауыс бере алатыны жайлы хабарлаймыз. Ал өзге өңірлерден келіп, уақытша тіркеліп, жұмыс істеп жатқандар заңды негізде аудандық әкімдіктерге хабарласып, өз өтініштерін қалдыруына болады. Біз ол тізімді алып, аймақтарға жібергеннен кейін өз учаскелерімізге қосамыз, – деді Нұр-Сұлтан қаласы әкімі аппараты басшысының орынбасары Азамат Ахмеджанов.
Еріктілер өз кезегінде тұрғындарды нақты тұратын жерін көрсете отырып, қайта жазады және жеке тұлғалар туралы мемлекеттік деректер базасымен салыстырады. Бұл деректер аудандық әкімдіктерде жинақталып, сайлаушылар тізіміне түзетулер енгізіледі.
Ал сайлаушылардың тізімін нақтылау мақсатында қалалық әкімдік бірнеше мәселені қарастырып отыр. Мұның аясында сайлау­шы өзінің сайлау учаскесі туралы мәліметтерді IKomek бірыңғай байланыс орталығының 109 телефонына хабарласу арқылы ала алады. Сол секілді Smart Astana мобильдік қосымшасы, Telegram әлеуметтік желісіндегі @smartastana_bot чат-боты арқылы, ал 18 сәуірден бастап astana.gov.kz сайтынан, мекенжай деректерін енгізу арқылы қаланың электрондық картасында сайлау учаскелерін көруге болатын maps.astana.kz геопорталынан ақпарат алуға болады. Сондай-ақ 24 сәуірден бастап Whatsapp messenger және Instagram әлеуметтік желісінде арнайы қызметтер іске қосылады.
– Кез келген тұрғын сайлау­шылар тізіміне ену үшін оның тұрғылықты жері бойынша тіркелуі негіз болып есептеледі. Мекенжайлық ақпаратты тіркеу, түзету және тексеру үшін egov.kz электрондық үкімет порталына, «Азаматтық, миграция және иммиграция», «Халықты тіркеу және тіркеу есебінен алып тас­тау» бөліміне немесе «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясына хабарласуға болады, – деп түсіндірді А.Ахмеджанов.
Бұл – қала тұрғындарының сайлауға қатысуын толық қамтамасыз етіп, халықты хабардар ету үшін атқарылып жатқан шаруа.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды